3 кітапхана қайта құрылады
3 кітапхана қайта құрылады
302
оқылды

«Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы жа­нындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесі мен кәсіпкерлікті, инновацияларды, ақпараттық технологияларды және креативті индустрияны дамыту жөніндегі мәслихаттың тұрақты комиссиясының біріккен отырысы өтті.

Отырыс барысында партияның Алматы қаласы бойынша сай­лауалды бағдарламасы Жол кар­тасының орындалуы талқыланды. Оның іске асуы нұротан­дық­тар­дың жіті бақылауына алынған. Өз кезегінде Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бас­шысы Ғани Майлыбаев Жол кар­тасының 8-тармағы: «қаланың бар­­лық аудандарында мәдени ин­фра­құрылым және креативті жобаларды қолдау ретінде креа­тивті хабтар құру», 10-тармағы: «кі­тап­ханаларды шығармашылық даму орталықтарына айналдыру арқылы тегін шығармашылық үйір­мелер мен коуоркинг орта­лық­тар санын арттыру» мәселелері бойынша баяндама жасады. Бас­қарма басшысы ALATAU CREATIVE HUB орталығы балаларға арналған 25 тегін шы­ғармашылық үйірме, коуоркинг кеңістіктер және шеберлік сабақтарына ар­налған алаңдармен жабдықтал­ға­нын айтты. Сондай-ақ биыл жал­пы ауданы 4 408,2 шаршы ме­трді құ­рай­тын 3 қалалық кітапхана қайта құрылымдалатынын жет­кізді. Сонымен қатар Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықов аталмыш тармақтар бойынша қоғамдық сараптама жүр­гізіп, баяндама жасады. Нәти­жесінде, кеңес мүшелері шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, кітап­ханаларды модернизациялау және креативті хабтар ашу бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айт­қанда, Hub алаңында ком­мер­ция­лық қызметтерді жүргізу, шағын және орта бизнеспен байла­ныс­тыру және туристік нысандарға ай­налдыру бойынша ұсыныс жасалды. – Бизнес саласының өкілі ре­тінде айтатын болсам, Hub өздігі­нен ақша табу керек және осы ар­қылы мемлекеттің бюджетін үнемдейтін боламыз. Бұл тұрғыда заңнамалық құжаттарға өзгеріс енгізу сұрақтарын қарастыру керек,– деді филиал жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіп­керлікті қолдау жөніндегі қоғам­дық кеңестің төрағасы Қайрат Құдайберген.

Әбілмансұр ЖАСАН