«Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі мәселелер қаралды.
Өңір бойынша Жол картасының бағыттарына сәйкес, инклюзивті білім беру, балаларға арналған оңалту орталықтарында 150 орынға дейінгі жағдай жасау жайы сөз болды. Сондай-ақ осыларға қатысты 2021 жылы бірыңғай онлайн портал құрып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға «Жанұя» орталығын ашу секілді проблемалар көтерілді. Кеңес кезінде Батыс Қазақстан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова баяндама оқыды. «Облыстың Жол картасында көрсетілген 4 тармақтың бүгінде 2 тармағы орындалды десек те болады. Нақтырақ айтатын болсақ, ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған 150 орындық «Әлеуметтік оңалту орталығын» ашу бойынша Орал қаласының «Ақжайық» шағынауданында 5,8 га жер телімі бөлінген. Қазір Құрылыс басқармасы мен «Асемжобақұрылыс» ЖШС арасында келісімшарт жасалып, орталықтың құрылысына республикалық бюджеттен 4,1 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Орталықтың аяқталуы 2023 жылға жоспарланған. Биыл 1 тамыздағы ақпаратты назарға алатын болсақ, облыс бойынша 1 133 нысан бейімдеуге жатқызылады. 82 нысан қимыл-тірек қозғалысы бұзылған жандарға, 70 нысан арбаға таңылған жандарға, 105 нысан есту қабілеті бұзылған жандарға және 20 нысан көру қабілеті бұзылған жандарға арнайы бейімделген», – деді ол. Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік қызмет көрсету порталына толықтай көшірілген болатын. Қала аумағында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша Ten Qogam орталығы және зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қызметтерін жалғастырып келеді. «Жанұя» орталығының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, бүгінге дейін 691 адам келіп жолыққан екен. Оның ішінде 108 адамға психологтердің, 432 адамға әлеуметтік сұрақтар бойынша, 151 адамға заңгерлік көмек көрсетілген. Басқосу кезінде мүгедек жандардың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне байланысты сұрақтар талқыланып, басқарма басшылығына жолданды. Кеңес мүшелері тарапынан онлайн форматта ұйымдастырылған отырысқа қатысушылардың кейінгі жиналыстарға толық қатысуы талап етіліп, сайлауалды бағдарламада нақты көрсетілген мәселелердің шешілуін қадағалау бойынша бірқатар ұсыныс енгізілді.М.ТӨЛЕУ