26 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай бірлескен мәлімдемені қабылдады.
ҰҚШҰ құрамындағы 6 елдің бірлескен мәлімдемесінде Семей ядролық полигонын өз Жарлығымен жапқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше атап өтілді. Министрлердің мәлімдеуінше, мұндай тарихи қадам ядролық сынақтарды өткізуге жан-жақты тыйым салу идеясын ілгерілету жолындағы маңызды кезеңге айналды. Құжатта Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлемдегі ядролық сынақтарға мораторий қою жөніндегі халықаралық іс-қимылға және 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құруға алғышарт болғаны баса айтылды. Семей полигоны жабылғалы бері оның аумағы мен іргелес аумақтарын қалпына келтіру, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қалпына келтіруге бағытталған Қазақстанның ауқымды жұмысы атап өтілді. Ядролық таратудың қаупін жою мақсатында Қазақстанның Ресеймен және АҚШ-пен бұрынғы полигон аумағында жүзеге асырған бірлескен жобаларының маңыздылығына екпін түсірілді. Құжатта 2020 жылғы желтоқсанда қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының «Қазақстандағы Семей аумағының тұрғындарын оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық» атта қарарына қолдау білдірілді. Сондай-ақ Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енгізу мақсатына ұйым елдерінің беріктігі нықталды. Жалпы, ҰҚШҰ елдері ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесіне жоғары баға береді.Айхан ШӘРІП