29 тамыз күні елімізде Аза тұту күні жарияланды. Ол Жамбыл жеріндегі жарылыстан құрбан болғандарға арналған еді. Бұл – ел тарихындағы оныншы Аза тұту күні. Өкініштісі, Аза тұтуға себеп болған оқиғалардың барлығында дерлік адам әрекетінің ізі бар.
Алғаш рет 2006 жылы Аза тұту күні жарияланды
«Өткен күнде белгі жоқ» деп жатады ғой халық, бірақ артта қалған сәттердің естеліктері санада сақталып, құжаттарда хатталып қалатыны бар. Қазақстанда түрлі деңгейдегі апаттар, адам өліміне апарып соққан оқиғалар аз болмаған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірер жылдың өзінде ел болып қайғыратындай оқиғалар болған-ды. Мәселен, 1995 жылғы 17 сәуірде Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында қазақстандық бітімгерлер ауғанстандық қарулы топтың шабуылына ұшыраған-ды. Сол ұрыста 17 сарбазымыз мерт болып, 33-і жараланған еді. Бірақ ол кезде Аза тұту күні жарияланған жоқ. Сонымен қатар 1994 жылғы 7 шілдеде «Казахстанская» шахтасында метан жарылып, 7 адам мерт болды. 1995 жылғы 24 қарашада Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада да метан жарылды. 13 кенші қайтыс болды. 1994 жылғы 16 наурызда Ақтас елді мекеніндегі шахтадағы өртті сөндіру кезінде 11 құтқарушы мерт болды. Қысқасы, 90-жылдары төтенше оқиғалар аз болмады. Алайда 1991-2000 жылдар арасындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты түрлі апаттан, ұрыс қимылдан зардап шеккендер үшін ел болып қайғыру қажет екенін ескермеген сияқтымыз. Тек 2006 жылы 26 қыркүйекте Қарағандыдағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші қаза тапқан соң ғана алғаш рет ұлттық Аза тұту күні жарияланды. Одан кейін 2008 жылғы 11 қаңтарда тағы сол Қарағанды шахталарының біріндегі апаттан 30 шахтер мерт болған соң ел болып аза тұттық. Арада тағы екі жыл өткен соң, 2010 жылғы 11 наурызда Алматы облысындағы Қызылағаш елді мекені тасқынның астында қалып, 45 адам қайтыс болды. Олардың 11-і бала еді. Сол оқиғаға байланысты да аза тұттық. 2012 жылы екі рет Аза тұту күні жарияланды. Екеуі де әскерилердің арасындағы шығынға байланысты еді. Көктемде «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашымыз бір орманшы кісінің қолынан қаза тапты. Ал 25 желтоқсанда Шымкент маңында ҰҚК Шекара қызметінің АН-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 шекарашы офицер мен сарбаз, ұшқыш қаза тапты. 2013 жылғы қаңтарда Алматы облысының Қызылту елді мекенінің маңында SCAT әуекомпаниясының Көкшетаудан Алматыға ұшып шыққан Bombardier CRJ 200LR ұшағы апатқа ұшырады. 16 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі көз жұмды. Осы оқиғалардың барлығы үшін Аза тұту күні жарияланған еді. Сөйтіп, екі жыл сайын қайталанған Аза тұту күні 2012-2013 жылдары айналасы 8 айда үш рет жарияланды. Одан соң ел болып 2016 жылы аза тұттық. Оған террористердің шабуылы себеп болды. Ақтөбеде қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасаған террористер қолынан әскери қызметшілермен қатар бейбіт тұрғындар да көз жұмған еді. Сол оқиғаға байланысты 2016 жылғы 8 маусымда ел болып аза тұттық. Арада үш жыл өткенде, 2019 жылдың соңында Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаралы күн жарияланды. Одан соң 2020 жылғы 13 шілдеде коронавирус пандемиясынан қайтыс болған азаматтарымызды еске алу үшін Қазақстанда Аза тұту күні жарияланған еді. Соңғысы биылғы 29 тамыз болды.Аза тұтуға апарған апаттардың қандай ортақ тұсы бар?
Жалпы, ел бойынша ұлттық Аза тұту күнін жариялауға себеп болған апаттар мен оқиғалардың екеуінде ғана адам факторы өзгеше болғаны байқалады. Олар – 2012 жылғы Арқанкерген оқиғасы мен 2016 жылғы Ақтөбедегі теракт. Алғашқысында шекарашыларды өз қаруластарының атып тастағаны жайлы қорытынды жасалған. Екінші оқиғада деструктивті діни ағымның жетегінде кеткен террористер шабуылдады. Өзге оқиғалардың барлығында дерлік адам факторы, еңбек және техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамау, бір сөзбен айтқанда менеджменттің нашарлығы негізгі себеп болғанға ұқсайды. Мәселен, 2006 жылы Ленин атындағы шахтадағы жарылыс желдету құрылғыларын жоспарлы жөндеуден өткізу шешімін қабылдаудан болды. Шахтаны желдету құралдары тоқтатылар болса, алдымен кеншілер сыртқа шығарылуы тиіс еді. Алайда 2006 жылы кеншілер төменде жұмыс істеп жатқанда желдеткіш тоқтатылады да, шахтаға жиналған метан жарылады. Себеп – техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамау. 2008 жылы Абай қаласындағы шахтаның жарылуына да техникалық және еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болғаны айтылған. Одан бөлек, «Арселор МитталТеміртау» АҚ-ның Көмір департаментіндегі шенділердің кінәсі бар екені де анықталды. Яғни, екі оқиғада да техникалық қауіпсіздік пен адам факторы алдыңғы орынға шығып тұр. Ал Қызылағаш оқиғасына келсек, онда да адам факторы себеп болған. Сол кезде Қылмыстық кодекстің «қызмет бабындағы әрекетсіздік» дейтін 315-бабы және «салғырттық» деп сипатталатын 316-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 2012, 2013 және 2019 жылдардағы ұшақ апаттарындағы ортақ ерекшелік – адам факторы. АН-72 ұшағының апатына авиадиспетчер Қанат Ақылбеков айыпты саналды. Bombardier CRJ 200LR апатына ұшқыштар қателігі себеп болды дегенмен, кейін SCAT әуекомпаниясы ұшу қызметінің директоры Вячеслав Артеменко сотталды. Оған «әуекеме қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген» дейтін айып тағылды. Яғни, Қылмыстық кодекстің 295-бабы 3-тармағымен сотталды. Ал Bek Air ұшағының апатынан кейін Талғар ауданы әкімдігінің бірқатар экс-шенеунігі сотталған. Олар әуежай маңынан азаматтарға жер телімін таратыпты. Байқасаңыздар, бұл істердің барлығында ақыр соңында адам кінәлі болып шыққан. Бір сөзбен айтқанда, елімізде Аза тұту күнін жариялауға себеп болған оқиғалардың барлығында адам факторы себеп болыпты. Атап айтқанда, салғырт-салақтық, қызметіне жауапсыздық, сақтық шараларына мойынсұнбау, еңбек қауіпсіздігі шараларын ескермеу дейтін ортақ себеп бар. Былтыр коронавирус пандемиясы басталған кезде сақтық шараларына немқұрайды қараудың зардабын тарттық. Биыл Жамбылда да қауіпсіздікті ескермегендіктен, опық жеп қалған жайымыз бар. Әрине, Әулиеата жеріндегі жарылыстың себебін комиссия анықтай жатар, бірақ сырт көз әскерилердің үлкен қателік жасағанын байқайды. Одан соң қауіпсіздік техникасы да ескерілмегені байқалады. Тіпті, 2001 жылдан бері 8 рет арсеналдар мен қоймаларда жарылыс болғанына қарамастан, Қарулы Күштерде өрт сөндіруші танктер, құрғақ ұнтақ, көбік, газ шашу арқылы өрт сөндіру құралдары жоқ тәрізді. Импульсті снарядтармен сөндіру техникасын айтпай-ақ қоялық. Бәлкім, КСРО-дан қалған бірлі-жарым техника бар шығар, бірақ оларды пайдаланған әскерилерді көрмедік. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі жарылғыш заттар орналасқан қойма өртенген жағдайда не істеу керек екенін жергілікті бөлім басшыларына ескертпеген көрінеді. Әйтпесе, оқ-дәрі толы қоймаға қарапайым өрт сөндіру машинасы мен қызметкерлерді жұмсамас еді.Менеджмент әлсіз бе, әлде техника тозды ма?
Әрине, бұл сауалға біржақты жауап беру қиын. Өйткені Қазақстанда Қатер жөніндегі менеджменттің халықаралық стандарты, Risk management ISO 73-2010 нұсқаулығы енгізілген. Бір сөзбен айтқанда, өнеркәсіпте менеджмент тәуір сияқты көрінеді. Оның үстіне, өндірісте, қоғамда түрлі деңгейдегі апаттардың алдын алу 100 пайыз мүмкін болатын дүние емес. Дамыған елдерде де зауыттарда жарылыс, техниканың істен шығуы тәрізді оқиғалар кездесетіні бар. 2011 жылы Жапонияның Фукусима атом электр стансасы істен шықты. 2010 жылы Мексика шығанағындағы British Petroleum компаниясының Deepwater Horizon мұнай платформасы өртенді. Чехия мен Болгарияда да әскери қоймалардың өртенгені бар. Былтыр Суэц каналына алып жүк кемесі көлденең тұрып қалған-ды. Айта берсек мысал көп. Алайда Қазақстандағы апаттарда адам факторы тым жоғары тәрізді. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Кендебай Райымбеков пен жаратылыстану ғылымдарының магистрі Арман Құсайыновтың есептеуіне қарағанда, еліміздегі түрлі апаттың 88 пайызы техногендік, 12 пайызы табиғи апат болып саналады екен. Шығын жөнінен техногендік апаттар үлесі – 54 пайыз, табиғи апаттар үлесі – 46 пайыз. Демек, адам қателігінің салдарынан зардап шегу үлесі мол деген сөз. Мейлі ол адамның тікелей араласуынан болса да, техниканың ескіруінен болса да бәрібір, әйтеуір адамның қатысы болып тұр. Мәселен, 2017 жылы еліміздегі өндірісте – 16 апат, 2018 жылы – 18, 2019 жылы 21 апат тіркеліпті. Бұларға өрт, қоймалардағы жарылыс, құлаған ұшақтар тәрізді өзге апаттар қосылған жоқ. Тек нақты өндірістерге қатысты деректер. Демек, өндірістегі апаттар саны өскені байқалады. 2021 жылдың 6 айында қауіпті өндірісте 11 апат пен 146 инцидент тіркеліпті. Міне, осы мәліметтің өзі адам факторы қатты әсер ететінін көрсетеді. Әрі адам факторы дейтін ұғымның аясы да тым кең. Қауіпсіздік техникасы инженері Жұлдызбек Қойшыбай да адам факторы дейтін ұғымның тым кең екенін айтады. «Адам факторы дегенде жұмысшының кәсіби біліктілігінен бастап, жұмысқа шыққан күніндегі көңіл күйі, денсаулығына дейінгі талай фактор ескерілуі тиіс. Олардың өздерінен жоғары тұрған басшыларының да біліктілігі, олар беретін тапсырманың талапқа сай болуы немесе болмауы тәрізді дүниелер ескерілуі тиіс Әдетте еңбек қауіпсіздігін сақтауды ұжым басшысы да, арнайы мамандар да бақылайды. Бірақ жұмысшының көңіл күйін, дұрыс демалған немесе демалмағанын бақылай алмайсыз. Одан бөлек, біздің қоғамда «талай істеп жүрген шаруамыз ғой, қайтеді дейсің?!» деп салғырт қарайтын дағдысы бар адамдар да көп. Өндірістік апаттарға мұндай көзқарастың да әсер ететін кезі болады. Ал техниканың ескіруі, қаржыландыруға көңіл бөлмеу, немқұрайдылық тәрізді қосымша себептер де апатқа ұрындыруы мүмкін», – дейді инженер. Сонымен бірге адам факторы дегенге жемқорлықтан бастап, жұмысшылардың біліктілігінің төмен болуы, заңдар мен ережелердің орындалмауы, қауіпсіздік техникасын назардан тыс қалдыру, қажетті құрал-жабдықты пайдаланбау, еңбек қауіпсіздігіне ақша үнемдеу, оның ережелерін қызметкерлерге үйретпеу, мекемелер мен ұйымдарда арнайы жаттығудың аз өтуі дейсіз бе, толып жатқан себептер де кіруі мүмкін екенін ұмытпаған абзал. Одан бөлек, заманауи құрал-жабдықтарды сатып алудың қажет екеніне тиісті министрліктер мен басшылардың көзін жеткізу дейтін кедергісі мол жол бар. Тіпті, қаржы үнемдеудің өзі кейде опық жегізуі мүмкін. Мәселен, 2019 жылы «Қаламқас» кен орнында апат болған кезде «Семсер өрт сөндіруші» ЖШС ештеңе істей алмады. Ал «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ аталған серіктестікпен кен орнында қызмет көрсету үшін келісім жасаған. 2018 жылы Ақмола облысындағы Altyntau Kokshetau АҚ карьеріндегі апат кезінде «Өрт Сөндіруші» АҚ апаттық-құтқару қызметі машинисті құтқара алмады. Себебі техникасы да, мамандары да талапқа сай болмаған. Қысқасы, бір-бірімен шынжырдай байланысқан сансыз фактор елімізде жиі-жиі Аза тұту күнін жариялауға мәжбүрлеп отыр. Шамасы санамыздағы стереотиптер, бюрократия мен жемқорлық, біліктіліктің төмендігі осындай апаттарға әкеліп соғып жатқан тәрізді. Адам факторы дейтіннің өзі кең ұғымға айналып барады.Ардақ СҰЛТАН