Жас келсе – іске
Жас келсе – іске
344
оқылды

Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Бүгінде Ақтөбе облысы аума­ғында 315 ауыл орналасқан. Ауыл халқы 253 мың адам не­месе өңір халқының 28%-ы. Ауылдардың дамуына жағдай жа­сау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Биыл облыста ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округте өтті. 84 елді мекенді қамтыды. Мұғалжар ау­даны Қайыңды ауылдық округіне сайлаушылардың сені­мінен шыққан жас Нұрболат Жалғас әкім болып келді.

Берекелі ауыл – табысты мемлекет!

Тұрғындардың басым көпшілігі дауыс беру нәтижесінде Қайыңды ауылдық округінің әкімі болып Нұрболат Жалғас сайланды. Жаңадан сайланған округ әкімін ауыл тұрғындарына аудан әкімі Асқар Шериязданов таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Нұрболат «Әкім болып сайлану үшін үміт­кердің жасы 25-ке толған, қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заң­нама талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ сотталмаған және сыбайлас жемқорлық қылмыс, құ­қықбұзушылық жасау дерегі бол­мауы керек» деген қағидаға сай бол­­ды. Өйткені оның жасы 30-да. Мем­лекеттік қызметте еңбек өтілі бар. «Берекелі ауыл – табысты мем­ле­кет!» дейді Нұрболат Жола­манұлы. Ол осы қағидатты тұмар етіп ұстайды. Өз ауылының бола­шағына сенімді. Ауылдықтар да оған арқа сүйейді.

Осы ауылдың баласы...

Жалпы, Қайынды ауылдық округінде 1 225 адам тұрады. Нақ­тылап айтсақ, Қайыңды ауылында – 697, Алтынды ауылында 528 тұр­ғын бар. Ауылдың тұрғындары өз ауы­лының баласына дауыс берді. Олай деуге басты себеп, Нұрболат осы ауылдың топырағына аунап өсті. Балалығы да, жастық шағы да осы жерде өтті. Нұрболат Жалғас 1991 жылы Қайыңды ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін тәмамдаған. Мемлекеттік қызметте 8 жылдан астам уақыт қызмет ат­қарып келеді. Осы қызметке сай­лан­ғанға дейін Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының бас ма­маны қызметін атқарды. әкім – Осы Қайыңды ауылында туып-өстім. Бала кезден ата-анам мені адалдыққа, еңбексүйгіштікке, туған жерді сүюге үйретті. Мен де екі баламның бойына осы құнды­лықтарды сіңіруге тырысамын. Туризм мамандығы бойынша жо­ғары білім алған соң ауылыма келіп, Қайыңдының дамуына үлес қосуға бел будым. Сол себепті ең­бек жолымды Қайыңды ауылдық округі әкімдігінен бастадым. Әуелі қатардағы маман, содан соң бас маман болып тағайындалдым, – дейді жас әкім.

Күшімді ауылға саламын...

– Елмен етене араласып жүр­гендіктен де, ауыл тұрғындарының күн сайынғы қиындықтарын бір кісідей білемін. Жолдардың на­шарлығы, жарықтың әлсін-әлсін сөнуі, амбулаторияның, балабақ­шаның жағдайы бәрімізді де тол­ғандырады. Сондықтан Алтынды ауылында амбулатория ашылуына ықпал етемін. 2023 жылы Алтынды ауылында мектеп ашылатын бо­лады. 2024 жылға қарай Алтынды-Қайыңды бағытындағы 32 км электр желісін қайта жаңарту және кеңейтуге күшімді саламын, – дейді Нұрболат Жоламанұлы. Сонымен қатар жас әкім 2025 жылы Ембі-Алтынды 56,7 км авто­жолы, Алтынды-Қайыңды 35 км автожолын орташа жөндеуге ықпал етемін, 2024 жылы Қайыңды дә­рігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізілетінін атап өтті. Ауылдың бюджеті шектеулі еке­нін түсінген әкім қосымша қар­жыландыру көздерін табуға ниет­тенген. Сол арқылы 2022 жылы «Шапағат» балабақшасына ың­ғайлы ғимарат қарастыруға. 2024 жылы Алтынды ауылында зама­науи жабдықталған спорт алаңын салуға күш салатынын жеткізді. Ауылдың болашағы үшін жұ­мыс істеймін деген жас әкім «Ин­весторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жандандыруға, кәсіп­керлік бастамаларды көтермелеуге, ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға, ауылдық округ тұрғын­дарының салауатты өмір салты мен мәдени демалысын қолдауға өз үлесімді қосамын» дейді.  

Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ