«Шымкентте коронавирустан қайтыс болғандар саны күннен-күнге көбейіп, мәйітханаға бір күнде 30-35 адамның мүрдесі түсіп жатыр» деген хабарды естіген соң, біз де Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық патологоанатомиялық бюроға барғанбыз.
Мәйітханада шынында бұрынғыдан көліктің де, адамның да қарасы көбейіпті. Бірақ ұзын-сонар кезек күткендер жоқ. Қақпа алдында кезіккен жігіт ағасы өзін ауруханадан мәйіт алып келетін көліктің жүргізушісі екенін айтты. «Бұрын мұнда күніне біреу, кей күндері ғана қайтыс болған екі адамды алып келсек, қазір он шақтысын әкеліп жүрміз», – деді ол. Ал орталық есігінде қаумалап тұрған бір топ жан шалғай ауылдан келіпті. Коронавирус індетін жұқтырып қайтыс болған туысын көріп қалмақ. 48 жастағы атпалдай азаматынан айырылған жұбайы үнсіз ғана көз жасына ерік берген. Мұнда келгендеріне 2 сағаттай болыпты. Мұндағылар мүрдені жуып, сыртын орап береді екен. Іштен шыққан мәйітхана қызметкері «көруге кіретін ет жақыны қайсыңыз?» деп қайтыс болған азаматтың жұбайы мен бауырын ішке алып кетті. Сәлден соң денесі толық оралған мүрде туыстарына тапсырылды. Жүздері жабырқаулы, өздері қайғыдан қан жұтып тұрған жанды қалай сөзге тартарсыз!? Онсыз да қайғы жамылып тұрған жанның күйзелісі белгілі ғой. Мәйітхананың келесі терезесінде қайтыс болған жан туралы анықтама беріледі. Кезек осы анықтама берілетін терезеде екен. Бір сағатта 7-8 адам анықтама алып кетті. Анықтама алу кезегінде тұрған келіншек жуырда осы жерден екі жақынының сүйегін алғанын айтады. Жуып, орап бергені үшін әрқайсысына 20 мың теңгеден 40 мың теңге төңірегінде ақша төлепті. Ал мүрдені алып кететін есікке арасы бір сағаттан соң тағы бір топ жан жиналып қалды. Бұрын мұнда мүрдені 1-2 туысы ғана алып кетіп жүрсе, қазір байқағанымыздай, ковидтен қайтыс болғандарды осы жерде толық орап, тікелей жерлеу орнына апаратын болғандықтан, көріп қалу үшін 10-20 шақты туысы жиналады екен. Қаралы топ бір-біріне көңіл айтып, дауыс шығармай жылап-сықтап жатты. Жүректі шымырлатар көрініс… – Өткен аптаға қарағанда қазір біршама азайды. Сенбіден бері күніне 5-6 адам ғана түсіп жатыр. Қазір жағдай тұрақталып қалды десе де болады. Біз талап бойынша қайтыс болған адамнан сынама аламыз. Міндетті түрде аутопсия жүргізіледі. Қайтыс болған жанның туыстары мәйітке аутопсия жасалмай берілмейтінін түсінсе екен дейміз. Бірақ мүмкіндігінше ұзаққа созбай беріп жіберуге тырысып жатырмыз. Мәселен, таңғы 8-де келеміз, кешкі сағат 17-ге дейін сүйекті келіп тұрған туыстарына тапсырамыз. Жақындарын ішке кіргізіп, мүрденің бетін ашып көрсетеміз. Туыстары осында қоштасады. Мұнда жеткізіліп жатқан мүрденің дені коронавирус індетін жұқтырғандар. Анықтама беру, сынама алу барлығы да тегін жүргізіледі», – дейді дәрігер-патологоанатом Марат Тоқтасов. Дәрігерден «мәйітті жуып бергендеріңіз үшін ақы аласыздар ма?» деп сұрағанымызда жуындырып беру санитарлық қызметкерлердің тарапынан жүргізілетінін, оны өздері келісетінін айтты. Өкінішке қарай, өткен аптадан саябырсыды дегенмен, мәйітханада мүрдені қабылдау бұрынғыдан көп. Ұзын-сонар кезек болмаса да, мәйітхана алды босап жатқан жоқ. Бірі кетіп, бірі келуде. Әлемді жайлаған індеттен талай жанның жан тапсырып жатқаны қалай айтсақ та жалған емес. Жасты да, кәріні де қынадай қырып барады. Мәселен, Шымкент қаласында жыл басынан бері 24 960 адам ковидті жұқтырған болса, соның 610-ы қайтыс болған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәлімдеуінше, соңғы бір тәулікте 19 жан бақилық болған. Ал Түркістан облысында тамыз айының басынан бері пневмониядан 10, ковидтен 5 адам көз жұмыпты.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы