ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов елімізде ұрланған көліктердің қалай сатылатындығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде ең көп таралған түрі лизинг, несие және автомобильді жалға алу болып отыр. Мәселен, соңғы уақытта Ресей Федерациясымен өзара іс-қимыл барысында мұндай жағдайға тап болатындар көбейіп тұр. Ресейде алаяқтар көлікті лизингке сатып алады да, бірінші айында лизингті немесе несиені төлейді. Ал одан кейін машинаны Қазақстан аумағына айдап келіп, оны біздің аумақта сатып жібереді әрі біздің республиканың атына рәсімдейді», - деді Қанат Нұрмағамбетов Ішкі істер министрлігіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Ал Ресейде лизинг компаниясы несие төленбей қалғаннан кейін көлікті іздеп таппай қалады.
«Лизинг төлемі тоқтағаннан кейін ғана әлгі көлікке іздеу жарияланады. Көлікті жалға алу кезінде де қылмыскерлер дәл осындай әрекетке барып жүргені белгілі болды», - деді ол.