Берсең, пәлеге қаласың, бермесең, жұмысың жүрмейді. Берсең, жұмысың жүреді, бермесең пәлеге қаласың. Бұл қандай жұмбақ? Оңай шешілетін жұмбақ қой, шешуі–пара. Парақор сөзінің ортасынан бөліп қарасақ: Пара+қор. Параның қоры деген мағынаның мүйізін шығарғандай. Тағы да: Пара+қорлық. Парақорлықтың мағынасы майысып, параның қорлығы дегенді дедектетіп алдыңызға әкелгендей. Тіпті, парақорлық туралы өлең де шығардым:Кеше бір бастыққа пара бергім,Келді де, күні бойы бара бердім,Бара бердім, бара бердім,Бара бердім, бара бердім, Тағы да бара бердім, бара бердім,Туу, тағы да бара бердім, бара бердім!Қалтама ақша салып, ала келдім.«Алмасаңыз, көңілім нала» дедім,Оны қойшы, түнімен ұйықтамайМәселені дер кезінде тұйықтамай,Жүрегім құрғыр жара дедім.Ол мені көзімен шомылдырып,Қолымды сабындап, жуып шықты,Қысқасы, осырақ қоңыз қылып,Кабинетінен қуып шықты!Сонда да бара бердім, бара бердім,Бара бердім, бара бердім!Сағат сайын бара бердім, бара бердім,Минут сайын бара бердім, бара бердім,Иіліп тұрып өзіне,Тура қарап, көзіне,Келді оған пара бергім.Бірақ бастық бөгеп жолымды,Сабындап жуып қолымды...Ия, асықпай жуып шықты,Жуып болды да, жымиып,Кабинетінен қуып шықты!Ойпырмай, ал десең де алмайтын,Парқорлыққа бармайтын,Қаны таза қазақ екен,Адам боп, пара бере алмасақ,Ковидтен де азап екен!Ағаштан мүсін ою керек,Пара алмайтын бастыққа
«Мынауский» ескерткіш қою керек!
Ее, мұндай пара алмайтын бастық болса, мұрнымды кесіп берейін! Қазір біздің елде парақорлық оты лапылдап, маздап тұр ғой! Мәселен, Оралдағы мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы бастығы Нұрлан Әлхиев те пара алғысы келген. Денесі ысып, алақаны қышып, түнімен ұйықтай алмағаны да бар. «Саудает» ЖШС–нің құрылтайшысы мен бас бұхгалтері оның кабинетіне келіп, серіктестіктің банктік шоттарындағы шектеулерді алып тастауға көмектесуін сұранды. Нұрекең ым қағып, бас бұхгалтердің жоқ болып кетуін өтінді. Бас бухгалтер жоқ болып кеткен соң, қағазға үш сұрақ белгісін қояды. Бұл оның жасырын түрде кәсіпкерден 3 миллион теңге сұрағаны еді. Басын изеген кәсіпкер кабинеттен шыға жөнеліп, қайта айналып келіп, 3 миллион теңге пара берді. Бірақ, «окей» болмай шықты. Базадағы шектеулерді бастық та өшіре алмайды екен! Басын салбыратып, қайта көтерді, қайта-қайта жөтелді. Бірақ, өшірте алмайды екен! Бүкіл Қазақстан бойынша базада сайрап тұр! Амалы ашыған айран болған Нұрекең кәсіпкерді қайта шақырды. Ақшасын қайтарып бергісі келді. Ойпырмай, «Алған жоқпын!» деп тайқып шыға салса да болады ғой? Жоқ, ол алған парасын қайтарып беріп жатқанда, қолға түсті!
Ал, Қызылорда облысы мәдениет басқармасы бастығын да Құдай қос қолдап тұрып ұрып, нокаутқа түсірді. Ол жеке кәсіпкерден нысанды кедергісіз қабылдап, оған тиесілі қаржыны уақтылы аударып беруі үшін бір миллион теңге көлемінде пара алған. Құтты болсын айтамыз! Қызылорда облысы пара алудан алдыңғы қатардан көріне бастады. Бірер жыл бұрын Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының бірінші орынбасары, әділет майоры да пара алу үстінде көздері балыраң ете қалған болатын. Ол өзінің қарамағындағы қызметкерге: «Ой, айналайын! Өй, алтыным сол! Мен сенің шатырыңмын!» деген жылы сөздер айтып, қамқор болып жүрейін деп, шоқ басып қалды.
Көрдіңіз бе, парақорлық, жемқорлық дегеніңіз Қазақстан экономикасына жыл сайын 3,8 миллиард доллар шығын әкеледі екен! Осындайда, екі жыл бұрын өткен мына бір оқиға еріксіз есіңе түсіп, бас шайқайсың. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Алмат Ермағамбетов қыздарын Астанадағы университетке түсіру үшін, Ботакөз Бименова деген азаматшаға 20 000 доллар пара берген. НУ проректоры алаяқ азаматша сол университеттің туысым деп алдап соққан. Айлар бойы жоғалып кеткен соң, шенеунік оның үстінен арыз жазып, қылмыстық іс қозғатады. Осындайда ойланып қаласың, пара берген де қылмысты жасағаны үшін жауап береді емес пе? Тап бір өзі пара беруді заңдастырып алғандай. Мұны айтып отырғаным, көп адамдар, әсіресе қарапайым халықтың дені пара бергеннің де жауапқа тартылатынын ескермейді немесе білмейді.
Пара, пара... Парадуемся, на своем веку... деп әндеткісі келеді.