Месси, қайда барасың?!
Месси, қайда барасың?!
Фото: anews.com
306
оқылды
Иә, мұндай риторика мәндес сұрақ қоюға себеп бар. Өйткені Лионель Месси «Барселона» клубынан кетті. Оның  мансабын қайда жалғастыратыны әзірге беймәлім. Клубтың ресми сайты ойыншымен қоштасып, мәлімдеме жаса да, Месси тарапы міз баққан жоқ. «Барселонадағы» өзге ойыншылар да клубтың аңызына арнап жазба жарияламады. Сондықтан «жалт етеді бір үміт тайып беріп» деп осындайда айтса керек-ті. Дегенмен Месси қайда барады? Сүйікті бапкерінің жанына ма, бұрынғы командаласының қасына ма? Клуб жанкүйерлері бұл күннің туарын білетін. Бірақ дәл 2021 жылдың 5 тамызы емес. Еуропада, дәлірек айтқанда «Барсамен» бірге асарын асап, жасарын жасап болғасын Аргентина лигасына немесе МЛС-ке кетер дес-ті. Жаңа жылдан бері келісімшарттың жыры басталса да, ешкім мұндай сенсация күткен жоқ. Өйткені бұған дейін де Месси мен клуб арасында кикілжің шықса, беті жылы жабылатын. Бірақ биыл оның басқа клубқа ауысатыны жайлы жаңалық БАҚ-та ауық-ауық жарияланып тұрды. Бартомеу кетіп, орнына жаңа президент келгесін жағдайдың түзелгендей көрінгені бар. Осы жерде сұрақ туындайды: алданған кім? Себебі Лапорта президент сайлауында «Мессимен бірге биіктерді бағындырамыз» деп уәдені үйіп-төккен. Нәтижесінде, ол басшылыққа келді де, жанкүйерлер сан соғып қалды. Неліктен сан соғып қалды деп отырмыз? Өйткені Мессидің «Барсадан» кетуі жайлы мәлімдемеде «екі тарап келісімге келіп, жаңа келісімшартқа қол қоюға ниет етсе де, бұл қаржылық және құрылымдық кедергілерге байланысты мүмкін болмады» делінген. Яғни, Испания лигасының ережесіне сай, шығын көлемі клубтың табысына байланысты болуы шарт. Ал «Барселонаның» қазіргі жағдайы бұған жар бермейді. Мессидің жаңа келісімшарты дейміз-ау, клуб сатып алған ойыншыларды  тіркеуден өткізуге қиыналып отыр. Енді осындай мәселе шығарын білген Лапорта неліктен алдын ала қамданбаған? Кейбір басылымдардың мәліметінше,  Месси жаңа келісімшарт үшін жалақысын 50% емес, 70%  қысқартуға келісім берген. Клуб тарапы болса, Гризманн, Брейтуейт, Умтити, Коутиньо, Пянич сияқты ойыншыларын сата алмай отыр. Қосымша табыс жағына келсек, люксембургтік  CVC Capital Partners-ке сатылған трансляциядан түсетін пайызды клуб пайдасына жазуға Ла Лига қарсы болып тұр. [caption id="attachment_154876" align="alignnone" width="1200"] width= Фото: Twitter›sports_topbet[/caption] Қош, сонымен Мессидің мансабын жалғастыратын ендігі ортасы қай клуб?  «Манчестер Сити» ме, әлде «ПСЖ» ма? Бағыт екінші клубтың атауын көрсетіп тұрған сыңайлы. Өйткені жақында ғана Ди Мария Месси мен «ПСЖ» ойыншылары бірге түскен фотоны жариялап, резонанс тудырған еді. Оның үстіне Месси «ПСЖ-ға» келсе, Мбаппенің «Реалға» сұранып тұрғаны белгілі. Ал «Манчестер Сити» нұсқасына келсек, олар жақында ғана Грилишті сатып алды. Енді «Тоттенхэмге» Харри Кейн үшін құда түсуге қамданып жатыр. Сондықтан коронадағдарыстың тұсында «МанСити» Месси қалағандай келісімшарт ұсына алмайтыны айдан анық. [caption id="attachment_154877" align="alignnone" width="1200"] width= Фото: barcauniversal.com[/caption] Сонымен,  Месси «Барсада» дебют жасаған жылдан бері арада  17 маусым өтті. Ол осы аралықта 778 ойын өткізіп, 672 гол салып, 305 нәтижелі пас берді. Бірталай рекорд жаңартты, кез келгеннің түсіне кірмейтін титулдарға ие болды. Футбол тарихындағы 6 «Алтын доптың» өзі бөлек әңгіме. Бізге қалғаны  Мессидің Чемпиондар Лигасы үшін кезекті жорығын қай клубта бастарын сабырмен күту. Мүмкін еркін агент ретінде сүйікті клубына қайта оралар, кім білсін...

 Айбике ЖАНАСЫЛ