Ұлттық санақ аяқталғаннан кейін планшеттердің бір бөлігі статистикалық зерттеулер үшін ҰСБ-да қалдырылады, ал көп бөлігі мектептер мен ауруханаларға беріледі.
Биыл халық санағына бюджеттен 9,1 млрд. теңге жұмсалмақ. Аталған соманы әрбір адам басына шаққанда 1,1 АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов ОКҚ-да өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 АҚШ долларын, ал санақ бюджеті 6,5 млрд. теңгені құрады. Бюро басшысы халық санағына жұмсалатын шығындардың төмендеуі цифрлық технологияларды енгізумен, халық санағы процесін автоматтандырумен және қағазбастылықтан бас тартумен байланысты екенін атап өтті.
«Көршілес елдермен салыстырғанда Қырғызстанда (2021) бір адамға шаққандағы ұлттық халық санағының құны – 1,2$, Әзірбайжанда (2019) – 1,44$, Ресейде – 3,6$ (2021).
2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд. теңгені құрайды, қазіргі уақытта 3,5 млрд. теңге игерілді», - деді Нұрболат Айдапкелов.
Халық санағын өткізу кезінде 32 313 адам уақытша жұмысқа орналастырылмақ. Олардың айлық жалақысы 109 мың теңгені құрайды. Бір интервьюер 833 адамды санақтан өткізуге тиіс.
Айтуынша, халық санағын өткізу кезеңінде деректерді санақтың орталық серверіне беру мынадай тәсілдер арқылы жүзеге асырылады:
Интервьюер планшетпен желінің қамту аймағында болған жағдайда, ұялы байланыс операторының қорғалған желісі арқылы онлайн режимде планшеттен беріледі.
Ұялы байланыс желісі нашар шалғай аудандарда сауал салуды жүргізу кезінде деректер ЖАО (ауылдық округтердің әкімдіктері) қосылған МО БКО арқылы офлайн режимінде орталық санақ серверіне берілетін болады. Байланыстың бұл түрі барлық деңгейде (қалалық, аудандық, ауылдық) қолжетімді.
Ұлттық санақ аяқталғаннан кейін планшеттердің бір бөлігі статистикалық зерттеулер үшін ҰСБ-да қалдырылады, ал көп бөлігі мектептер мен ауруханаларға беріледі.