«Халыққа көмек» жобасы жүзеге асырылуда
«Халыққа көмек» жобасы жүзеге асырылуда
273
оқылды

«Nur Otan» партиясының «Халыққа көмек» жобасы ая­сында Алматы облысында күнделікті қоғамдық қабыл­дауға келетін тұрғындардың саны аз емес. Еліміздегі эпи­дахуалға байла­ныс­ты қа­был­даудың онлайн форматы қарастырылған. Жедел желі арқылы да мәселелер оң­тай­лы шешілуде.

Партияның аумақтық филиал­дарына өтініш айтып, әлеуметтік көмекке жүгінетіндердің басым бө­лігі көпбалалы, аз қамтылған отбасылар. Сондықтан да әрбір мә­селе мұқият бақылауға алынған. Апта сайын жасалып отырған са­раптау жұмысы барысында партия филиалдарына осы жоба аясында жыл басынан 6 753 өтініш түсіп, оның 3 829 (56%) оңтайлы ше­шіл­гені анықталды. Апта сайын аумақтық фи­лиал­дарға жүгінетін тұрғындардың бі­разына тоқтала кетейік. «Nur Otan» партиясы Кербұлақ ау­дан­дық партия филиалына хабар­лас­қан Қоғалы ауылының тұрғындары «Халыққа көмек» жобасы аясында мал азығын сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Аудандық фи­лиал төрағасының бірінші орын­ба­сары Гүлжан Камамбаева «Қо­ғалы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Баядиловпен ха­барласып, көмек сұраған жалғыз­бас­ты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасыла­рына қысқа дайындалуға қолдау танытуды өтінді. Соның нәтиже­сінде, көмек сұраған отбасыларға шөп жеткізіліп берілді. Панфилов аудандық партия филиалына өтінішпен шыққан «Облыстық жетім және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған көмекші мек­теп-интернат» мемлекеттік ме­кеме басшысы Бақия Раева жеке кәсіп­керлер арқылы өзі басқарып отыр­ған мектеп-интернатқа көмек­тесуді жеткізді. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қанат Досмаилов мектеп-интер­наттың мәселесін шешу үшін об­лыстық мәслихат депутаты Серік Ақсубаевпен бірлесіп 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көр­сетті. «Nur Otan» партиясы Ескелді аудандық филиалына Қарабұлақ ауылдық округінің тұрғындары Ломоносов көшесіндегі №23 тұр­ғын үйдің алдында балаларға ар­налған алаңның жоқтығына бай­ланысты шағымданған бола­тын. Тұрғындарды «Қарабұлақ» БПҰ төрағасы Берік Дүйсенбинов қабылдап, мәселенің шешілу жо­лын қарастырды. Оның айтуынша, Ломоносов көшесіндегі №23 тұр­ғын үйдің балалар алаңының ау­ласын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 3 550 400 теңге бөлініп, байқау қорытындысы шы­ғары­лып­ты. Жақын арада ойын алаңы салы­нып, қолданысқа берілмек. Райымбек аудандық филиа­лының қоғамдық қабылдау бөл­месіне келген Қайнар ауылының тұрғыны, аз қамтылған азамат Қуат Қасымов тұрмыстық жағ­дайының қиыншылығы мен тұ­рақты баспанасының жоқтығын айтып, мұңын шақты. Ауыл аза­матының баспаналы болуына көмек қолын созған Райымбек аудандық партия филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Гүлнар Арипова, аудандық «Кәсіп­керлік» бөлімінің басшысы Абылай Бақытжанұлы мен Қайнар ауылдық округінің кәсіпкерлері бірігіп, мәселені шешті. Қарасай ауданы Қаскелең қаласының тұрғыны Арман Палымбетова баласын Алматы қаласында орналасқан ауруханаға қарату үшін қаражат сұрап, өтініш білдірген еді. Ананың өтінішін облыстық мәслихат депутаты Бекет Абишев оң шешіп, баланың еміне 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Көксу аудандық партия филиалына Балпық би ауылының Мейрамбек Нұрмұхамбетов хабарласып, заң аясында көмек­тесуді сұрады. Нақты айтқанда, ол кісі 2005 жылы сатып алған үйін тұрмысының төмендігіне байла­нысты уақытында заңдастырмап­ты. Соған сай заңгерлік көмекке мұқтаж болып шықты. Аудандық филиал ықпалымен өтініш иесіне адвокат Диас Бейсенов көмектесіп, баспанасын заңдастырып берді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы