Көкшетауда үй салуға жер учаскесін алу мұңға айналды
Көкшетауда үй салуға жер учаскесін алу мұңға айналды
© inbusiness.kz
367
оқылды

Елімізде әрбір қазақстандыққа 10 сотықтан жер беру мәселесінің көтерілгеніне жылдардың жүзі болды. Тіпті, заңда  жер учаскесін беру жайы нақтыланған. Алайда Көкшетауда үй салу үшін алақандай жер ала алмай жүргендердің қарасы қалың. Кезекке сонау 15-16 жыл бұрын тұрғанымен, еш нәтиже жоқ. Халық әлеуметтік желілерге де, жергілікті билік өкілдеріне де мұң-зарын талай айтқан. Дегенмен ұзын сонар кезек азаюдың орнына еселене түскен...

Заңға сәйкес, тұрғын үй салу үшін жер учаскелері жарық, су және жол сияқты қарапайым ин­фрақұрылымдық қажеттіліктермен бірге берілуі тиіс. Алайда жергілікті билік те, тиісті органдар да қара­жаттың жоқтығынан жер телім­дерін ондаған жылдар бойы ке­зек­те тұрғандарға бере алмай жат­қанын айтады...

Жер кезегіндегілер саны 15 мыңнан асып жығылды

Бүгінде тек Көкшетау қаласын­да үй салу үшін жер учаскесіне ке­зекке тұрғандардың ұзын саны 15 131 адамға жеткен. Тұрғын­дар­дың көпшілігі жер алудан үміттерін үзіп те қойғанын жеткізді. Өйткені сонау 2004 жылы кезекке тұрғандар да әлі жер ала алмай жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» заңға сәй­кес, әрбір азаматқа тиесілі 10 со­тық жер Көкшедегі кезектегілер үшін асу бермес арманға айналған. «Шынына келгенде, халық көп ештеңе сұрап жатқан жоқ. Бар болғаны су мен кәріз тартып берсе болды. Жер учаскесін алса қалға­нын адамдар өздері  жасап алатын еді. Ал электр желісіне келсек, ме­ніңше барлығы жекеменшік болып кеткен. Әкімдік бұл жерде еш қауқар да қыла алмайды. Бар­лық қалаларда желілерді жергілікті атқарушы органдар тартып жатыр. Жер учаскесі содан кейін ғана бе­ріледі.  Өкінішке қарай, бізде бұл заң жұмыс істемейді. Бюджеттің бүйірі тесік болса да бірдеңе етіп, инженерлік желілерді тартуға бо­латын еді. Болмаса, республикалық бюджеттен қаржы сұраса да. Бірақ халықтың өзі бақыламаса бәрі сол баяғыша болатыны анық. Билікке жұлқына ұмтылып, халыққа уәдені үйіп-төккен депутаттарымыз қай­да? Неге қордаланып қалған мәсе­леге назарын аудармайды», - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Мақ­пал Садуақасова. Тұрғындар жергілікті билікке мәселе көтеріп, кезектің не себепті жылжымайтынын талай сұраған. Алайда еститіні тек бір жауап – инженерлік желілерді салуға бюд­жетте қаражат жоқ. Қаланың бюд­жеттік қоры өте аз. Ал кезектен үмітін үзіп, пәтер алуға қалтасы көтермейтін халық саяжайлар мен қаланың ең шеткі аймақтарынан жер телімдерін алуға тырысады. Дегенмен қарапайым халықтың қалтасы мұны да көтермейді. Бү­гін­де 10 сотық жер көлемі кемінде 5-7 миллионға дейін жетсе, ішкі жағында 10-12 миллионға де­йін жетіп жығылған. Ал тұрғындар кезекте жылдар бойы тұрғанымен, жақында кезекте тұрғандар үй­лерін салып алғаны туралы әлеу­меттік желіде жиі жазылады. «Жақында әкімдікке төмендегі сауалымды қойдым. Мен жер учас­кесіне кезекте 2015 жылдан бері тұ­рамын. Алайда 2004 жылы тұр­ған­дар әлі жер учаскесін ал­ма­ған. Кезектері қарға адым болса да алға жылжымаған. Ал 2019 жылы ке­зекке тұрып үйлерін салып ал­ғандар да бар. Қызығы сол, әкім­дік­тен еш адам менің сауалыма жауап бере алмай, ашықтан-ашық әңгімені басқа арнаға бұра бас­тады. Меніңше, біздің шенділердің өзі ұрлық қылуға әбден құныққан. Тұтас елімізді тонап бітірді», – дей­ді қала тұрғыны Игорь Барыбин. Халыққа жер учаскелерін тұр­ғын үй салу үшін ұсыну Қазақ­стан­ның Жер кодексі нормаларымен және Ұлттық экономика минис­трінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №255 бұйрығымен бекітілген ере­желермен реттеледі. Егер жер­гі­лікті әкімдікке өтініш түскен сәтте жер учаскесі болмаған жағдайда түскен өтініштер кезек тәртібінде арнайы тізімге қойылады. Біз Көк­шетау қаласының жер қатынастары бөлімінен жер учаскелерін берудің неліктен жылжымай тұрғанын білмек болдық.

Әлеуметтік осал топқа кезектен тыс жер учаскесін беру қарастырылмаған

«Үй салу үшін жер учаскелерін беру қатаң кезектілік тәртібімен барлық қажетті инженерлік же­лі­лермен қамтылған дайын жер учас­кесі алаңы болған жағдайда ғана қанағаттандырылады. Соны­мен бірге жер заңнамасымен тұр­ғын үй салу үшін кезектен тыс әлеу­меттік осал топтар мен же­ңілдікпен беру қарастырылмаған. Қазір Көкшетау қаласында ғана тұрғын үй салу үшін кезекке тұр­ғандардың жалпы саны 15 131 адамға жетті», – дейді Көкшетау қа­ласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәулет Жүнісов. Ведомствоның мәліметінше, 2016 жылы Көкшетау қаласы әкім­дігі жанындағы жер комис­сиясы­ның отырысында Көкшетау қала­сының Бірлік шағын­ауда­нының солтүстігінде және бос жатқан бас­қа да жерлерді кезекте тұрған адамдарға ұсыну қарас­ты­рылған. «Сөйтіп, комиссияның шеші­мімен 2004 жылдың сәуірінен 2005 жылдың ақпанына дейінгі кезең­нен бері кезекте тұрған 184 адамға жер учаскесі берілді», – дейді Дәу­лет Жүнісов. Алайда Көкшетау қалалық сәу­лет және қала құрылысы бөлімінің мәліметі бойынша тұрғын үй са­луға 3 мыңға жуық жер учаскесі әзір­леніп қойылған. Дегенмен учас­келерді беру үшін инженерлік коммуникациялардың тартыл­мауына байланысты ұсыну жүзеге асырылмайды.

P.S. Баспана салу қазір әрбір адамның басты мәселесіне айнал­ғанымен, оны шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Осы орайда жайлы пәтерді қойып, заңмен бекітілген 10 сотық жердің әлі күнге беруді қа­растырылмай жатқаны көңілге кірбің салады. Заңмен инженерлік желілер тарту бекітілгенімен, жергі­лікті жерде оны салуға қаражат та­былмай тұр. Қазірдің өзінде 15 мыңнан асып жығылған кезекте­гілердің қашан жер алып, баспана салатыны белгісіз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы