Арқалағаны алтын, жегені жантақ журналистердің жағдайы жиі айтылады. БАҚ өкілдерінің ақпарат алу барысындағы кедергілерден бастап қоғамдағы әлеуметтік статусы да нақты белгіленбеген. Соның салдарынан көптеген әріптесіміз қажетті ақпаратты алу үшін құзырлы орындарға сан рет өтініш жасап, жүз рет қоңырау шалуға мәжбүр. Оның өзінде қажетті ақпаратты алсаң жақсы. Кейде итке сүйек тастағандай қылатыны бар.
Жүйкені жұқартқан жеті күн
Әкімдіктер мен министрліктердің бір басында бірнеше баспасөз қызметкері бола тұра, бір ауыз пікір айтатын спикерді, қолда бар статистиканы алудың өзі қиямет қайым. Басшыларынан бастап қауырт тірлікпен айналысып жатырмыз дегенді желеу ететін баспасөз хатшылары ыңғайына келмейтін тақырып болса «ресми хат» жазуды талап етеді. Өйткені дәл осы заң нормасы журналистердің ақпаратқа қол жеткізуін тежеудің таптырмас құралына айналған. Бұл бюрократиялық қалқан арқылы баспасөз хатшылары ресми сауалға жауап мерзімі бойынша жеті күн сұрайды. Жеті күн жетпесе, жазбаша хатта себебін айтып тағы жеті күнге рұқсат алуы тиіс. Көбіне заңда көрсетілген жеті күнде де сауалыңа сай жауап, тұшымды ақпарат алу мүмкін болмайды. Журналист Болат Мұрсәлімнің тілінде айтсақ, жауаптылардың жауабын алғанша Батыс Қытайдан шыққан пойыз Батыс Еуропаға жетіп қояды. Бұл кезде көтеріп отырған тақырыптың тізесі шығып кетеді. Резонанс тудырған жағдайда құзырлы орындар шұғыл жауап беруі міндеттелген. Шұғыл жауап бергенін де көргенбіз. Карантин кезінде берілген өтемақы төңірегіндегі сауалымызға жауап ала алмадық. Онлайнда отырып, желіде жазысып жатқан баспасөз хатшысы телефонын бұғаттап тастады. Жақында Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындарында өткен емтихан жайлы пікір алмақ болдық. Университет басшылығы мен комиссия мүшелерінің өздерімен тілдесу мүмкін болмады. Құдды «қорғаныс» дегенді «құлыптау» деп түсінсе керек. Бұдан бұрын да әскери қызметкердің қаншасы өтемақы алатынын білмек болып, ресми сұрау салғанымызда баспасөз бөлімінің мамандары жауапты бір-біріне сілтеп, жеті күнде жөнін айтуы тиіс қызметкерден қайтара жауапты сол бойы ала алмағанбыз. Айтпақшы, ресми сұрау хаттың сұрауын сан рет сұрап, сүйкімсіз болған журналистерді өздерінің қара тізіміне енгізіп, іс-шараларына шақырмайтын мемлекеттік мекемелер де жоқ емес. Бұл туралы Елбасы да, Президент те талай рет айтқан. «Біз әлемнің дамыған 30 мемлекетіне ұмтыламыз дейміз. Бұл елдерде Үкімет пен оның барлық мүшелерінің қоғам үшін күнделікті ашықтығы. Онда Министрлер туындаған барлық мәселелерге әрдайым жедел пікір білдіріп отырады. Ал бізде не? Ақпараттық жұмыс тек журналистерге брифингке шығып, қағаз жүзінде оқумен шектеледі. Біздің министрлер брифингтерде де журналистерден қашады, қарапайым сұрақтарға жауап бермейді. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс», – деген еді бірде Президент. Бірақ журналистермен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс баспасөз бөлімінің қызметкерлері негізгі міндетін білмейді ме, керісінше басшыларын БАҚ өкілдерінен жасырып әлек. Сондықтан үлкен жиындарда журналистер кездесе қалған спикерінің соңынан қуалап, сауалдың астына алуға асығады. Әріптестеріміздің сұрағын сағызша созып, тілшілерді кеудесінен итерген төрағаларды көргенбіз. Заң бойынша журналистер ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға құқығы болғанымен, қалаған сауалына қажетінше жауап алу мүмкіндігі шектеулі. Өйткені жабық тұрған есіктің сыртынан сығалап, баспасөз хатшылары берген бір беттік қағазға қанағат қылып қайтады. Маңына жоласа микрафонды жұлып, шетқақпайлайтын шенеуніктерден кейін шектеулі ақпараттың өзіне шүкір дейтініміз сондықтан.Құлақ аспайтын құзырлы орындар
Президент шенеуніктердің халық үніне құлақ асып, мейлінше ашық болуын талап етіп келеді. Өйткені шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Өңірдегі басшылардан бастап бас қаладағы министрлерге дейін жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырды. Бұдан бұрын Президенттің пәрменімен желіден жеке аккаунтын ашқан аймақтың полиция басшысына шыққанбыз. Жыл басында халыққа жақын болу үшін ашылған әлеуметтік желідегі парақшасына әдемілеп хат жазып, баспасөз хатшысына ресми хатын жіберіп, сұхбат алуға сұрандым. Карантиндік ахуалға байланысты сұхбатты онлайн форматта алуға да келістік. Күнде ертеңмен бір ай өткенде «санитарлық жағдайларға байланысты департамент басшылығымен кездесу шектелді» деп қысқа қайырған. Сонымен бірге, жедел іс-шаралар көптігіне байланысты көрсетілген шараның жүзеге асырылуы мүмкін болмайтынын, қандай да бір ақпарат алу үшін ресми әлеуметтік желідегі парақшалар мен ресми хат жолдауға болатынын жеткізіпті. Бір қызығы, сұхбатты үш ай бойы бетпе-бет емес, онлайнда алу сұралған. Екіншіден, әлеуметтік желі сұраққа жауап алудың мүмкін еместігін жыл басында жауапсыз қалған хатымнан-ақ түсінікті болды. Жақында Петропавлда «Хабар» телеарнасының тілшілері Ashyq бағдарламасының жұмысы туралы сюжет түсіру үшін «Достық Молл» сауда орталығына келіп, мән-жайды түсіндірген. Түсірілім кезінде СО әкімшісі күзетшілерге шақырусыз қонақты шығарып жіберуді тапсырады. Оның соңы журналистерге жұдырығымен шабуыл жасаумен жалғасқан. Сондай-ақ Көкшетау прокуратурасы журналистің камерасын итеру, қорлау, ұру қылмыстық құқықбұзушылық емес екенін айтып, айды аспанға шығарды. Есте болса, 716.kz ақпараттық порталдың тілшісі Оксана Матасова редакцияға көмек сұрап келген ананың айтуы бойынша мақала жазбақ болады. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектормен хабарласып, ақпаратты тексеру және жұмыс берушілерден түсініктеме алу үшін өзен жағасына барған. Өзен жағасындағы балалармен сөйлесе бергенде сол жердегі жұмысшылар агрессивті әрекет ете бастаған. Камераны қағып, журналистті итеріп, жұмыс орнынан қуып жібереді. Күні кеше «Хабар-24» телеарнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірберген де операторымен бірге Алатау ауданының әкіміне алдын ала келісім бойынша келіп, есігінен кіре алмай кетті. Келіскен уақытта әкімдікке кіре алмаған әріптесіміз лифтке кіруге тырысқанда, күзетші оны ұстап алып, күшпен ғимараттың сыртына шығарып, есікті жауып тастады. Әлеуметтік желіде шу тудырған соң ғана әкімдік оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, телеарна қызметкерлерінің Ashyq мәртебесін сканерлеуден бас тартып, арандатушылық тудырды деп айыптады.Әкіреңдеген әкімдік
Аты-жөнін атамауын сұраған тағы бір әріптесімізді басшылықтың өзі әкімдіктің аяғына жығып беріпті. «Қапшағай қаласындағы газетте істеп жүргенде қосымша «Жас Алаш» газетіне мақала жазып жүрдім. Қарлығаш ауданындағы ауыз су, жол, маршрут мәселесін көтеріп, екі тараптың да пікірін көрсетіп, материал жаздым. Материалыма әкімдіктің сайтындағы ашық дерек көздердегі ақпарат пайдаланылды. Халықтың үні, әкімдіктің айтары бар. Біраз уақыт өткен соң өзімнің газетімнің басшылары, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан деген кісі, баспасөз хатшысы барлығы жиналысқа салып, қысым көрсетті. «Сені жұмыстан шығарамыз, сонда да «Жас Алашқа» жаза бересің бе?» деп турасын айтты. Сөйтіп ашық дерек көзінде басқа мәлімет тұрғанын алға тартып, мені кінәлі етіп көрсетпек болды. Бірақ бұл ақпарат менің мақаламнан кейін өзгертілгенін алға тарттым», – дейді ол. Алайда бас редактор «журналистің жұмысыңда көптеген кемшіліктер бар» деп әкімнің орынбасарына есеп беріп, журналисті жұмыстан шығармақ болады. «Құқығымды қорғау үшін «Түркітілдес журналистер» қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы мен Журналистер кәсіподағы басшысы Зейін Әліпбекке, «Әділ сөз» ұйымына хабарласып, көмек беруін сұрадым. Орнымда қалдым. Бірақ бәрібір жұмыстан шығып кеттім. Себебі қысымға алу одан ары үдеді», – дейді алматылық журналист.Әріптестің құқығын кім қорғайды?
Қазір Парламент мінберінде журналистиканың қара қазанында қайнаған біраз әріптесіміз бар. Әйтсе де журналистердің мәртебесін көтеріп, құқығын қорғауға келгенде енжарлық танытып жүргенін жасырып жаппай-ақ қоялық. Бұдан бөлек, Журналистер одағы, «Әділ сөз» ұйымы, Бас редакторлар клубы мен соңғы жылы құрылған BAQ KASIPODAQ салалық кәсіподағы жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың құрылудағы басты мақсаты да ортақ. Яғни, олардың міндетіне: БАҚ пен билік арасында конструктивті диалог орнатып, сөз бен баспасөз бостандығын қорғау, журналистердің экономикалық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасау. Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев БАҚ өкілдерінің ақпарат алуы жылдан-жылға қиындап бара жатқанын алға тартады. Ал карантин кезінде Ashyq мәртебесін сылтаурататын жағдайлар көбейгенін айтты. «Журналистердің құқығын жиі көтереміз. Өткен жолғы әріптесіміздің оқиғасына да пікірімді айттым. Егер кәсібіне байланысты заңсыз жағдайға тап болса, кез келген әріптесімізді қорғауға жұмыс істейміз. Бұрын да болды. Әлі де болып жатыр. Заңда ақпаратты кез кезлген жолмен алуға болатыны айтылады. Құзырлы орындар мемлекеттік және жекеменшік БАҚ деп алаламай, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуі керек», – дейді Сейітқазы Матаев. Былтыр ашылған BAQ KASIPODAQ салалық кәсіподағының бұрынғы басшысы, белгілі журналист Зейін Әліпбек журналистиканы дамытуға қатысты жұмыстар қолға алынды деп айту ерте деп отыр. «Өзге дегенде өгіз қара күші бар» журналистер отыз жылда құқықтық, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. «Кім көрінгеннің әкіреңдеуі мен қоқан-лоққысына төзіп жүре беретін журналист. Сәл сын жазса, белгісіз себептермен жұмыстан шығып қалатын журналист. Өзге кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан түрлі игіліктер жасалып, аспаннан шұға жауып жатса да, ұлтарақ тимейтін тағы журналист. Жалақысы ешқашан өспейтін журналист. Бүгінде журналистердің көріп отырған жақсылығы – әкімдіктердің, министрліктердің Журналистер күнінде бір жапырақ қағазы. Жағдайды түзеудің бір ғана жолы – «Журналист мәртебесі туралы» заң қабылдау. Сол арқылы олардың мәртебесі, статусы айқындалуы қажет. Кім көрінгеннің қол көтеруіне жол бермейтін, қызметтік міндеттемелерін орындауына мүмкіндік беретін құқықтар осы заңда шегелеп жазылғаны жөн. Екіншіден, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер берілуі керек. Кез келген журналисті ең бірінші кезекте мазалайтын мәселе – баспана. Елдің бәрі үй алып жатқанда, журналистер шет қалады», – дейді Зейін Әліпбек. Ақпарат және коммуникациялар туралы заң жобасын қараған кезде сол кездегі ақпаратқа жауапты министр Дәурен Абаев «журналистердің сауалдарына жауап бермеген шенеуніктердің жалақысы кесілуі мүмкін» деп қуантып қойған. Тіпті, сол кезде министр журналистердің сұрағына жауап бермеген қызметкер жұмыстан шығарылуы қарастырылғанын айтқан. Бірақ баяғы жартас – сол жартас.Жадыра МҮСІЛІМ