Батыс Қазақстан облысында полицейлерге қатысты екі жемқорлық фактісі тергеліп жатыр. Олардың бірі параны қой түрінде алған деген мәлімет бар.
Ал тергеушінің өзі малды сатып алғанын айтып отыр. БҚО полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының мән-жайын айтпаса да, фактінің тіркелгенін растады.
Қос фактіні де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергейді. "Құқық бұзушылық жасаған Жәнібек ауданының учаскелік инспекторы атқарып отырған лауазымынан босатылды. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің басшылығына да қатаң жаза қолданылады. Тергеушінің кінәсі әлі дәлелденген жоқ, бірақ ол іс аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді", – деп түсіндірді полиция департаментінен.