Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың көмекшісі адамды көлігімен соғып кеткені үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталды. Жол апатына түскен көлік Қабатовтікі болғандықтан, ол да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың үкімі Нұр-Сұлтан қаласы сотының сайтында жарияланды.
Оқиға 2019 жылдың қазан айында болған. Қабатовтың көмекшісі Қарағанды - Нұр-Сұлтан тас жолында 34 жастағы ер адамды қағып кеткен. Ол қайтыс болған.
Алайда бұл оқиға 2020 жылдың күзінде белгілі болды. Марқұмның анасы әділдікке жете алмай, БАҚ-тан көмек сұраған болатын.
Әйелдің айтуынша, көлікті басқарған ер адамның сол кезде жүргізуші куәлігі болмаған.
2020 жылдың күзінде Қарағанды облысының полиция департаменті қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлады.
"Тергеу барысында сараптама жүргізілді, оған сәйкес жүргізуші түнгі уақытта тас жолда келе жатқан жүргіншіні соғып кеткен. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасы кезінде Lexus жүргізушісі мас емес, ал жәбірленуші орта деңгейдегі алкогольдік мас күйінде болғандығы анықталды", – деп хабарлады полиция.
Резонанс тудырған оқиғадан кейін Қабатов видео жариялап, оқиға қатысты пікір білдірді. Ол жол апатына түскен өзінің көлігі екенін, алайда көмекшісінің жүргізуші куәлігі бар-жоғын білмегенін айтты.
"Менің көмекшім, музыкантым кешке келіп, "бір жерге барып келейін" деп көлік сұрады. Ойымда ештеңе жоқ. Кілтті бере салдым. Жігіттер жағы түсінеді. Арты бұлай аяқталады деп ойлаған жоқпын. Кейбір ақпарат беттерінде Тұрсынбектің жүргізушісі деп беріпті. Менің жүргізушім жоқ. Көлікті өзім жүргіземін.
Оның бұрын көлік жүргізуші куәлігін көргенмін. Сол уақытта құжатынан айырылып қалғанын білмейді екенмін... Ол жерде болмасам да, "көлік сенікі ғой" деп кінә тағып жатқандар үшін кешірім сұраймын. Бірақ көліктің ішінде болған емеспін. Менің айтарым осы", – деді Тұрсынбек Қабатов.
Ал бүгін жол апатын жасаған күдіктіге сот үкімі шыққаны белгілі болды.
Сот үкімінде Қасенбайға (Қабатовтың көмекшісінің тегі – ред.) екі бап бойынша – Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі және 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес айып тағылған. Ол сотта кінәсін ішінара мойындап, өкінген. Ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сотталушы өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.
Одан бөлек, марқұмның анасы мен әйелі берген азаматтық шағымды сот ішінара қанағаттандырды. Сотталушыдан моральдық шығын ретінде 3,5 млн теңге өндірілген.
Көліктің иесі ретінде Тұрсынбек Қабатовтан тағы 8 млн теңге өндірілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Тұрсынбек Қабатов басы дауға қалған қызына қатысты мән-жайды түсіндіргенін жазған болатын.