Жалақымыз неге аз?
Жалақымыз неге аз?
©А.Ахметқазы
513
оқылды

Ең төменгі жалақы көлемі бойынша әлемнің 56 мемлекеті қатысқан рейтингте Қазақстан 37 400 теңге көрсеткішпен соң­ғы орындардың бірін иеленді. Өйткені айлығы шай­лы­ғына жетпейтіндер бар. Осыдан екі жыл бұрын ресми түрде ең төменгі жалақыны Жамбыл облысындағы архив қыз­мет­керлері алған.

Қазақ «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деуші еді, бірақ бұл мақал бізге емес, өр­ке­ниеті жоғары басқа елдерге ар­налған. Бізде жұмыс істеп жүріп те тақыр кедей болуға болады. Ресми статистика бойынша, дәл қа­зір Қазақстандағы орташа жа­лақы – 242 542 теңге. Бірақ мұн­дай жалақыны халықтың қанша пайызы алады, мәселе сонда?! Шын­дығында, халықтың 80 пайы­­зы үшін «орта жалақы» – қол­жетпес арман. Біз Ұлттық ста­тистика бюросының өкіл­деріне де, тиісті министрліктерге де «орта жалақыны халықтың қан­шасы алатынын неге көр­сетпейсіздер?» деген сұрақты та­лай қойдық. Бірақ ылғи «әлем­дік тәжірибе солай» деген жауап аламыз. Бірақ біздің құзырлы ор­гандар өркениетті елдерде бай­лар мен қара халықтың табы­сы­ның айырмашылығы 2-3 пайыз­дан аспайтынын ескермейді. Мә­­­селен, ол айырмашылық Еу­ро­­­­паның көптеген мемле­кет­те­рін­­де 2-4 есе болса, Литвада – 4,4 есе, РФ-да – 5,1 есе. Ал Қа­зақ­стан­да 10 есе және одан да жо­ғары. Яғни, 100 теңге алатын жүз қаратабан мен 100 млн теңге ала­тын «жарты патшаның» ай­лық табысын қоса есептегенде ор­таша табыс 1 млн теңге болады, біз­дегі орташа айлық осылай есеп­­­теледі. Осы мысалдан-ақ Қазақстан­дағы орташа айлықты есептеу жү­йесі әділетсіз екенін көруге бола­ды. Ал расында біздегі қатардағы жұмысшы қауымының табысы түк­ке тұрмайтынын төмендегі мы­салдан көруге болады.

Жұрттың тапқаны тамақтан артылмайды

Қазақстанда ең төменгі айлық көлемі – 42 500 теңге, одан алына­тын салықтарды есептегенде қолға тиетіні – 37 400 теңге. БҰҰ нор­ма­тиві бойынша, ең төменгі жалақы сағатына 3$-дан кем болмауы тиіс. Яғни, ең аз айлық жалақы 740$-ға тең болуы керек. Тіпті, шығыс ай­мақ­­тарында соғыс болып жатқан Украинаның өзінде соңғы 5 жылда ең төмеңгі айлық 4 есе өсіп, бүгінде біздің ақшамен шаққанда 100 000 теңгеден асып отыр. Energyprom.kz рейтингіне қа­расақ, Қазақстандағы орташа айлық жалақыға тек ортанқол 5 жұп Nike кроссовкаларын сатып алуға болады. Бұл көрсеткіш бо­йынша біз әлемдегі 107 елдің ішін­де 78-орында тұрмыз. Рейтингте Швейцария бірінші орында. Онда орташа жалақыға 50 жұп, ал АҚШ-та 46 жұп аяқкиім келеді. Бір жылдың ішінде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 7-уінің бағасы 20 пайызға, жалпы­лама алғанда 11 пайызға өсті. Инфляция 7,9 пайызды көрсетті. Бұл ресми статистика, ал шынайы жағдай одан әлдеқайда сорақы екенін өздеріңіз де біліп отыр­сыздар. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, егер 2006 жылы отбасылық бюджеттің тек 10 пайызы азық-түлікке жұм­салса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 50 пайыз болған.

Жұмысшылар аз жалақының өзіне зәру

Жалақының аздығы жарты қайғы, кейбір жұмысшылар осы аз айлықтың өзін ала алмай жүр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елде кәсіпорындардың жұмысшы­лары алдындағы қарызы 1 млрд теңгеден асқан. Кейінгі жарты жылда осыған орай жер-жерде ереуілдер де болып өтті. 2020 жылы желтоқсанда Алматыдағы элиталы тұрғын үй кешенін салған жұмыс­шылар жарты жылдан бері жалақы алмағандықтан ереуілге шықты. Олардың араларында көпбалалы аналар да бар. Ал 2021 жылы 18 қаңтарында Атырау облысының Қарабатан елді мекенінде Gruppo RF Kazakhstan компаниясынан жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар кө­терілді. жалақы «Бізде ақша жоқ, сондықтан біз жұмысшыларды жалақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр бол­дық. Қазір біз Италиядағы құрыл­тай­шыдан ақша күтіп отырмыз», – депті компания өкілі К.Антими мырза. «Біз Gruppo RF Kazakhstan ЖШС-ны тексеруді бастадық. Мәліметтер бойынша, компания қыз­меткерлеріне 20 миллион тең­гедей қарыз», – деді Атырау об­лысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басты­ғы­ның орынбасары Думан Абиев. Күні кеше ғана, маусым айында Семейдің қоғамдық көлік жүргізу­шілері мен кондукторлары Semey bus компаниясынан жалақы қары­зын төлеуді талап етіп, митинг ұйым­дастырды. Мәлім болғаны, ком­панияның қызметкерлер ал­дындағы берешегі 65 миллион теңгеге жеткен. Айта кету керек, қа­ла әкімдігі автопарктің 49 пайы­зының иесі. Ал екінші үлескер Серікжан Қалиев әкімдік мәселені шешуге кіріскен жағдайда ғана елге тиесілі қарызды өтеуге дайын екенін айтқан. Бірақ шенеуніктер жұмысшылардың жалақысын төлеуді кәсіпкердің мойнына іліп отыр. Яғни, автопарк қызметкер­лері келісімшартты әкімдікпен емес, жұмыс берушімен жасаған дейді. Сондай-ақ елімізде білім беру мекемелерінде 5,5 мыңға жуық медбике, 7 мыңға жуық кітапхана­шы жұмыс істейді, олардың жала­қысы, тіпті мардымсыз. Осы кәсіп иелерінің жалақы төмендігіне наразылық білдіріп, облыстық басқармаларға хат жазғаны туралы да деректер құлағымызға жетіп жатыр.

Кей салаларда еңбекақы көлемі ұлғайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» пар­тиясының XX съезінде Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қолдау туралы айтты. «Жаңа жаһандық сын-қатер­лерді ескере отырып, білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, мәдениет пен спортқа арналған шығыстар ұлғайтылатын болады. Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына арналған стратегия­лық инвестиция. Денсаулық сақ­тау­ды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5 пайызына тең. Мүм­кін болатын жаңа індеттерге дайын болу керек», – деді Президент. Президенттің айтуынша, дәрі­герлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өсетін болды. Соны­мен қатар балалар мен жасөспірім­дерге арналған спорт үйірмелерінің жаттықтырушылары мен мұғалім­дердің жалақысын көтеруді тап­сырды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономика дамыса, жұмыс орындары көбейсе, халық­тың табысы да өседі дегенді естірт­ті. Осыған орай шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілер­дің жалақысын салалық жіктелуге қарай 30-150 пайызға өсті. Әсіресе, ауыл мен аудандарда жұмыс іс­тейтін қызметкерлердің еңбек­ақысы көтерілді. «Бүгінде еңбекақы төлеу жүйе­сінде жалақының көлемі жағынан орталық пен аудандардың арасын­да теңгерімсіздік бар. Ол орташа есеппен 70 пайыз. Еңбекақы кес­тесі лауазымдар иерархиясына негізделген. Сол себепті төменгі дең­гейде жұмыс істейтіндер аз ақша алады. Ал мемлекеттік ор­ганның дәрежесі жоғары болған сайын еңбекақы да көбейеді», – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент дирек­торы Жарқын Тілеукенов. Оның сөзіне қарағанда, жаңа жүйеде иерархия көп ескерілмейді. Енді жалақы төлегенде лауазым­ның мазмұнына, қызметтің күр­делілігіне мән беріледі. «Жаңа жүйеде қызметкердің өкілеттілік пен жауапкершілік ауқымы ескеріледі. Сөйтіп, қазіргі басшылық пен қатардағы қызмет­керлер арасындағы теңгерімсіздік 70 пайыздан 10 пайызға дейін тө­мендейді. Жалақы көлемі, әсіресе ауылдар мен аудандарда көп өсі­ріледі. Ірі қалалардағы еңбекақыға аса көп үстеме қосылмайды», – дейді Ж.Тілеукенов.

Дәулет АСАУ