Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов екінші рет шаңырақ көтеруіне байланысты айтылған сын-пікірлерге сахнада әзілмен жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желіде әзілкештің концертінен үзінді тарады. Онда Т.Қабатов ажырасқаннан кейін қайта тұрмыс құрған әйелдер мен екінші рет үйленген ер азаматтарға қоғамның көзқарасы әртүрлі екенін қалжыңға айналдырған.
Әзілкеш сөз арасында продюсер Баян Алагөзова мен актриса Дариға Бадықованы мысалға келтіріп, өзінің екінші некесіне қатысты айтылған пікірлерге тоқталды.
«Баян күйеуге шыққанда той көйлегімен Баянды қалай күшті етіп жаздыңыздар. Мен де қазір әйеліме той көйлегін кигізіп, той жасайыншы. Бітті ғой: "Оңбаған! Осының концертіне кім барып жатыр?! Бойкот! Ешкім бармаңдар! Қазақстаннан мүлдем шығарып жіберу керек!“ деп айтар еді. Сіздерге рақмет, тығылып келіп жатқандарыңызға», – деді әзілкеш.
Қабатовтың бұл әзілі көрермендердің күлкісін тудырды. Ал әлеуметтік желіде оның сөзі қызу талқыланды.
Еске салайық, 2025 жылдың қарашасында Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында әзілкешпен ресми түрде ажырасқанын растаған еді. Оның айтуынша, екеуі 25 жыл заңды некеде болған.
