Құдай басқа салмасын, көлігіңізбен біреуді қағып кетіп, «на смерть» өлтіріп кетсеңіз бар ғой, әрине, жан далбасалап, сіз де қорғаущы жалдайсыз. Ол– заңды. Бірақ, сіздің қорғаушыңыз сізді ғана қорғайды. Сізді былықтан, батпақтан, шатпақтан алып шыққысы келеді. Ақысын асыра төлесеңіз, басқаша сайрайды.
– Бәріне кінәлі мына көлік!
– Мұны қалай түсінеміз?
– Доңғалағы алдынан адам өтіп бара жатқанда жарыла ма? Басқа жерде жарылса болар еді ғой?
– Ақымақ болып тұрсыз ба?
– Жоқ, көлік иесі әдейі қаққан жоқ қой? Алдынан адам өтерде доңғалағы жарылды да, адам өмірін жалмады. Доңғалақ үшін ол неліктен кінәлі болуы керек? Әрі беріден соң, марқұм жарылатын доңғалақтың алдынан неге жүгіріп өтеді? Техниканың аты техника ғой?
Міне дәл осылай сайрамаса да, көп қылмыскерлердің қорғаушылары ардан аттап, адамгершілікті ада етеді. Өйткені, олар қорғаушылар. Күдікті қылмыскер болса да, қорғау керек.
Ал, егер біреуді біреу атып өлтірді дейік. Атып өлтірген нағыз қылмыскер. Оның қорғаушысы қалай сайрайды?
– Ол атайын деп атқан жоқ. Ата салайыншы деген ой болған да жоқ. Бәріне кінәлі мылтығы. Шүріппесі басылып кетті. Шүріппесі құрғыр басылмай қалса болады ғой? Немесе, атылмай қалса... Жоқ, қасақана «пух!» етіп атылды да кетті. Анау байғұс жалп етіп, өлді де қалды.
Жарайды, негізгі мәселеге көшейік. Орал қаласындағы бұрынғы шенеунік Бауыржан Хайруллин әйелі Айнагүл Хайруллинаны қызғаныштың қызуымен өлтіріп тастауды күні бұрын ойлап жүрді. Әйелін отырса-опақ, тұрса-сопақ етіп, тіпті, жұмыстан кешігіп келген күндері үйіне де кіргізбейді екен.
– Қайда болдың?
– Жұмыстан келдім ғой.
– Жұмыстан кешігіп келгенің қалай?
– Автобус болмай...
– Автобус неге кешігіп келе береді?.
Үйіне кіргізген соң да, әйелін ұйықтатпайды екен. Төсегінде, аяғына таман отырғызып қояды да, қалғып бара жатса, аяғымен түртіп оятады. Осындай қорлауға шыдамаған әйелі анасына келіп жылайды. «Біз екеуміз екі бөлек адамбыз, онымен тұрғым келмейді! Ол мені тек қорлаумен келеді!» дейді. Артынша, қаскөй күйеуі, қала әкімшілігінің белді қызметкері болған Бауыржан Хайруллин адам шошырлық қылмысқа барды. Әйелін он сегіз жерден пышақтап өлтірді. Ендігі қызықты қараңыз. Күдіктінің де қорғаушысы болады. Бұл заңды. Күдіктінің қорғаушыусы Ғинаят Салықов қызық екен, былай дейді:
– Оның қалтасында жүретін пышақ жәй сувенир пышақ қой. Сән үшін алып жүрген. Міне, сот дәрігерлдік сараптамасы бойынша төрт рет кеудесінен пышақ салған. Ал, басқа 13–інің бәрі олар жеңіл жарақаттар. Қазір мен сізге Жоғары соттың постановлениясын көрсетемін. Бүкіл жарақат салғаны бар ғой, 30 секундтың ішінде. Ал, енді анандай қатыгездікпен жасау үшін оған енді уақыт керек!»
Қорғаушы күдіктіні қалай қарлығаштың қанатындай қақпалап, қорғап отыр десеңізші? Төрт – ақ рет кеудесіне сұққан дейді. Соның өзі ауыр қылмыс емес пе? Қаншама рет сұққыласа да, әйелін өлтіріп тынды емес пе? Шамасы, күдіктінің жазасын жеңілдету үшін сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтіріп отыр–ау?
Ал, жәбірленушінің туыстары күдікті күтірлетіп бидай жеп, арпа асап кетеді ме деп қорқады\. Күтірлетіп бидай жеу–жындылардың қолынан келеді деп меңзеп жатқандары ғой, Өйткені, күдікті Алматыға психиатриялық сараптамадан өтуге жіберіліпті. Кім біледі, аузы – басы қисаңдап, «жынданып» келе ме, әлде, темір торға тоғытылатын болдым деп мұңданып келе ме?