Армиядағы батыл әйелдер

Армиядағы батыл әйелдер

Жуырда ақпарат құралдары аға лейтенант Ардана Ботайдың дыбыстан жылдам ұшатын әскери ұшақтың экипаж командирі болғанын жарыса жазды. Оны қазақтан шыққан тұңғыштардың қатарына қосқаны бар. Өйткені бұрын-соңды қазақ қыздары әскери ұшақ командирі болмапты. Ал армия сапында түрлі мамандық игерген әйелдердің қатары артып келеді.

Жалпы, әйелдердің әскери салада қызмет етуі таңсық дүние емес. Екінші дүниежүзілік соғыста мергендер де, пулеметшілер де, ұшақ штурмандары мен борт-механиктері де болған. Оларды әлі күнге мақтан тұтатынымыз бар. Ал заманауи әскердің қатарында ең­бек етіп жүрген әйелдерді біле бер­мейміз. Бәлкім, содан да шығар әлде Қарулы Күштер имиджін кө­теру мақсатында ма, әйтеуір Ар­дана Ботайдың экипаж командирі болғанын масс-медиа қуана ха­бар­лады. Бұл оқиғаның елдегі ген­дерлік саясатпен үйлесетін тұстары да, жастарға мотивация беретін жағы да бар. Шынында да, Су-30СМ тәрізді ұшқыр ұшақты тіз­гіндеген алғашқы әйел заты ретін­де айрықша астары да бар әрі Қа­рулы Күштерде қыз-келіншек­тердің бұрын ер-азаматтар ғана үстемдік құрған салаларға дендеп ене бастағанын көрсетеді.

Ол – жалғыз

Негізі, Ардана Ботайды мақтан тұтуға һәм үлгі етуге болады. Өйт­кені ол Қазақстан Қарулы Күш­те­ріндегі жалғыз әскери ұшқыш. Ал ол тізгіндеген Су-30СМ көп­функ­ционалды жойғыш ұшағы 4++ буынына кіретін заманауи құрал әрі дыбыстан жылдам ұша­ды. Ал мұндай күрделі техниканы басқару оңай емес. Сондықтан да болар, Әуе қорғанысы күштерінің қолбас­шысы, генерал-лейтейнант Нұр­лан Орманбетов Ардананың әске­ри даярлығына жоғары баға берді. «Қазақстан Қарулы Күш­те­рі­нің тарихында алғаш рет СУ-30СМ әскери ұшағының экипаж коман­дирі болып әйел адам ұшты. Оның жақсы даярлығын, ұшқыш ретінде еліміздің әуе кеңістігін қорғау жо­лындағы тапсырмаларды жоғары деңгейде орындайтынын әрі үздік болуға тырысатынын атап өту ке­рек. Ол әйелдердің әскери авиа­циа­да ерлермен қатар күрделі тап­сырмаларды орындай алаты­нын дәлелдеді», – деп атап өтті генерал. Осы тұста атап өтер жайт, әс­кери ұшқыш болу оңай іс емес. Бір ұшақты тізгіндеген адам бірден екіншісіне міне береді дейтін ұғым тағы жоқ. Міндетті түрде даярлық­тан өтуі керек. Айталық, А.Ботай Қарағандыдағы авиабазада қызмет етсе, Су-30СМ ұшағын тізгіндеу үшін бірнеше ай бойы Талды­қорғанда арнайы дайындықтан өтті. Дайындықсыз ұшқыр ұшақты басқарып кету оңай емес. Сәл ағаттық апатқа ұрындыруы мүмкін. Әсіресе, Су-30СМ тәрізді тым жыл­дам ұшатын, маневр жасау қа­білеті де өте жоғары ұшақты бас­қару үшін ұшқыш алдымен штур­ман болып ұшады. Оның өзінде алдын ала бірнеше ай бойы тео­риялық даярлықтан өтіп, жердегі жаттығу құралдарында ұшақты басқарады. Содан соң ғана экипаж командир болып ұшады. Сон­дық­тан Ардана Ботай өз арманына жету үшін барын салса керек. «Су-30СМ ұшағын өз бетімше басқарып, ұшуым – кәсіби қалып­тасу жолымдағы ең үлкен қадам­дардың бірі. Қазір алдыма нақты масқат қойдым. Ұшақты басқару машығымды жетілдіріп әрі қарай оны жердегі, аспандағы нысана­ларға қарсы пайдалануға, топпен ұшуға рұқсат алу үшін дайын­ды­ғымды жалғастыра беремін», – дейді Ардана Ботай. Оның сөзінен ұққанымыз, ұшқыш қыз әзірге ұшақты басқаруға ғана рұқсат алған. Алда бірқатар даярлықтан өткен соң атыс қаруын қолданатын әскери жаттығуларға жіберілуі мүм­кін. Кім біледі, күндердің кү­нінде әскери шерулерге қатысып, ел астанасының көгінде самғайтын шығар.

Қыз-келіншектердің барлығы байланысшы немесе санитар емес

Рас, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қыз-келіншектердің әскер түрлерінің барлығында дерлік болған. Бірақ көбі әскери дәрігер, байланысшы болғаны да жасырын емес. Ұшқыштар, мергендер мен пулеметшілер де болғаны тарихтан белгілі. Ал заманауи әскерде қазір қыз-келіншектер барлық дерлік салада қызмет етеді. Қарулы Күш­тердің жылт еткен жақсылығын теруді бастадық қой, ендеше Қа­зақ­стан әскерінде ерекше қызмет атқаратын әйелдер жайлы одан әрмен айтайық. Жалпы, әзірге тікелей армия сапынан генерал шенін алған әйел жоқ. Алайда генералдықтың табал­дырығына, яғни полковник ше­ні­не жеткендер бар. Мәселен, пол­ков­ник Гаухар Сырлыбаева бүгінде әскери комиссар ретінде қызмет атқарып келеді. Ол 2016 жылдан бері Алматы қаласы Алатау ауданы Қорғаныс істері басқармасының басшысы қызметін атқарып келеді. Ал полковник Диля Ахметова Қа­зақстан атынан БҰҰ-ның Ли­ван­дағы уақытша күштерінің құра­мында штаб офицері ретінде жұ­мыс істеген. Әрине, ол халық­ара­лық миссияға аттанған 2019 жылы оның шені подполковник еді. Қазір Қорғаныс министрлігі Бі­тімгерлік даярлық орталығынының басқарма басшысы ретінде қызмет атқарып жүр. Демек, бері айтқанда Қарулы Күштерде полковник ше­ніне жеткен екі әйел бар деген сөз. Айтпақшы, подполковник де­ген­нен шығады, дәл қазір Қа­зақ­станның халықаралық миссия­ла­рының құрамында тағы бір әйел офицер жүр. Ол – Сәбина Мұрза­линова. Ол қазір Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясының құрамында қызмет етіп жатыр. Ол биыл нау­рызда Африкаға кеткен. Алайда ол Батыс Сахараға барған алғашқы әйел-офицер емес. Қазақстан армиясындағы қыз-келіншектер арасынан алғаш рет БҰҰ миссия­сына 2018 жылы майор Шолпан Тауишова қатысқан. Ол Батыс Сахарада бір жыл қызмет еткен еді. Ал 2019 жылы оны капитан Айжан Жасұзақова алмастырды. Байқа­саңыздар, БҰҰ-ның Батыс Саха­радағы миссиясына әйел офицер жіберу 2018 жылдан бері үзілмеген. Мұның өзі армиядағы әйелдердің түрлі салаларды жақсы меңгергенін көрсетсе керек. Әрине, әскерилер өздерінің құпияларын ашпайды. Бізге оның қажеті де жоқ. Отанның өзге біл­мейтін сырларының сақталғаны жақ­сы. Сондықтан снайпер, ІТ ма­маны, арнайы мақсаттағы күш­тер­дің офи­цер­лері тәрізді ма­ман­дық алған қыз-келіншектердің жайын Қор­ға­ныс министрлігінің шен­ді­ле­рінен сұрамадық. Бірақ ар­мия­да тағы бір қызық кәсіптің иесі бар. Ол – мехник жүргізуші. «Куб» деп аталатын зениттік-зы­мыран кешені атыс қондырғы­сының жүргізуші-механигі Анар­гүл Ақыбиева 20709 әскери бө­лімінде қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, зенитші. Ол ел аспанын күзетіп жүр. Ал Айгүл Түсіпбекова 31775 әскери бөлімде зымыран-артил­ле­риялық қаруларға қызмет көрсету взводының токары болып еңбек етеді. Демек, ол зеңбіректер мен зы­мырандардың бұзылған жерін жөндейді деген сөз.  

Ардақ СҰЛТАН