Кейінгі толқын кітап оқи ма?
Кейінгі толқын кітап оқи ма?
563
оқылды

Осы жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жа­риялағандағы мақсат – кейінгі толқынның кітап оқу­ға құлшынысын арт­ты­рып, рухани азықтан су­сын­дау мәдениетін қа­лып­тастыру. Кейінгі кезде балалар мен жасөспі­рім­дер кітап бетін ашпайды, көркем әдебиетке селсоқ деген пікірді жиі еститін болдық. Ертең ел тұтқасын ұстар азаматтар шыны­мен кітап оқудан қалып бара ма? Солтүстік Қазақ­стан­дағы жағдайға үңіліп көрдік.

Балалар әдебиеті жыларман халге жеткен кезде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдауға назар аударыла баста­ғанына тәубе дейміз, әрине. Алай­да «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәм­сілге сүйенсек, жас ұрпақтың кі­тапқа немқұрайдылығының себебін отбасындағы тәрбиенің түп-тамырынан іздеген жөн сияқ­­ты. Осы жылдың көздеп отырғаны да сол – отбасылық кітап оқу дәстүрін жандандырып, қолдау көрсету. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Ата-ана­сының кітап­қа көз жүгірткенін көрген бала да білім нәрінен кітап арқылы су­сындамай қой­майды деген пі­кірдің жаны бар. Мәселен, әкесі де, анасы да, әже­сі де мұғалім Әлішер Ағыбай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Лев Толстойдың «Война и мир»-ін 5-сыныпта жүрген ке­зінде оқып шыққанын айтады. Әлі де көркем әдебиетке құмар­лығы азаймаған: әсіресе Исай Калашниковтың «Жес­токий век» романын қайталап оқи бер­генді жақсы көреді екен. Одан басқа да кітапсүйер жастар бар­шылық. Солтүстік Қазақстан об­лы­сындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары гуманитарлық колледждің директоры Ерлік Жанділдиннің айтуынша, қазіргі студенттер арасында кітап оқи­тын да, оқымайтын да балалар бар. «Қазақ әдебиетіне жаны құмар Аружан Әбен, Тәуекел Мүсілім, Ермек Жумин, Екате­рина Восипенок деген студен­т­теріміз айына бес кітаптан оқи­ды. Біздің студенттер – болашақ мұғалімдер. Сондықтан оларға міндетті түрде кітап оқу керек. Көркем әдебиеттен сусындап өскен осындай студенттеріміз ер­тең мектепке барғанда өз оқу­шыларының бойына да кітапқа деген сүйіспеншілікті дарыта алады», – дейді Ерлік Борисұлы.

ОҚУШЫЛАР ОҚУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ

Алайда мұғалімдердің көп­шілігі оқушылардың кітап оқуға құлықсыз екенін айтып, көңіл­дерін кірбің шалып жатыр. Пет­ропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мек­тептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Елеусізова: «Балалар түгел кітап оқиды деп айта алмаймын. Әсіресе, үлкен шығармаларды оқи алмайды. Тіпті, сыныпта талдайтын шы­ғар­маларды үйде оқып келуге тапсырма бергеннің өзінде 5-6 беттің жартысын оқып келсе, соның өзі жетістік деп есеп­тей­мін. Оқиды-ау деген балалардың өзіне бағыт-бағдар беріп, үнемі қызықтырып отыру қажет. Шы­ғарманың тіліне назар аудара­мын, балалар осыны түсінеді-ау деген шығармаларды ғана оқуға ұсынамын», – дейді. Оның ай­туынша, кейбір оқушыларды тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы шығармалар қызық­ты­ратын көрінеді. Бірақ мұғалім ондай балалардың саны сау­­сақпен санарлық екенін, көбі­рек болса екен деген тілегін жасырмады. «Қазір балалар телефонға тәуелді, кітап оқуға қызығушы­лығы жоқ. Бұл ретте ата-аналарға артылар жүк зіл-батпан. Менің­ше, олар баланы жасынан кітап оқуға баулуы тиіс. Өздері кітап бетін ашпаса, кімге ренжиді? Бұл, ең алдымен ұрпағымыздың бойына рухани уыз сіңіру үшін қажет», – дейді қазақ тілі мұғалім Дәмелі Уәлиева. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар кітапха­на­сының директоры Ғалия Жұма­ғұлова теріскейде балаларды кітапқа қызықтыру үшін түрлі шаралар ұйымдастыратынын айтады. «Балалардың кітап оқуға сүйіспеншілігін арттыру үшін түрлі шаралар өткізіп тұрамыз: «Отбасылық оқу», «Мектеп де­санты», «Кітап оқитын автобус» сияқты шаралар, көрмелер, конференциялар, байқаулар, ертеңгіліктер, экскурсиялар, дауыстап оқу циклдарын ұйым­дастырамыз. Ата-аналар мен кішкентай оқырмандар арасында қандай мазмұндағы кітаптар, қай жанр ұнайтыны, қағаз нұсқасы мен электронды кітаптың қай­сысы ыңғайлы екені төңірегінде әлеуметтік сауалнамалар жүр­гіземіз. Балаларды фантастика, ертегілер, энциклопедиялық әде­биет қызықтырады. Бір әтте­ген-айы, кітап қорымыз аса бай емес. Әсіресе осы заманғы, сала­лық әдебиет жетіспейді. Сондай-ақ қазақстандық қаламгерлердің кітаптары тапшы. Мектеп бағ­дар­ламасына енгізілген Б.Соқ­пақбаев, М.Әлімбаев, Е.Елу­баев­тың және т.б. авторлардың кітаптары мүлдем тапшы. Әрі ғимаратымыз кітапханаға сай емес. Оқу залдары іркес-тіркес орналасқан, бөлімдер бірікті­ріл­ген, кітап сақтайтын орын азды­ғы қиындық туғызып отыр», – деді Ғалия Ғалымқызы. Облыстық Білім басқарма­сының басшысы Гүлмира Кә­рімова мектеп кітапханаларында да балалардың кітапқа махабба­тын ояту үшін түрлі шаралар өткі­зіліп жатқанынан хабардар етті. «Облысымызда 410 мектеп кітапханасы жұмыс істейді, олар­дың кітап қоры – 5 миллион да­на. Биыл мектептердің 80 кі­тапханасын жаңартуға 120,8 миллион теңге бөлінген. 2021 жылы 200 мың дана көлемінде көркем әдебиет сатып алуға 250,4 миллион теңге жоспарланған. Былтыр 72,6 миллион теңге бө­лініп, 38,8 мың дана көркем әде­биет сатып алынды», – деді Гүлмира Райынбекқызы. Солтүстік Қазақстан облы­сындағы мектептерде 425 кітап­ханашы жұмыс істейді. Биыл тағы 75 кітапханашыны оқыту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1,9 млн теңге бөлінген екен. Бі­рақ кітапханашылардың еңбек­ақысының аздығы Үкімет дең­гейінде әлі де шешімін таба ал­май келе жатқан күрмеуі қиын мәселе күйінде қалып отыр.

ДӘСТҮРЛІ КІТАПХАНАНЫҢ БАЛАМАСЫ

Жастарға кітап оқытудың бір амалы болса керек, соңғы кезде аудио, электронды кітаптар, инно­вациялық сөйлейтін қалам­дар, QR коды арқылы кітап жүк­теп алу деген сияқты түрлі қо­сым­шалар шыға бастады. 2019 жылдан бастап осындай жаңа технологияларды там-тұмдап енгізе бастаған Мағжан Жұма­баев атындағы жоғары гумани­тарлық колледждің директоры Ерлік Жанділдиннің пікірінше, бұл – кітапты насихаттауда тап­тырмас құрал. Инновациялық сөйлейтін қаламды оқу орнына әлеуметтік серіктестері тарту етіпті. «Қазір екі жинақ бар. Біріншісіне – 4 , екіншісіне 13 кітап енгізілген. Барлығы да қа­зақша. Қазақтың шұрайлы тілін, бай дәстүрін меңгеруге септігін тигізеді. Бесік жырлары, даналық сөздер, өлеңдер мен жырлар бар. Қаламды тақаған кезде оқи жө­неледі. Бұл – біріншіден, көзі нашар көретін балаларға өте ыңғайлы. Екіншіден, балалардың қолының ұсақ моторикасы да­ми­ды. Үшіншіден, сал ауруына ұшы­раған балаларды дамытуға жақсы. Жалпы, осы иннова­ция­лық қалам арқылы бала көзбен де көріп, құлақпен де естіп, зейін қояды, логикасын дамытады әрі сөздік қорын байытып, ой-өрісін кеңейтеді», – дейді директор. Мұндай кітаптар графикалық нұс­қасына қарағанда қымбат­тырақ әрі қосымша шығындарды талап етеді. Сонымен қатар дәс­түрлі кітап оқуға кері әсерін ти­гізуі мүмкін сияқты болып кө­рінді. Бірақ директор бұл ойы­мызды жоққа шығарды. Кітап­тарды QR коды арқылы жүктеп алып оқуға арналған қабырға жасап қойған Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-гимназия директоры Ер­жанат Бәкіров те осындай пі­кір­де. «Бұл стендті «Ақылды кі­тап­хана» деп атадық. Қолында iPAD-ы, электрондық оқулығы бар оқу­шылар бос уақытында оқуы үшін және оларға қолжетім­ді болуы үшін жасадық. Бірақ олар дәстүрлі кітапханаға да ба­рады», – деді Ержанат Рымға­лиұлы. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кі­тапхана директоры Бейбіткүл Әбілмәжінова да кейбір кітаптар цифрландырылғанын айтты. «Электронды кітапханамызда қазір 40 мыңдай кітап бар. Оның бәрі оқырмандар үшін тегін. Мұн­да негізінен өлкетану тақы­рыбындағы кітаптар мен шығар­малар енгізілген. Электронды кі­тапхананың бір қиын жері – авт­орлық құқық сақталуы тиіс», – деді Бейбіткүл Мағжанқызы. Заман талабы болса керек, мұғалімдер де, кітапханашылар да электронды кітаптардың дәстүрлі кітапханаға еш зияны жоқ деп есептейді. Дегенмен бәрі бір кітаптың орны бөлек, кітап қашанда кітап болып қала бер­мек. Ал балаларға арналған кі­тап­тардың сапасы мүлдем бөлек әңгіме. Кітаптардың безендірі­луі, дизайны, суреті, мұқабасы, қарпі – бәрі-бәрі көңіл бөлуді, жетілдіруді қажет ететінін қалам­герлер мен мамандар айтып жүр. Осының барлығы балаларды кітапқа қызықтыру үшін де қа­жет. Қазіргі бала мен бұрынғы баланың арасындағы айырма­шылық, әрине көп. Дегенмен бұрын оларды кітап оқуға қызық­тыру үшін осыншама шара өткі­зілмеуші еді. Енді осы науқаннан бір нәтиже шығып, жақсы өзгеріс болса игі.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы