Ипотека нарығына жаңа қызметтер келді
Ипотека нарығына жаңа қызметтер келді
270
оқылды

Қаржы са­рапшысы Айнұр Абсалямованы Қазақстандағы тұрғын үй нарығының ахуалы, жылжымайтын мүлік сатылымы, мемлекеттің және екінші деңгейлі банктердің ипотекалық бағдарламаларға қатысуы, түрлі бағдарламаның артық­шы­лықтары мен кемшіліктері  туралы әңгімеге тартқан едік.

– Еліміздегі ипотека нарығы­ның жалпы жағдайы, тұрғын үй ба­ғасын­да­ғы өзгерістер және оған әсер етуші факторлар туралы әң­гімелеп берсеңіз... – Тұрғын үй бағасы түрлі фак­торға байланысты қашанда құ­былып тұратыны белгілі. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша елімізде орташа алғанда баспананың бастапқы нарықтағы бағасы 5%, қайталама нарықтағы бағасы 14%-ға артты. Ал 2021 жы­лы қаңтар айында жаңа үйлердің бағасы –3,8%, қайталама нарық­тағы үйдің бағасы 7,2%-ға бір-ақ көтерілді. Маусым айында жаңа үй – 0,9%, қайталама нарықтағы үй 1,2%-ға қымбаттады. Жаңа жылдан бастап баспана бағасының аяқ астынан қымбатта­уына ипотека нарығына зейнетақы ақшасының құйылуы ықпал етті. Соның әсерінен ипотекалық сер­піліс бұрынғыдан бетер үдеді. Өт­кен бес айда республика бойынша жалпы сомасы 216 млрд теңгенің ипотекалық кредиттері берілді. Бұл цифрға халықтың баспана сатып алу үшін зейнетақы қорынан алған қаржысын және қосыңыз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) баспасөз қыз­метінің дерегінше, бүгінге дейін 350 269 адам тұрғын жағдайын жақ­сарту үшін зейнетақы қорынан өкілетті операторлардың есеп­шо­тына 1,6 трлн теңге аударған. Біз жылжымайтын мүлік на­рығын ұдайы мониторингтеп ­оты­­рамыз. Сонда былтыр осы елор­дада клиент­теріміздің біз ар­қылы 15-16 миллион теңгеге алған үйлері қа­зір 21-22 миллион тұра­ды. Үй қым­­бат­тап жатыр, оның құны қа­шанда көтеріле береді. Бірақ соған қара­мастан жылжы­майтын мү­лікке де­ген сұраныс ешқашан бәсеңдемейді. – Мемлекеттің бағдарлама­ла­рымен бірге басқа әр банктің де өз­де­рінің ипотекалары бар. Жалпы, рес­публика бойынша ипотекалық порт­фельдің көлемі қандай, жұрт қан­дай бағдарламаға көп иек артады? – Кейінгі бес жылда банктердің жалпы ипотекалық портфелі 2,8 есе өсті. Ол 2015 жылдың қаңта­рындағы 900 млрд теңгеден 2021 жылдың мамырында 2,5 трлн тең­геге дейін жетті. Тұрғын үй нары­ғында көпшіліктің сұранысының артуына мемлекет тарапынан же­ңілдікпен берілетін «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдар­ламалары, Отбасы банктің қол­жетімді несиелеу бағдарламалары, сондай-ақ тұрғындардың әртүрлі осал тобына арналған әлеуметтік несиелеу бағдарламалары оң әсер етті. Сонымен қатар мемлекет түп­кілікті несие алушы үшін кредиттің құнын мақсатты түрде жылдан-жылға төмендетіп отырды. Ипо­текалық кредиттің мөлшерлемесі 2015 жылғы 9,6%-дан 2021 жылы 8,3%-ға түсті. Ипотекалық кредиттің қомақ­ты бөлігі Отбасы банкінде (56%) шоғырланған, одан кейін осы на­рықтағы ірі ойыншылар Сбер­банк (16%), БЦК (13%) және Халық банк (9%). Мәселен, «7-20-25» бағ­дарламасын жүзеге асыру бойынша БЦК-тің көрсеткіші үздік, ал «Баспана хит» бағдарла­масымен жұмыс істейтіндердің көшбасында Сбербанк тұр. Де­генмен аталған бағдарламалардың бәрін мемлекет қаржыландырып отырғандықтан, екінші деңгейлі банктер бұл жерде қазынаның ақшасын таратушы ұйымдардың қызметін ғана атқарады. – Бүгінде ипотекалық баспана алғысы келетін адамдардың сұра­нысы қандай, оларды не толған­дырады? Олардың артық-кемі, тұр­ғындарға қолайлысы қайсы? Сіздің ұйымның тарапынан қандай қызметтер көрсетіледі? – Әр банктің өз ерекшелігі бар, дегенмен де баспана алғысы ке­летін адам салынып жатқан үйлер­ге үлескер болып кіргені жақсы, онда баға жағынан көп ұтады, ал дайын баспана іздесе бәрібір бір­шама артық төлеуіне тура келеді. Қалай болғанда да, адамдардың қолдағы қаржы мөлшеріне қарай өздері армандаған пәтерін тауып беруге тырысамыз. Мәселен, сіздің көпқабатты ғимараттағы пәтер емес, жеке тұрған жер үй алғыңыз келді делік, бірақ барлық банк жекеменшік үйлерді рәсімдемейді. Ол үшін «Халық банк» АҚ, «Сбербанк» АҚ және «Алтынбанк» ААҚ-на бару керек. Алтынбанк тек қала ішіндегі кірпіш үйлерге ипотека береді. Ал Сбербанк қала аумағынан 30 ша­қырым қашықтықта орналасқан ауылдар – Талапкердегі, Қоянды­дағы, Илинкадағы, тағы басқа үй­лерге де бере береді, тек шпалдан ссалынған тұрғынжайға ғана ипо­тека рәсімдемейді. Соның бәріне жөн сілтеп, кеңес береміз. Сондай-ақ тек әйелдерге арналған «Ұмай» деген ипотекалық бағдарлама ашыл­ды. Ипотека 12%-бен 13 жыл­ға (10 жыл -12% + 3 жыл – 3%) беріледі. Мұнда үміткерлердің жа­лақысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс. «Отбасы банкі» АҚ ипотеканы 8,3%-бен береді, оның да өзіне тән артықшылықтары бар. Жалпы, мемлекеттің ипоте­калық бағдарламаларының қай­сысы болсын халыққа тиімді. Бі­рақ бұл тегін деген сөз емес, банк­тер бәрібір пайда тауып отыр. Оның үстіне, маусым айынан бас­тап банктер «Баспана хит» бағ­дарламасы бойынша өтініш қабылдауды тоқтатты. Бағдарла­маға бөлінген 600 млрд теңге лимит 2021 жылдың аяғына дейін игеріліп бітуі тиіс. Ал «7-20-25» бағдарламасы 2022 жылдың соңы­на дейін 1 трлн теңгенің лимиті игерілген соң аяқталмақ. Сөйтіп, мемлекет ипотека нарығынан алыстай бастады, бұл жекеменшік банктерге тиімді, олардың ипоте­калық бағдарламаларына сұраныс көбейеді. Өйткені халыққа бәрібір үй-жай керек, көпшілік қалай бол­ғанда да, ипотекаға жүгінуге ­мәж­бүр болады. Ал жекеменшік банк­тердің ипотекалары қымбаты­рақ –14-15-16%. – Жақында ипотека нарығына цифрлық қызмет көрсететін Freedom Finance Bank келді. Енді банктерге бармай-ақ, үйде отырып онлайн ипотека рәсімдеуге мүм­кіндік туды. Осы туралы не айтасыз? –  Жаңа цифрлы ипотека клиенттің банкке бармай және құжаттарды жинамай, кез келген жерде отырып үйге онлайн бағалау жасатуға, оны бірер минуттың ішін­де рәсімдетуге мүмкіндік береді. Ол үшін  тек телефон нөмірі мен ЖСН көрсетсе жеткілікті. Пәтер сатып алу процесі ең ұза­ған­да бір тәуліктен аспайды. Кли­ент онлайн өтініш жолдағаннан кейін егер мемлекеттік деректер қо­рындағы барлық құжаты дұрыс болса, бір тәуліктің ішінде жаңа үйдің қожайыны болып шыға келеді. Бұл үшін ХҚКО-ға да барудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайға процестің барлығын цифрлау арқылы қол жеткізіліп отыр. Займ беру жө­ніндегі шешімді банктің қыз­мет­кері емес, автоматтандырылған жүйе өзі жасайды. Сатушы мен сатып алушының барлық процесі банк қызметкерінің қатысуынсыз өтеді. Тек екі тарап нотариуста сату-сатып алу шартына қол қою үшін ғана жолығады. Бұл мәзірет те дайын тіркеу шартында жүзеге асырылып, бар-жоғы жарты сағат қана уақытыңызды алады.

Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ