Ауылын алдыңғы қатардан көргісі келеді
Ауылын алдыңғы қатардан көргісі келеді
173
оқылды

Жетісудағы 71 ауылдық ок­руг­те өткен әкімдер бәсекесінде аты озғандар арасындағы екі нә­зікжандының бірі – Ақсу ауда­нындағы Ойтоған ауылдық окру­гінің тізгінін ұстаған Венера Бе­рікова.

Ауылды жерге қажетті екі бірдей ма­мандықты: ветеринарлық пен қаржы­герлікті қатар меңгерген Венера Берік­қызы өзі әкімі болып сайланған Ойтоған ауылында туып, осы жерден үлкен өмірге қанаттанған. Қазірге дейін мемлекеттік қызметтің бірнеше баспалдағынан өтіп, шыңдалған, ысылған, ауылдың тірлігін жақсы біледі. Соған сай ол жаңа лауа­зы­мын лайықты атқаруда қинала қой­май­тынына сенімді. Ауылын аудан, об­лыс­тағы алдыңғы қатарлы ауылдар қата­рынан көргісі келеді Әуел бастан мемлекеттік қызметті таң­даған. Осы салада жүріп азды-көпті он бес жыл тәжірибе жинапты. Ендігі мақ­саты – алған білімі мен жинаған тә­жірибесін елінің, оның ішінде туған же­рінің игілігіне жарату, жерлестерінің замана көшінен қалмауы жолында қызмет ету. Венера Берікқызы елімізде алғаш рет ұйымдастырылып, қалың бұқараның кө­ңілінен шыққан ауыл әкімдерін тіке­лей сайлауды мемлекет тарихындағы аса маңызды демократиялық қадам деп са­найды. Жаңадан сайланған әкімдер елі­міз­де жүргізіліп отырған саясатты ба­рын­ша қолдап, бірінші кезекте өздеріне үміт артқан халықтың қамын ойлап, өңір­дің өркендеуіне күш салады деп ойлайды және оған қатысты сенімі де берік. Су жаңа әкім Қазақ ұлттық аграрлық университетін ветеринария мамандығы бойынша бітірген 2006 жылы өзі түлеген аудандағы қызмет жолын «Ақсу аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінде хатшы-машинистка болып бастады. Араға жыл салып барып «Қы­зылағаш ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы, одан кейін «Текелі қалалық ауылшаруа­шылық бөлімі» мелекеттік мекемесінің жетекші маманы қызметтерін атқарған. Еңбек ете жүріп, Ө.Жолдасбеков атын­дағы құқық және экономика академия­сын «қаржыгер» мамандығы бойынша аяқ­таған Венера 2008 жылдың сәуір айы­нан бері «Ақсу аудандық мәслиха­тының аппараты» мемлекеттік мекеме­сінде бас маман болған. Енді, міне, өзі туған ауылдың әкімі міндетін орындауға кірісті. ауыл Астана қаласында өткен республи­калық «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезіне делегат болуы, «Nur Otan» пар­тиясының Ақсу аудандық филиалы жа­нындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының мүшесі екені оның қай салада болмасын, белсенділікпен дара­ланатынын, жауапты істердің басы-қа­сында жүретінін аңғартады. Еңбектегі жетіс­тіктері мерейтойлық медальдармен, төсбелгілермен, облыс әкімінің, облыс­тық мәслихаттың және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен бағаланғаны да оның көшбасшылығын білдірері анық. – Адам қандай да болсын жетістіктерге өзін-өзі жетілдіру, қамшылау арқылы жетеді. Жоғары білім алған жылдарымнан басқа кездің барлығы ауылдың тірлігімен байланыста өрбіді. Қызмет баспалдақ­тарым да осында қаланды. Сондықтан жергілікті жұрттың жағдайын, ауылдас­тарымды не толғандарынатынын, қандай мәселелер мазалайтынын жақсы білемін деп сеніммен айта аламын. Әкімдікке сайлауға түсу аяқ астынан келге ой не­месе оқыстан жасалған қадам емес. Ойлана, толғана, өз мүмкіндігімді са­ралай келе қабылданған шешім. Басында қобалжыдым, «Жұрттың сенімінен шыға аламын ба, олар артатын үмітті ақтауға шамам келе ме?» деп алаңдағаным рас. Сайлауда жолым болмаса, тауым шағы­лып, бетім қайтып қала ма деп те ой­ладым. Ең бастысы сенімге ие болу мен соны ақтау ғой. Ендігі жерде өзіме үміт артқан жерлестерімді жерге қаратпауға бар күш-жігерімді салып, білім-білігімді жұмсаймын, – деген әкім қарында­сы­мыздың алдағы жылдарға белгілеген бағдарламасы да байыпты екен. Ауданның, оның ішінде Ойтоған ауылының экономикасындағы жетекші сала – ауыл шаруашылығы болғандықтан, осы бағыттағы барлық мүмкіндікті тиім­ділікпен пайдалану керек. Ол үшін ауыл­ға инвесторлар тартып, сол арқылы егіс­тік жерлерді заманауи технология­лармен игеруге күш салған жөн. Мал ша­руа­шы­лығын дамыту, төрт түлікті асылдан­дыру, мал өнімдерін өндіру мен сатуды жолға қою да ауыл тұрғындарының тұрмы­сын жақсартуға жол ашары анық. Ол үшін қазір күйіп тұрған жайылым мен шабын­дыққа қатысты, жерге байланысты мәсе­лелерді де заңға сай реттеу қажет. Жа­й­лау жағдайын орман шаруашылығы­мен ке­лісіп шешуді жүзеге асыруға болады. – Жастардың ауылдарда тұрақтауына жол ашатын қадамдарды ойластырған дұрыс. Ауыл жастарының дұрыс ұсыныс­тарына, бастамаларына, дарынды жас­тарға (шығармашылық, өнер, ғылым, спорт т.б. салалар бойынша) қолдау көр­се­туге де назар аудару қажет. Сонымен бірге ауылдарда мәдениет ошақтарының жұмысын бүгінгі заман талаптарына сай жолға қою, тұрғындардың бос уақыт­та­рын мәнді де, сәнді, өзіне де, қоғамға да пайдалы етіп өткізуін де ойластырамыз. Ойтоған ауылдық округі аумағында ауыл тұрғындарына жаңа жер телімдерін беру бағытындағы жұмыстарды бақы­лауда ұстау, аталған аумақта инфрақұры­лымның (ауызсу, жол, электр энергиясы) қалыпты болуын қамтамасыз ету де кезек күттірмейді. Жеке шаруа қожалықтарына техникалар мен жабдықтарды несие мен лизингке сатып алуға көмектесу, ауыл­дарда орта және шағын бизнес өндіріс нысандарын ашуға арналған несие ба­ғыттары бойынша жәрдемдесуге де көңіл бөлген жөн. Әлеуметтің жағдай әрдайым басты назарда болуы тиіс. Мүгедектердің қоғамнан оқшау қалмауын қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайы нашар отбасы­ларына жәрдемдесу – қанымызда бар қасиет. Соны жоғалтпайық. Ең бастысы, ауызбірлігімізге, түсіністігімізге сызат түс­песін, ынтымақ бар жерде ырыс та көп күттірмейді, – дейді Венера Берікқызы.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы