Әуесқой боксты кәсіпқойлармен толтырамыз ба?

Әуесқой боксты кәсіпқойлармен толтырамыз ба?

Токио Олимпиадасы аяқталса да, ондағы сәтсіздіктің «жыры» әлі біткен жоқ. Әсіресе, жанкүйерлерді «қанымызға жақын» дейтін бокстан ұлттық құраманың жеңілісі түңілдірген болатын. Енді ел боксында үлкен өзгерістер боларына дәме бар. Дегенмен оның өзі көңіл толмас өзгеше сарында өрбитін тәрізді. Ұлттық құрама жаңа жастар буынымен толығар деп күтсек, бұрынғылардан әлі қол үзбейтін тәріздіміз.

РЕФОРМА ӨЗГЕШЕ БОЛМАҚ

Жақында Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін командада болатын өзгерістер жайлы айтқан еді. Токио төрінде Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қана жартылай финалға жетіп, екеуі де қола жүлде алғанын білеміз. Артаевтың айтуынша, енді бокстан ұлттық құрама мүшелерінің 80 пайызы өзгермек екен. – Ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Бірақ Олимпиадаға барған құрама 80 пайызға өзгереді. Өйткені резерв бар, өсіп келе жатқан жастар бар. Бізде кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар. Бәрімен келіссөздер жүргізілді. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттердің бәрі келуге дайын, – деген болатын ол. Аңғарсақ, федерация ұлттық құраманы енді кәсіпқой боксшылармен толтырмақшы екен. Артаевтың айтуына қарасақ, бәрі келуге дайын секілді. Дегенмен бұл бокстағы дұрыс реформа болады деп айтуға келе ме? Сонда жастардан мықты шықпай, кәсіпқой боксшыларға зар болдық па? Олардың екі ортада жүруге келісе қоятынына күмән бар. Ал Бақтияр Артаев биыл Сербияда өтетін әлем чемпионатына кәсіпқой боксшылармен баруымыз мүмкін екенін айтып қалды. Биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бокстаспақ. «Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Олимпиаданың қателігін де сол жерде жөндейміз», – деп атап өтті Артаев. Сонымен, бокстағы реформа жастар арқылы емес, бұрыннан даңқы шыққан кәсіпқой боксшылар арқылы жүзеге аспақ. Енді осыған қатысты бапкер мен кәсіпқой боксшы пікірін білсек.

«ЖАСТАР ЖАРЫҚҚА ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛДЫ»

2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының финалына төрт қазақ боксшысын шығарған Қазақстан бокс құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділовтің қазіргі қазақ боксына көңілі толмайтынын байқап жүрміз. Кезінде Бекзат Саттархановтай жастарды алаулы доданың төріне шығарған бапкердің тәжірибесі мен біліктілігіне көпшілік шек келтірмейді. Осы жолы да даңқты бапкер «ұлттық құраманы кәсіпқой боксшылармен толтырамыз» дегенді сынға алып, дұрыс тәсіл емесін айтып отыр.

Егер негізгі жарыстарға, яғни әлем чемпионатында күш сынауға шақырып жатса ұлттық құрамаға қосылып, көмек беріп кетуге болады. Бірақ ол менің кәсіпқой бокстағы мансабыма кедергі келтірмеуі тиіс. Қазір салмақ дәрежелері де ауысып отырады.

– Менің ойымша, бұл Олимпиадағы сәтсіздікке өкпелеген елді уақытша тыныштандырудың амалы тәрізді. Жақсы, кәсіпқой бокста бағын сынап жүргендерді ұлттық құрамаға аттай қалап шақыр тармыз. Бірақ Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ахметов (бұл қатарды толықтыра беруге болады) сияқты профессионал боксшылар келісе қоя ма? Меніңше, келгісі келмес. Оларға мұның керегі де жоқ. Себебі артынан өкшелеп келе жатқан дарынды жастар көп. Алайда ол жастар сол күйі «жарыққа» шыға алмай жатыр. Өйтпесе, осы жолы да 63 келіде, 91 келі салмақта басқа дарынды жастар болды. Соларды алар болса қайда қалды? Ал кәсіпқой бокста топ спортшылардан Ұлттық құрамаға қайыр күту ақылға сыймайды, – дейді бапкер.

«КӨМЕК БЕРІП КЕТУГЕ БОЛАДЫ»

Осы мәселеге байланысты біз 2016 жылы Рио Олимпиадасының чемпионы атанып, осы күні кәсіпқой бокста жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Данияр Елеусіновке хабарласқан едік. Боксшының ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге әлі де ниеті бар тәрізді. Бірақ спортшы қазір кәсіпқой боксты бірінші кезекке қояды. Сол себепті «бірнеше талабыма көнсе, құрама сапында жүріп, ел атынан шығуға келісемін» дейді. – Егер негізгі жарыстарға, яғни әлем чемпионатында күш сынауға шақырып жатса ұлттық құрамаға қосылып, көмек беріп кетуге болады. Бірақ ол менің кәсіпқой бокстағы мансабыма кедергі келтірмеуі тиіс. Қазір салмақ дәрежелері де ауысып отырады. Мен 67 келіге де, 71 келіге де шыға аламын. Маған соның 67 келісі дұрысырақ болатын шығар. Себебі кәсіпқой бокста 66,7 келіде шығып жүрмін. Бір жағынан өзімнің де талабым бар. Чемпионаттарда төрешілер құрамы «кәсіпқой бокстан келді» деп қысым көрсетпесе, әділдік танытса, шығуға болады, – дейді Данияр Маратұлы. Қош, кәсіпқой боксшылардың келісімін алып, кей талабына көндігіп, бокстан ұлттық құраманы алға жетелерміз. Бірақ неше жылға дейін? Бәлкім, үш жыл, бес жылға дейін созылар. Одан кейінгі кезекте кімге жүгінеміз? Кәсіпқой бокста жүрген спортшылардың ұлттық құрамадан гөрі, сол кәсіпқой боксты бірінші кезекке қоятыны айтпаса да белгілі. Сондықтан кәсіпқойлар арқылы ұлттық құраманы алға тартамыз деу жансақ пікір тәрізді. Бұл тұста жаңа буынды, яғни дарынды жастарды ұмыт қалдырғандаймыз. Егер олар бүгін ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік ала алмаса, келешекке қалдыру бекершілік болмай ма?

Мадияр ТӨЛЕУ