Қазақстанда электронды коммерция ауқымы күрт артты. Оның көлемі бір жылда екі еседей артып, 1,5 триллион теңгеге жуықтады. Мұның сыртында 1 жыл ішінде қолма-қолсыз төлем көлемі де бірден 2,4 есеге артып, 30 триллион теңгеге жетті. Бір жыл бұрын алынған меже 12,4 триллион теңге болатын. Бұл – ел Үкіметі жүргізіп отырған электронды сауданы ынталандыру жөніндегі кешенді жұмыстардың нәтижесі.
Осы бағытта заңнаманы жетілдіру, қолма-қолсыз есеп айырысуды ілгерілету, шағын және орта бизнесті оқытып, үйрету, жеткізу қызметін және логистикалық сервистерді дамыту шаралары қабылданып жатыр. Ішкі электронды сауданың өркендеуіне серпін беру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті онлайн бизнес жүргізуге үйрету жұмысы белсенді жүргізілуде. Осы орайда алдағы қыркүйектен бастап Сауда және интеграция министрлігі SmartDuken.kz платформасын іске қоспақ. Биыл бұл тұғырнамада 4 курс орналастырылады. Қазір курстарды іске қосу кестесі әзір. Осы курстар үшін контент дайындау жұмыстары жалғасады. Коронавирус пандемиясы шағын және орта бизнестің қызметіне өзгерістер әкелді. Карантин шектеулері және дағдарыс салдарынан 19,3 мың шағын кәсіпорын өз қызметін уақытша тоқтатқан. Дегенмен кәсіпкердің көбі жаңа жағдайға бейімделді. Қолма-қолсыз төлемдер инфрақұрылымын пайдалану арқасында кәсіпкерлер өз қызметін онлайн режимге көшірді. Бұл ел экономикасының қайта жандануына және рецессиядан шыға бастауына ықпал етті. Мысалы, коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында енгізілген карантин шектеулері электронды сауда саласының тұрақты дамуына оң әсер еткен. Сауда және қоғамдық тамақтану орындары «тұтынушыға дейін жеткізу» қағидаты бойынша жүйелі жұмыс істеді. Тауарларды сату арнайы сайттармен, маркетплейстермен қатар, Instagram, Facebook әлеуметтік желілері мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізілді. 2021 жылдың бірінші жартысының қорытындысында төлем карталары арқылы төлем қабылдайтын кәсіпорындардың саны 210,8 мыңға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (101,5 мың компания) екі еседей артық. Осылайша, төлем қабылдауды автоматтандырған отандық бизнес нысандарының саны еселеп өсіп келеді. Кәсіпкерлердің онлайн форматқа ауысуы іскерлік белсенділік көрсеткішінің жақсаруына да түрткі болды: биылғы наурызда іскерлік белсенділік индексі пандемия басталғалы алғаш рет оң көрсеткішке жетті. Өңірлік бөліністе төлем карталары арқылы есеп айырысатын сауда орындарының саны жөнінен Алматы (51,4 мың), Нұр-Сұлтан (34,8 мың) қалалары және Қарағанды облысы (16,6 мың) алда. Төлем жасау саласында инновациялық шешімдердің кеңінен енгізілуі арқасында электронды сауда қолма-қол ақша айналымын ығыстырып жатыр. Атап айтсақ, 2021 жылдың бірінші жартысының қорытындысында қолма-қолсыз төлемдердің үлесі 75,4%-ды құрады. Бұл ретте төлемдердің 82,7%-ы интернет және ұялы телефон арқылы онлайн тәсілмен жүзеге асырылған.Е.ЕРДЕНОВ