Конституция – егемендігіміздің тірегі – Қайрат Мәми
Конституция –  егемендігіміздің тірегі –  Қайрат Мәми

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Ата Заңның қабылданғанына да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Замана талаптарына сай келетін, уақыттың сынына төтеп беретін негізгі заңды жазу да, аталған құжаттағы нормаларды жүзеге асыру да маңызды екені сөзсіз. Біз осы ретте Конституцияның қоғамды дамытудағы рөлі, атқаратын қызметі жайлы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәмимен сұхбаттастық.

– Былтыр Қазақстан республикалық референдумда қабылданған Конститу­­циясының 25 жылдығын атап өтті. Осы жыл­дар­дың нәтижесі бойынша Ата Заң­ның тиім­­ділігін, қоғам мен мемлекеттің даму про­­цестеріндегі оның рөлін қалай бағалар едіңіз? – Республика Конституциясы мерей­тойының атап өтілуі қоғамда осы тақы­рып­­қа деген жоғары қызығушылық, әсі­ресе жастар арасында конституция­лық пат­риотизм сезімі кең таралғанын көрсетті. Барша қауымның ортақ пікірі бо­йынша, 1995 жылы 30 тамызда қабыл­данған Конституция тәуелсіздігіміздің бас кезеңінде елімізде болған дағдарысты еңсеріп, әлеуметтік серіктестік, нарық­тық экономика, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге негізделген зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолына түсуге жол ашты. Жаңа конституциялық талаптарға сәйкес азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік билік органдары қа­лыптасты, жеке тұлға мен оның құқық­тары ең қымбат қазына ретінде танылды, мемлекеттік рәміздер бекітілді, бір сөз­бен айтқанда барымызды түгендеп, жо­ғымызды таптық. Бұл өзгерістердің бар­лығы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Осы жылдары әлемдік тәжірибеде «казақстандық даму жолы» деген ұғым орнықты. Қазір Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі, оның пікірінің жаһандық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауда сүбелі үлесі бар. Бұл жетістіктердің негізінде Конституция бекіткен принциптер жа­тыр. Сондықтан Ата Заңымызды маңыз­ды және тиімді жұмыс істеп отырған басты құқықтық құжат деп айта аламын. – Негізгі Заңның жобасын дайындауда Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев шешуші рөл атқарды. Бұл туралы тереңірек айта кетсеңіз? – Былтыр Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­дентінің Тәуелсіз Қазақстанның конс­титуциялық құрылысындағы рөлі: Ел­басы сабақтары» деген кітап шығарды. Онда бұл процеске жан-жақты сипаттама берілген. 1995 жылы жаңа Конституция да­йындау туралы шешім – Елбасының батыл қадамдарының бірі. Сол жылдары болған қоғамдық-саяси жағдайға, сыни пікірлерге қарамастан, Тұңғыш Президент 1993 жылғы алғашқы Конституцияға түзетулер енгізу жолын емес, конституциялық даму страте­гия­сының жаңа моделін, яғни жаңа Конс­титуция қабылдау бағытын таңдады. Ол туралы өз ойын бірінші рет 1994 жылдың аяғында: «Бізге жаңа Конституция қажет, егер біз оны қазір әзірлей алмасақ, онда елімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Қиындықтардан қашу, өзгенің жетегіне еру бет алған бағытымыздан ауытқу де­генді білдіреді, оны бізге тарих та, бола­шақ ұрпақ та кешпейді. Таяудағы айларда біз бар күш-жігерімізді жұмсап, кәсіби мамандарды жұмылдыра отырып, бұл іске ең кемел, саналы әрі жан-тәнімен бе­рілген адамдарды тартуымыз керек», – деп мәлімдеді. 1995 жылы 30 маусымда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент Конституцияның жобасын ұсынды. Ассамблея мүшелері оны толы­ғымен мақұлдап, барлық қазақстандық­тарға үндеу жасады. – Осы жұмысқа қаншалықты түрлі саяси институттар, азаматтық қоғам өкіл­дері, сарапшылар тартылды? – Ата Заң халық пен оның Көшбас­шысының бірлескен қызметінің нәти­жесі деп білемін. Сол кезеңде Елбасы конституциялық идеялар төңірегінде миллиондаған қазақстандықты, ішкі және сыртқы сарапшыларды шоғыр­ландыра алды. Жобаны дайындауда ұлттық құқық­тық даму тарихы, дамыған елдердің конс­титуциялық доктринасы және халық­аралық құжаттардың талаптары ескерілді. Тәуелсіз баға беру үшін отандық және шетелдік мамандардан тұратын сарап­шылық-консультативтік кеңес құрылды. Конституция жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында бүкілхалықтық талқылау үшін жарияланды. Үш мил­лионнан астам қазақстандық өз пікірін білдіріп, келіп түскен отыз екі мыңдай ұсынысты қорытындылау нәтижелері бойынша жобаның 55 бабына 1 100-ге жуық түзету енгізілді. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумға 8 миллионнан астам (сайлаушылардың 90,6%-ы) Қазақстан азаматы қатысып, олардың 89%-ы Конс­титуция жобасын қолдап дауыс берді. Жиырма алты жыл ішінде Конс­ти­туция өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетіс­тіктері Ата Заңның жоғары сапасының, онда көзделген құндылықтар мен ере­желерге деген шынайы құрметтің арқасы. – Конституциямыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталады. Осы ережелердің ұлтаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз етудегі рөлі қандай? – Бұл нормаларда мемлекет пен оның азаматтарының бірлігін білдіретін өте терең мән жатыр. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейді қазақ. Қазақстанның үлкен жетістіктерінің бірі – қоғамдағы келісім және бейбіт­шілік. Онсыз экономикалық және өзге де өрлеу мүмкін емес. Елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыстың, он жеті конфес­сияның өкілдері бір шаңырақтың астын­да тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары елор­дамызда бірнеше рет кездесіп, қол алы­сып, ортақ мәселелерді талқылағаны көпшіліктің жадында. Республика Конституциясында бұл құндылыққа негіз қалаған басқа да ере­желер бар. Республика қызметінің түбе­гей­лі принциптеріне қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм жатқызылған. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеу­меттік, лауазымдық және мүліктік жағ­дайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына байланысты не­месе кез келген өзге жағдаяттар бо­йын­ша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қа­ты­нас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар. Рес­публиканың конституциялық құ­рылы­сын күштеп өзгертуді, оның тұ­тастығын бұзуды, мемлекет қауіп­сіз­дігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеу­меттік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды на­сихаттауға немесе үгіттеуге жол беріл­мейді. Ұлтара­лық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конститу­ция­лық емес деп танылады. Ата Заңның бұл талаптарын өмірге енгізуде Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның рөлі зор. 2007 жылдан бері ол конс­титуциялық мәртебеге ие. – Мамандардың айтуынша, Қазақ­станның тұрақты және үдемелі дамуы Конституция арқылы президенттік басқару нысанын және жалпы жаңа мемлекеттік басқару жүйесін енгізумен тығыз байла­ныс­­ты. Бұған деген Сіздің көзқарасыңыз қандай? – Әлемнің көптеген елдерінде прези­денттік билік әртүрлі нысанда жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы инс­ти­тутының кез келген елде маңызы өте зор. Қазақстанда президенттік басқару ны­саны тәуелсіздік алғанға дейін енгі­зілгенін атап өткен жөн. 1990 жылы 24 сәуірде бұл ең жоғары лауазымды құру ту­ралы заң қабылданып, Нұрсұлтан На­зарбаев ел Президенті болып сайланды. Келесі жылдың 1 желтоқсанында ал­ғашқы тікелей президенттік сайлау өтті. Президенттік басқару нысанын енгізу КСРО-ның ыдырап, билік органдарында болған дағдарыс, саяси вакуум жағдайын еңсеріп, қоғам мен мемлекеттік орган­дардың қызметін егемендікке бет бұрған жаңа Қазақстанның алдында тұрған алғашқы кезекті міндеттерді шешуге бағыттауға мүмкіндік берді. Қолданыстағы Конституция Респуб­лика Президентінің мәртебесін нақтылап берді. Ол мемлекеттің басшысы, ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыт­тарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақ­стан­ның атынан өкілдік ететін ең жоғары ла­уазымды тұлға. Республиканың Прези­денті – халық пен мемлекеттік билік бір­лігінің, Конституцияның мызғымас­тығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдары­ның халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Республика Тұңғыш Президентінің прагматикалық саясатының арқасында еліміз Конституция шеңберінде эволю­циялық даму жолына түсті. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қызметінде де жалғасын тауып отыр. – Конституция – қатып қалған құжат емес. Осы жылдары оған бірқатар өзге­рістер енгізілді. Олардың қандай қажет­тілігі бар еді? – Қоғам мен мемлекеттің белгілі бір даму сатысында биік мақсаттарға жету үшін конституциялық деңгейде құқық­тық негіз құру қажет болады. Ата Заң қа­былданғаннан бері үш конституциялық реформа жүргізілді. Олардың әрқайсысы уақыт талабына сай іске асырылды. Қа­зақстан тәжірибесінде мұндай өзгерістер енгізудің президенттік форматы қалып­тасты. Ол терең әрі ауқымды халықтық сараптама жүргізуді, конституциялық процеске көпшілік қазақстандықтардың және тәуелсіз шетелдік сарапшылардың қатысуын қамтиды. Айталық, 1998 жылы Парламент Мә­жі­лісі депутаттарының бір бөлігін саяси партиялардың тізімдері негізінде про­порционалды өкілдік жүйесі бойынша сайлау, қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуы және басқа да жаңалықтар қарастырылды. 2007 жылы Мәжіліс депутаттарының басым көпшілігін сайлау аталған прин­ципке көшті. Атқарушы биліктің Парла­мент алдындағы жауапкершілігі күшей­тілді. Өлім жазасын қолдану аясы барын­ша қысқартылды. «Қазақстан–2050» Стратегиясының басты мақсатына жету жолында 2017 жыл­ғы конституциялық реформаның маңызы зор. Оның нәтижелері бойынша Пре­зи­денттің бірқатар өкілеттіктері Пар­ламент пен Үкіметке берілді, соңғы­ла­рының дербестігі мен жауапкершілігі кү­­­шейтілді. Бұған Еуропа Кеңесінің Ве­неция комис­сиясы өзінің оң бағасын берді. Осы конституциялық реформалардың барлығы қоғам мен мемлекет дамуында жаңа кезеңдерді ашып, алдағы уақытта үлкен өзгерістерге мұрындық болды. – Конституциялық Кеңес екі қауым­дастыққа төрағалық етеді екен. Бұдан келер қандай пайда бар? – Қазақстан Республикасының Конс­титуциялық Кеңесі 2017 жылдан Конс­титуциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына (9 ел), ал 2019 жылдан Азиялық конституциялық соттар қауымдастығына (19 ел) төраға­лық етеді. Мұндай беделді аймақтық ұйым­дардың басшысы болу еліміздің жоғары беделін, конституциялық саясатын және оны жүзеге асырудағы Конституциялық Кеңестің рөлін халықаралық деңгейде мойындаудың айғағы. Бұл қауымдастықтарға басшылық ету, мүше болу шетелдік әріптестермен озық тәжірибемен алмасуға, біздің еліміздің құқық саласындағы жетістіктерін ке­ңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Со­нымен қатар мен бұл ұйымдардың төр­ағасы ретінде Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік кон­ференция бюросының құрамына кіремін. Оған 117 мемлекет мүше. Ол деген біздің елдің сөзі ең жоғары деңгейде ескері­летінін білдіреді. Әлемнің белгілі заңгерлері өзекті конституциялық-құқықтық мәселелерді талқылап, олардың шешімдерін бірлесіп іздейді. Осы мақсатта былтыр елор­да­мызда Азиялық қауымдастықтың төртін­ші конгресі өтті. Биыл 27 тамызда «Интернет дәуірі: құқық үстемдігі, адам құндылықтары, мемлекеттік тәуелсіздік» тақырыбында Халықаралық симпозиум өтті. Онда жап­пай цифрландыру ғасырында адамның конституциялық құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. – Оқырмандарға деген тілегіңіз. – Барша қауымды алда келе жатқан мемлекеттік ұлық мереке – Конституция күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық пен табыс тілей отырып, жеңістен жеңіске жете беріңіздер демекпін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН