Мұнайдан да қымбат май
Мұнайдан да қымбат май
©А.Ахметқазы
214
оқылды

Қазақстанда «қара ал­тын­нан» да қымбат тұратын ресурс бар. Ол – күнбағыс ма­йы. Қазір мұнайдың 1 тоннасы 538 доллар тұ­ра­­ды. Бұл шамамен 231 000 теңге деген сөз. Демек, қара алтынның 1 литрінің құны бүгінде 231 теңге ғана. Ал күнбағыс майының 1 ли­трі кейбір қала мен ауылда 800-1000 теңгеден сатыла­ды. Сарапшылар анық­та­ғанындай, 1 жыл ішінде бұл өнім кем дегенде 60,4%-ға қымбаттаған! Яғни, былтыр мол қылып, осы майды са­тып алып, биыл өткізгендер тіпті биткойн де, пира­ми­далар да бере алмайтын мол табысқа кенелген.

Мұнай емес, күнбағыс майын сатсақ ше?

Қазақстанда тіпті пандемия жайлаған қазіргі дағдарысты кезеңде де өндірісі қарқынды өскен сектор бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы қаңтар-маусымда былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда өнеркәсіп 101,5%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 103,2%-ға, құрылыс – 111,9%-ға, сауда саласы – 108,5%, байланыс саласы 112,2%-ға өсім көрсеткен. Көлік, логистика, қоймалау және басқа да біраз сала құлдырап, даму даңғылына орала алмай жатыр. Ал тазартылған (рафинадталған) күнбағыс майының өндірісі осы кезеңде бірден 137,4%-ға артқан. Сөйтіп, 2021 жылдың бірінші жартысында елде 76,9 мың тоннасы өндірілді. Сондай-ақ республикада 93,3 мың тонна тазартыл­маған күнбағыс майы шығарылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 105,9% көп. Осылайша, жыл басталғалы ішкі және сыртқы нарыққа еліміз 170,2 мың тонна сұйық май тасқындатты. Бұл тек жартыжылдықтағысы ғана. Және осының өзі тарихи рекорд саналады. Енді қараңыз: 2021 жыл басынан бері Қазақстан 35,5 миллион тонна мұнай өндірген. Одан мұнай өндірушілер 15 миллиард доллар немесе 6,3 триллион теңгедей табыс тапты. Ал күнбағыс майының қара алтыннан 2-3 есе қымбат екенін ескерсек, осынша табыс табу үшін 10,5 миллион, тіпті одан да аз тоннасын өндірсе де жетіп жатыр. Өйткені әлемде аталған өнімнің бағасы шығандап барады. Оның үстіне, мұнай қайта қалпына келмейтін ресурс саналады. Күнбағысты жылда қайтадан өсіруге болады.

Украина қалай ұтты?

Мамандар күнбағыс майы қазір бүкіл әлемде қымбат екенін айтады. Мысалы, АҚШ нарығындағы осы өнімнің ең арзан түрі  Украинадан жеткізілгені екен. 1 литрі 8 доллар (бізше 3,4 мың теңге) тұратын украиндық сұйық майды америкалықтар сөреден сүріп әкетіп жатыр. Мұнайы жоқ Украина осы ресурстан жап-жақсы пайда табады. 2020-2021 маркетингтік жылда (01.07.2020-21.06.2021) тек Еуропалық одақ осы елден 1,67 миллион тонна күнбағыс майын импорттады. Пост­кеңестік кеңістіктегі осы мемлекет 2020 жылы жалпы көлемі 5,897 миллион тонна тазартылмаған және 0,7 млн тонна тазар­тылған осы майды АҚШ пен Қытайдан бастап әлемдегі 90 елге экспорттады. Бұл жөнінен Украина әлемдік көш­басшы­лардың бірі! Сонымен бірге жергілікті дүкендердің төл сөрелерінде де тапшылық жоқ: субсидияларды пайдаланатын кейбір өндіруші тек ішкі нарыққа жұмыс істейді, соны толықтырады. Атап өтер жайт, қазақстандық зауыттар да бюджеттен мол субсидия алып келді. Бірақ өнімнің белгілі бір бөлігін тек ішкі нарыққа сатуға сонша құлықты емес. «Жазық даласы бар елдер үшін күнбағыс майы – жаһандық бәсекедегі артықшылық. Себебі бұл дақылды өз жерінде өсіруге дүниежүзіндегі көптеген елдің мүмкіндігі жоқ. Ал бізде барлық қажетті табиғи жағдай бар. Бізде ең сапалы күнбағыс өседі», – дейді украиналық инженер-технолог Александр Войтюк. Осы елде күнбағыс егістіктері де, зауыттары да толық автоматтандырылған, заманауи ең озық технологиялармен, жабдықтармен жарақталған. Өзге елден бір түйір зат алмас бұрын инспекция өткізіп, сертификаттай­тын Қытай Украинаның өндірісіне сүйсініп, көңілі толып, үлкен ауқымда өзіне тасып жатыр. Егер Украинадағыдай ауқымда өндіре алсақ, Қазақстанда бұл май түрі мұнайды ауыстыра алар еді.

Алпауыттар астына басқан нарық

Қынжылтатыны сол, Қазақстанда майлы дақылдарды өңдеу өндірісі тым шектеулі. Мысалы, тазартылмаған күнбағыс майының елімізде жасалатын бүкіл көлемінің 72,2%-ы (67,4 мың тоннасы) – жалғыз Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Одан кейінгі орындарға жайғасқан Қостанай және Ақтөбе облыстарының үлесі мар­дымсыз. Тазартылған (рафинадталған) май өндірісінде Шымкент көшбасшы: жалпы көлемнің 45,4%-ы немесе 34,9 мың тоннасы соның еншісінде. Екінші орында  тағы да ШҚО. Үштікті Алматы қаласы тұйықтайды. Ірі өндірушілер де санаулы, бұлар – «Май» АҚ, «Өскемен май зауыты» ЖШС, Eurasian Foods Corporation АҚ, «ЭФКО Алматы» ЖШС, «Масло-Дел» ЖШС және басқасы.

2021 жыл басынан бері Қазақстан 35,5 миллион тонна мұнай өндірген. Одан мұнай өндірушілер 15 миллиард доллар немесе 6,3 триллион теңгедей табыс тапты. Ал күнбағыс майының қара алтыннан 2-3 есе қымбат екенін ескерсек, осынша табыс табу үшін 10,5 миллион, тіпті одан да аз тоннасын өндірсе де жетіп жатыр.

Елімізде жыл өткен сайын күнбағыс майының өндірісі артып келе жатқанын айттық. Биылғы І жартыжылдықта 93,3 мың тазартылмаған және 76,9 мың тонна тазартылған түрі жасалған. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы – 78,9 және 57,9 мың тонна, ал 2020 жылы – 88,1 және 56 мың тонна өнім өндірілді. Биыл отандық компаниялар экспортқа шығу сыртында ішкі сұраныстың 83,2%-ын өтеген. Былтыр бұл көрсеткіш 75,5% ғана болыпты. 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда қазақстандық кәсіпорындар 464,1 мың тонна күнбағыс майын шығарды. Соның 138,6 мың тоннасын қазақстандықтар өзі тұтынған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 13,7% көп. Тұтастай алғанда, өнім жеткілікті көлемде шығарылған. Онда неге баға көтеріліп жатыр? Өндірушілер басты себеп ретінде әлемдік бағалардың жоғарылауын алға тартады. Нарық жағдайында өндіруші қандай нарық көбірек табыс әкелсе, соған бағдарланады. Егер Қазақстанда әр литрін 800 теңгеден ғана өткізе алса, ал Еуропа оның әр литрін 5-6 мың теңгеден алуға дайын отырса, кәсіпорындардың таңдауы кімге түсетіні бесенеден белгілі. Тіпті, ішкі нарыққа жеткізгеннің өзінде әртүрлі сылтаумен бағаны өсіруге барады. Бұдан бөлек, Ресейден және басқа елдерден тасылатын импорттық өнім де қымбат болып келеді. Қазақстан биылғы 5 айда шетелден 30,8 мың тонна сұйық май тасыпты. 2020 жылғы ұқсас мерзімдегісі 40,1 мың тонна болған. Яғни, биыл импорт көлемі 23,2 пайызға құлдырады. Дегенмен импорттық өнім ішкі нарығымыздағы жағдайға бәрібір әсер етеді.

Алда баға арзандауы мүмкін

Екіншіден, биыл төрт ірі зауыттың екеуі қатарынан тоқтап қалып, өндіріс шамалы кеміді. Өйткені бұл екеуінің ішкі нарықтағы үлесі 17%. Қазақстанның май одағының президенті Константин Невзоровтың түсіндіруінше, зауыттардың тоқтап қалуына мемлекеттің осы тауарға шекті бағаларды енгізуі ықпал еткен. Әлеуметтік маңызды, яғни әрбір отбасы тұтынатын өнім саналатын сұйық май бағасының шарықтауына байланысты халықты қорғау мақсатында ел Үкіметі оның бағасын құрықтады. Ал кәсіпкерлер өнімін арзанға сатқысы келмейді. «Жекелеген өңірлерге шекті баға тіпті шикізаттың нарықтық құнынан төмен белгіленген. Зауыттар ол бағамен сатса, шығынға отырады. Сала ойыншылары билік көзқарасын өзгертіп, шекті бағаны алмастырады деп күтеді. Немесе ақшалай шамадағы шекті үстемеақыны бекітуі керек. Бұл тетік әзірге әзірлену және талқылау сатысында», – дейді К.Невзоров. Май зауыттары бюджеттен субсидиялар берілуін қалап отыр. Мысалы, олар­дың банктен алған несиелерінің мөлшерлемесін субсидия есебінен арзандатса дейді. Бұрыннан бері осы тетік қолданылып келген. Биыл ондай субсидия берілмепті. Үшіншіден, 2020 жылы күнбағыс егістігінің біраз көлемі аптап ыстықта күйіп, қурап қалған. Пандемия және карантин шектеулері де ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көктемгі егіс жұмыстарын толыққанды жүргізуіне кедергі болды. Тиісінше, астық аздау болды. Бұл шикізаттың қымбаттауына әкеліп соқтырыпты. Бірақ биыл Қазақстанда, Ресейде және Украинада күнбағыс майының мол түсімі болады деп күтіледі. Қазірден биржаларда ресейлік егіншілер бұл шикізаттың фьючерстік бағаларын түсіріп жатыр. Оны өңдеу өнеркәсібін белсенді дамытып жатқан Өзбекстан мен Қытай көтере сатып алуда. Май өндірушілер Үкіметке өз астығын отандық зауыттарға өңдеуге тапсыратын аграршыларға да субсидия беруді ұсынды. Әйтпесе, диқандар күнбағысты қазақ­стандық кәсіпорындарға да экспорттық, жаһандық бағамен сатады. Салдарынан отандық өнімнің өзіндік құны әлемдегімен теңеседі. Қазір Үкіметтің қабылдаған шаралары арқасында күнбағыс майының 1 литрінің орташа бағасы 700 теңгеге дейін түсіпті. Бірақ азаматтар кейбір дүкендер әлі күнге литріне 1000 теңге сұрап жатқанын байқап, суретке түсіріп, әлеуметтік желіде таңдана бөліскен. Былтырдан бері сұйық май бағасы бірден 1,5 есеге дейін шығандаған болатын. Шекті баға бекітіліп, арзандатылғаннан кейінгі өсім 60,4% деңгейінде тіркелді. Ең үлкен қымбатшылық Қарағанды облысында (80% немесе 1 литрі 715 теңгеге дейін), Алматы қаласында (175,9% немесе 767 теңге), БҚО-да (173,9% немесе 747 теңге) тіркелді. Сұйық май шынында да мұнайдан құнды ресурсқа айналды. Оны төрткүл дүние салаттан бастап ыстық тамақ әзірлеуге дейін пайдаланады. Қазақстан халқы бауырсақ пісіру үшін үлкен көлемде тұтынады. The Financial Times дерегінше, HoReCa сегментінің жаппай фаст-фуд концепциясына бет бұруы осы сұйық май түріне деген сұранысты барған сайын арттырған. Біраз территориясы мен облысынан, қаншама ресурсынан айырылып, соғыстан әлсіреген Украина­ның бизнес ортасы осы дүниежүзілік трендті тез түсініп, кейінгі бесжылдықта бұл секторын дүркірете дамытты. Соның арқасында бүгінде Украина күнбағыс майы нарығында өз шарттарын таңа алатын жаһандық алпауытқа айналды. Ал қазақстандық өндірушілер мүмкіндіктерді пайдаланып, даму орнына бюджеттен субсидия бермедің деп өндірісін тоқтатып, бұлданып отыр.

Елдос СЕНБАЙ