Пара берудің түрі ауысып бара ма?
Пара берудің түрі ауысып бара ма?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
401
оқылды

«Адамнан айла аспайды» дегенді білуші едік. Осы күні ойындағысын іске асыру үшін пара бергісі келгеннен де, пара алғысы келетін ақжа­ғалы­лардан да айла аспайтын болды. Бұрын көбіне жұрт параны тек ақшалай беретінін білетін. Соңғы кездері өзгеше жолын тауып, заттай беретін әдет шықты. Енді жемқор­лардың жемсауы автокөліктен бастап, ұсақ мал, балық, мү­лік, тіпті сиырдың тезегімен де толығатын болды. Бірақ пара берудің түрі ауысты екен деп, оның жазасы жеңілдей ме?

Тезекке мұқтаж әкім де бар

Соңғы бесжылдықта шенді-қараларда осындай бір ерекше үрдіс шықты. Ауызбастырыққа ақша алмай, заттай мүлік сұрайды. Шамасы, ақша болмаса, заттай алғаным пара болмайды деп ойласа керек. Бірақ параның өзі түрлен­десе де, тегі сол қалпында қалаты­нын білсе керек. Шенеуніктің алдына біреу бір мақсатпен келеді, ол мақсаты іске асуы үшін ақша бере ме, не үйіне азық-түлік апа­рып бере ме, бәрібір пара санатына жатқызылады. Қой немесе ұсақ малды қойшы, бұқтырылған ет, қап-қап сиырдың тезегі дейсіз бе, біздің жемқорлардың араны зат талғамайтындай. Кез келген зат берем десең де қолыңды қайтар­майды. 2019 жылы Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысы тен­дер­ді құны 10 миллионнан асатын қымбат автокөлікке айырбастаған. Ал Шығыс Қазақстанда полиция бөлімінің бастығы ұрылардың артын жабамын деп ауызбас­тырыққа балық сұраған екен. Ал Ақмола облысындағы аудан әкім­дерінің бірі жерді жалға алу мер­зімін ұзартқаны үшін ұсталып еді. 3 ірі қара мал мен екі жылқы әкім­нің тақиясына тар келіп, 650 мың теңге қоса сұраған көрінеді. Бұдан бөлек, Ақсай ауылдық округінің әкімі қайбір жылдары сиырдың тезегін пара ретінде алып, елге масқара болғаны есімізде. 2015 жылы Семейдегі әскери мектептің директоры пара ретінде бірнеше банкі бұқтырылған ет алған. 2014 жылы Атырау облысындағы шенді­лердің бірі сыйақыға 150 литр жа­нар­майдың талонын алып, жазаға тартылған. Параны бар болғаны ұсақ затпен алды екен деп жазадан сытылып кетіп жатқандары жоқ. 2017 жылы Семейде параны етпен алған білім бөлімі басшысының орынбасарына сот үкімі шыққан еді. 54 жастағы Сара Елеусізоваға сот 9 миллион теңге айыппұл салып, бостандыққа жіберген еді. Мұнымен қоймай, жеке мүлкінің бәрі тәркіленіп, өмір бойы мемле­кеттік қызметтен аластатылған болатын. Оқиға былай болған. Елеусізова бір балабақша есепші­сінің 9 айлық есеп-қисабын еш кедергісіз жауып бермек болған. Ол үшін бар болғаны 5 келі етті үйіне жеткізіп беруін сұраған. Шенді тағы бір адам­ға мектеп игілігіндегі авто­бусты алып бермекке ұмтыл­ған. Бұл қызметіне әуелде 15 тонна көмір сұрап, кейін ойынан айны­ған ол 120 мың теңге жететінін айт­қан. Сол ақшаны жұмыс орнын­­да алып жатқан сәтте жем­қор­­лыққа қарсы қызмет өкілдері қолға түсірген еді. 2019 жылы «Астана су арнасы» мекемесінің бұрынғы басшысы пара орнына 3 бөлмелі пәтер алған. Сот шешімімен Уәлихан Досаев 7 жылға түрмеге қамалған болатын. Осылай бір келісімге қол қою үшін ақы аламын деп бас бостандығынан айырылған еді.

Пандемия пара түріне әсер етті ме?

Пандемияның пара көлеміне де әсер еткенін сараптамалық орта­лық­тар жиі айтып жүр. 2019 жылы жемқорлар өз қызметі үшін 500 теңгеден жарты миллионға дейін ақша сұраса, биылғы сома одан екі есе аз көрінеді. – Жыл басында пара беруге қатысты сауалнама жарияладық. «Жемқорлыққа не себеп болды» дегенге респонденттер 30-дан аса себеп көрсетеді. Олардың жарты­сы­нан көбі: «Осылай ыңғайлы, мәселені тезірек шешуге болады» деп жауап берген. 8 пайыздан аса қатысушы «Басқа амал жоқ еді» деген. Осылай респонденттер мәселені тезірек шешу үшін «пара беруге дайын» екенін көрсетті, – дейді Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиян. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратифи­кациялап, халықаралық құқық нор­ма­ларын негізге алып, сыбай­лас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күреске бағыт­талған тиімді құқықтық шараларды әзірлеуге және қолдануға ниет білдіргені белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2003 жылғы 31 қазанда қабылданған Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы конвенциясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес сала­сын­дағы қызметті сипаттайтын халықаралық тәсілдер мен стан­дарттар анық көрсетілген. Онда параны құнына қарамастан заттай беру не алудың кәдімгі ақшалай алынатын парадан еш айырмасы жоғы айтылады. Сондықтан пара түрленгенімен, оның түпкі негізі бәрібір жазадан құтылуға септес­пейді. Жалпы, елімізде 2 мың теңгеден жоғары сомадағы сыйақы пара болып есептеледі. Бұл жолы біздің назарға іліккені, тек майда-шүйде фактілер. Яғни, бергі жағын шолып отырмыз. Ал «түйені түгі­мен жұта­тындар» туралы тақырып бөлек болмақ. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлім­демесіне сүйенсек, «корруп­цио­нерлер көбіне параны ақшалай алады. Қолма-қол алмағанымен, банк карталарына аударған жағ­дайлар жиі кездескен. Сыйақыны букмекерлік  кеңселердегі логин­дарына аударуға өтініш жасай­тындар да көп. Оған қоса, гүл са­ла­­­тын қымбат ваза, ұялы телефон, нөмірге баланс аудару, мал-мүлік түрінде жемқорлыққа барған фактілер бар». Бір байқа­ғанымыз, соңғы жылдары осы пара беру түрлерінің ішінде заттай ұсыну кө­бейіп барады. Оның қыл­мысты жасыру жолы тәрізді әрекет екенін аңғару қиын емес. Әйт­кенмен, пара тек ақшаға тірел­мейді.

Мадияр ТӨЛЕУ