Судың да сұрауы бар
Судың да сұрауы бар
611
оқылды

Ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Суға жарымай отырған елді ме­кен­дер де жетерлік. Кей ауылдарда әлі күнге ауызсу сағаттап беріледі.  Не­ге? «Ақ бұлақ» бағдарламасынан нә­­­­тиже шықпағаны ма? Ауыл хал­қы­ның 50 пайызы неге ауызсумен қам­тылмай қалған?

Министр Бейбіт Атамқұлов Үкі­мет жиналысында елді 2025 жылы 100% қам­тамасыз етеміз деп уәде етті. Министр жыл сайын ауызсуға 100 млрд теңге бө­лі­не­тінін айтты. Бірақ сол ақшаның қайда жұм­салып жатқанын жан білмейді. Сон­дай-ақ біз мұндай уәденің талайын ес­ті­генбіз, 2002-2010 жылдары «Ауызсу» мем­ле­кеттік бағдарламасы, 2011-2020 жыл­дары «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы, оның арасында 2003-2005 жылдары «Ауыл», одан кейін «Өңірлерді дамыту» бағ­­­дарламасы жүрді, оның бәрі ауыл хал­қының әл-ауқатын жақсартуға, соның ішін­де ауызсумен қамтамасыз етуге арнал­ған еді, бірақ ешқандай бағдарламаның бе­рекесі болмады. Қазақстанда әлі күнге дейін ауыл халқының 50%-ы ауызсумен қам­тылмаған. «Ауызсу» бағдарламасы 2002 жылдың 23 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасы бойын­ша басталды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 335 мил­лиард теңге бөлінген. Оның 195 мил­лиар­ды алыстағы ауылдарды ауызсумен қам­тамасыз етуге, 140 миллиарды қалалық жер­­лердегі ауызсу мәселесін шешуге ар­нал­ған. 2010 жылы «Ауызсу» бағдарламасы тоқ­тап қалды. Сөйтіп, бағдарлама түп­кілікті мақсатына жеткен жоқ. Рес­пуб­ликадағы 7 002 ауылдың 3 849-ы, яғни ауыл хал­қының 40 пайызы ауызсуға зәру қал­пында қалды. Бағдарламаға бөлінген қар­жының «дөкейлердің өңешінен өтіп кетуі» үлкен шуға ұласты. 2011 жылы «Ақ бұлақ» мемлекеттік ба­ғ­дарламасын жариялады. Сол арқылы қала мен ауылды сапалы әрі таза ауызсумен қам­тамасыз ету жоспарланған. Аталған бағ­дарламаны қаржыландыруға 2011-2020 жыл­дар аралығында даму институт­тары­ның, су шаруашылығы ұйымдарының, отандық және шетелдік инвестициялардың және мемлекеттік бюджет есебінен 951 490 300 миллион теңге қаражат жұмсалды. «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша 2020 жылға қарай қалаларда орта­лық­тандырылған сумен жабдықтау деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бірақ бұл жоспар да жүзеге асқан жоқ. Қазір қа­лалар 96%, ал ауылдар 59% сумен қам­тыл­ған. Бұл ресми статистика, ал шын мәнінде жағ­дай одан да сорақы болуы әбден мүм­кін.
10 жылдық бағдарламаға бөлінген 900 мил­лиардтан астам қаржының жоспар бойынша жыл сайын 90 миллион теңгесі жұм­­салуы қажет. Сол қаражаттан «өз сыба­ға­сын» құр жібермейтін кейбір шенеу­нік­тер алғашқы бес жылдықта-ақ қаржы толы қоржынға суық қолдарын салып үлгерген. 2012 жылы Сенаттың кезекті отырысында Үкімет өкілдерінің өздері бағдарламаның өте сауатсыз жасалғанын, ауылдық өңір­лер­ді ауызсумен қамтамасыз етудің орны­на қазынадан бөлінген қаржыны рәсуа етіп, тендерді жеңіп алған мердігерлердің бы­лық-шылықтарын жайып салды. Осы жиын­да Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев: «Біздің көршіміз Өзбекстан Рес­публикасы ауылдық жер­лер­дегі елді ме­кендерін қазірдің өзінде 98 пайыз ауыз­сумен қамтамасыз етіп отыр. Жал­пы, ауыз­су проблемасын айтып келе жат­қа­ны­мыз­ға он жылдай уақыт болды. Бі­рақ ең өкі­­­ніштісі, бүгінде біз сол мәсе­ле­ні то­лы­ғымен тындыра алмағанымыз өз ал­дына, ал­ға қойған мақсатқа да жете ал­ма­дық. Оған осы отырған біздің бәріміз де кінә­лі­міз. Біздің кемшіліктеріміз мынада: са­па­сыз жасалған жоба, сапасыз жүр­гізіл­ген құрылыс, су жүйелерін сапасыз пай­да­лану. Біз 2020 жылға дейін қай ауылда қан­дай ны­сан салынатынын алдын ала білуі­міз ке­рек. Ал біз болсақ, тек алдағы үш жылға ар­налған жоспарды ғана біле­міз», – деген бо­латын.
Кейін бұл кісінің өзі сотталып кетті, ақ­ша ұрлады ма, ақша ұрлаушыларға бөгет бол­ды ма, ол жағын тап басып айта ал­май­мыз. Бір анығы – «Ақ­бұлақ» ауыл халқын жарылқамады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бол­ған кемшіліктерді құқық қорғау қыз­мет­керлері тексеріп, анықталды, әлі күнге дейін беті ашылып жатыр. Өткен жылы Жам­был облыстық прокуратурасы өңірде бағ­дарламаның негізгі мақсаттарының орын­далмауы, бюджет қаражатын тиімсіз пай­далану, қомақты қаржыға салынған су­мен жабдықтау нысандарының тиісінше жұ­мыс істемеуі, есептегіш құралдарымен жаб­дықтау бойынша ешқандай шара­лар­дың атқарылмағанын әшкереледі. Об­лыс­тық прокуратураның дерегінше, жергілікті билік 208 елді мекенді ауызсумен жаб­дықтағандарын хабарлағанмен, іс жүзінде 168 елді мекен ғана орталықтандырылған су­мен қамтамасыз етілген екен. Ал Алматы об­лысы бойынша 85 елді мекенді ауыз­су­мен қамтамасыз етіп, су жүйесін қайта қа­лыпқа келтіру үшін 14 миллиард 500 мил­лион теңге бөлінген екен. Бірақ жос­парланған 85 нысанның тек 43-і ғана суға қосылған. Қарағанды облысында «Ауызсу» бағ­дар­ламасы аясында 250 жоба қолға алы­нып­ты. Оның 30-ы өз уақытында жүзеге асы­рыл­мады. 2002-2010 жылдар аралы­ғын­да іске қосылмай қалған 15 жоба «Ақ бұ­лақ» бағдарламасына ауыстырылды. Бі­рақ жаңа бағдарламаның негізінде сол 15 жобаның тек үшеуі ғана толық аяқ­тал­ған. Оның өзінде су құбырлары сапасыз тар­­тылып, көп жерлерде қайта істен шық­қан. Тіпті, Бұқар жырау ауданындағы Ду­бов­­ка ауылының тұрғындары әлі күнге дейін ауызсудан қаңсып отыр. Теміртау қа­ласындағы АБВ кварталы мен Соц­горо­док су құбырының жұмысы да тоқтап тұр. Ма­мандар жобаны жасау кезінде су құ­бырын тұрғын үйлерге қосуды ұмытып ке­тіп­ті. Осының кесірінен 3 250 тұрғын та­лай су құбырын пайдалана алмай отыр. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы 411 елді мекеннің 109-ында ғана су құбыры ор­наластырылған. Оралдың Жымпиты мен Үленті ауылдарына «Ақ бұлақ» бағ­дар­ла­масы бойынша су тартылып, ауыл тұр­ғындары бөркін аспанға атып қуанған. Алай­да жаз маусымы басталысымен тұр­ғын үйлерге тартылған су жетпей, халықты қай­та әбігерге түсірді. Қазір ауыл тұрғын­дары суды тасып ішіп жүр. Сондай-ақ Оңтүстікте де былық көп: Сарыағаш ауданына су кіргізу үшін жұм­салуы тиіс 10 миллион теңге ысырап бол­ған. Ол олқылықтың орнын толтыру үшін мем­лекет қазынасынан тағы да 100 мил­лион теңге бөлініпті. Жалпы, Оңтүстік Қа­зақстан бойынша «Ақ бұлақ» бағдарла­ма­сы аясында 12,5 миллиард теңгенің жо­басы өз уақытында орындалмапты. Сөз соңы. Сырттан келетін суды ала ал­­май отырған азусыздығымызды айттық, ішкі сумен жабдықтау бағдарламаларының шалағайлығын айттық, енді қалғаны же­рас­ты сулары еді, оны да құртып жатқанын естіп, таңғалдым. Құдды, Қазақстанды су­сыз қалдыру үшін біреулер арнайы ди­версия жасап жатыр ма деген ой келеді. Мә­жіліс депутаты Қарақат Қаркен 2050 жы­лы Қазақстанда су тапшылығы үш есе ар­татынын ескерте келіп, жерасты су­ла­рын мұнай өндірушілер ластап жатқанын, оның болашақта үлкен апат әкелетінін ай­тып дабыл қақты.

Дәулет АСАУ