Шыны десе біреулердің шекесі шым етеді, біреулердің басы дың етеді. «Бұл өзі не қылған тыным таппайтын бас?» деп басыңыз қатып отырған шығар, мәністейік. Шекенің шым ететіні-басжазарға бақыр тиын таппай мәңгіріп отырғандардың еншісінде. Ал, дың ете қалса, бұл енді жағдайдың ауыр екенін білдіреді.
Иә, дұрыс айтасыз, әңгіме Қызылордадағы шыны зауыты жайында. «Ой, несін айтасыз, шыны зауытын 2017 жылға қарай құрылысын толық аяқтап, ЭКСПО көрмесіне дайын өнімдерді қаздай тізіп қоямыз» деп біреулер өңештерін жыртып күллі әлемге жар салып еді, соңы сиырқұйымшақтанып, ақырында біреулердің ұзақ мерзімге сотталып кетулерімен тынды.
Біздің ауылда Елпекбай деген бір көкеміз бар. Сол кісінің Қожанасырдың әңгімелеріне бергісіз әңгімелері жүдә көп-ақ. Шыны зауытын салып жатқан алпауыт компанияның баһадүр басшылары бірінен соң бірі ұсталып, қолдарына кісен салынғанда айтатыны елдің әлі есінде. Сол Елпекбай жәкеміз: «Циркте болмаса шыны жегенді көрген жоқ едік, мыналар қайдан шыққан жалмауыз?» дегенде естен танып қалмасақ та, жата қалып, іштерін басып күлгендер аз болмады. Шыны түгілі бомба жарылса да былқ етпейтін айдаһар асқазандар көздеріне елестеді ме, басқа да себептері бар ма, әйтеуір осы сөз қопалдау айтылса да ішегі түйілгенше күлгендер көп болды.
Содан бері де саусақ бүгіп санап отырсақ, төрт жыл жылжып өте шығыпты. Бірақ, баяғы жартас-сол жартас. Заңғайыр зауыттың зың бастықтары «құрылысты әне бітіреміз, міне бітіреміз» деумен елді шаршатып тынды. Күн артынан күн аунап, ай артынан ай аунап сырғып өтіп жатыр. Құр қиялдан қанағат тауып жүрген қызылордалықтардың қызуы қазір құмдағы аптаптан да жоғары. Шыны-шыны деп жүріп, дымы құрығандар қаншама!
Құрылыс барысын бақылайтын арнайы мекеме бар, облыстық әкімдіктің құрылыс басқармасы бар, шыны зауытындағы шындықты мың құбылтады. Біреусі «саспаңыз, зауыт ертең ашылады» деп сендіреді. Біреусі «әй, қайдам, тағы да жемқорлықтың құлағы қылтия ма, қайдам!» деп аспандағы қара бұлтты басқа әкеліп төндіреді. «Зауыт мына күні, мына сағатта салтанатты түрде ашылады» деп нақты ақпар берер бір пенде таппай жігеріңіз құм болады. Мұны қайтесіз, қарапайым сауалдан қашып, талай басшы ауызыңа құм толып, жым болады. Мұндай тығылмашақ ойыны жүрген жерде, әрине, жын болады.
Енді алып зауытқа бөлінген қаржыны сұрамаңыз, таңданғаннан талып қаласыз. Не сең соққан балықтай сенделіп, біраз жерге барып қаласыз. Не де болса айтайық, құрылыс жұмыстарына бөлінген қаражат 52 млрд теңге! Өндіріс орны жылына 197,1 тонна шыны шығармақ! Зауыт өз елімізді ғана қарық қылып қоймай, шетелдерді жарылқамақ. Бүгінде зауытты 11 мердігер компания жабылып бітіре алмай жатыр. 200-ден астам құрылысшы қолдары күс-күс болып, тырбаңдап жатыр. Егер зауыт толық қуатында іске кіріссе 160 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деген тағы бір «сыбыс» бар.
«Чайна Триумф Интернешил Инжиниринг» атты компания Қытайдан келген дегенді бүгінде әкімдіктегілер жасырып отырған жоқ. Өндіріс орны АҚШ, Қытай, Италия, Финляндия сынды елдердің заманауи құрылғыларымен жабдықталады деседі. Құрылысқа қажетті заттардың 97 пайызы Еуропа мен АҚШ-тан алдырылыпты. Жергілікті құрылыс материалдары да пайдаланып жатқанға ұқсайды. Егер зауыт толық пайдалануға берілсе, өнімнің 50 пайызы шетелдерге шығарылмақ. Қазір мұнда жұмыс істейтін мамандар іріктелуде. Мердігер компания басшыларының айтуларына қарағанда, мұнда шетел тілін білетін, оның ішінде ағылшын тілін білетін білікті мамандар ғана жұмысқа алынбақ. Япырай, тағы да жергілікті тұрғындар сорлады десеңші. Ағылшын тілі түгілі өз тілдерін түгендей алмай жүрген қазақтар тағы да жұмыстан қағылады да.
Зауыттың созбалаңға салынып, әне ашылады, міне ашылады деп көтерем өгіздей сүйретіліп келе жатқанынан қорыққан қызылордалықтар «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп шошынып отыр. Оның үстіне мердігер компанияның «шайша» деген атауының өзі жан шошытады екен...