Онлайн саудадағы есірткі
Онлайн саудадағы есірткі
266
оқылды

Соңғы 7-8 жыл ішінде «синтетикалық есірткі» деген қызыл көз пәле пайда болды. Ол, әсіресе оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірімдерге айтарлықтай қауіп төн­діріп тұр. Негізінен онлайн жолмен сатылатын оны тарату қаншалықты оңай болса, полиция қызметкерлері үшін мұндай қылмыстардың бетін ашу соншалықты қиындай түсуде.

Нашақорлар есірткінің син­тетикалық және табиғи түрі бо­латынын, екеуінің айырмашы­лығын жақсы біледі. Мысалы, табиғи және синтетикалық га­шишті тек нашақор айыра алады. Олар әрдайым неғұрлым ар­за­­ны­на ұмтылатындықтан, өнді­руші­лер өнімнің бағасын тө­мен­детуге тырысып бағуда. Нәтиже­сінде, та­биғи түрлері синтетика­лыққа алмастырылып, спайс, тұз, снюс, түтінсіз темекі сияқты бұ­ған дейін болмаған есірткі қаптап кетті. Сарапшылардың дерегінше, әлемде айналдырған бір аптаның ішінде есті алар синтетикалық есірткінің 10 шақты жаңа түрі шы­ғарылады. Олардың құ­рамы мен формуласы кез келген жерде еркін саудалау мақсатында ұдайы өзгеріп отырады. Сол үшін қара базардағы қой терісін жа­мылған қасқырлар ваннаға ар­налған тұз, дәмдеуіш немесе ты­ңайтқыш сатып жүргенсиді. Жа­уапкер­шіліктен жалтару мақса­тында олар өз өнімдерінің құра­мына неше түрлі жаңа қоспаларды қо­сады. Олардың адам ағзасына қалай әсер ететініне тәжірибе жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Нарколог дәрігерлердің ай­туынша, бұл есірткінің денсау­лық­қа зияны бұрынғыдан да ора­сан. Табиғи есірткі адам ағза­сынан біртіндеп шығарылса, синтети­калық түрлері адам дене­сінде жи­налып, түрлі ауру туды­рып, ағзаны улайды. «Мұндай психикалық бел­сенді заттар ең әуелі адамның жүйке жүйесін бұзып, психо­логиялық жағынан да, физикалық тұрғыдан да тәуелділік тудырады.  Тіпті, 1-2 рет дәмін татып көрген­нен кейін-ақ адам оны іздеп тұруы ғажап емес. Себебі пенде болған соң тым құрығанда бір рет жаны рақатқа батқандай күй кешкеннен кейін, одан бас тарт­қысы кел­мейді. Ал ішкі құрылысы мен жүйке жүйе­сіне бір қол­данғаннан-ақ санаулы секунд ішінде зиян келетінін сол сәтте ешкім де ойламайды. Оның зардабы ұзақ уа­қыт бойы сақта­латынын нар­колог дәрігерлер ар­найы құрал-жабдықтың көме­гімен анықтай алады. Наша­қордың ойлау және есте сақтау қабілеті төмендейді, иммуни­теті нашар­лап, жүрек-қан та­мырлары ауру­ларына ұшы­райды. Синтетикалық есірткіге мән бермеуге әсте бол­май­ды, өйт­кені ол да героин сияқ­ты мың­даған өмірді жалмауда, тіпті кә­дімгі есірткіден 10 есе зиян­ды», – дейді Солтүстік Қа­зақ­стан облы­сы бойынша психи­ка­лық денсау­лық орталығының бас дәрігері, жо­ғары санатты дәрігер Дәурен­бек Бейсембаев. Оның пікірінше, бұл кесел – ұлттың гендік қорына төніп тұрған қауіп. Мамандардың айтуынша, ең зияндысы – «крокодил» деп ата­латын дезоморфин. Оны бірнеше ай бойы қолданған адам тірі өлікке айналғанын байқамай да қалады екен. Бастапқыда өзіне деген сенім, күш-қуат пен та­маша көңіл күй сыйлап, рақатқа бөле­ген есірткі бірер уақыт өткен соң әлін құртып, ұйқышылдық пен ашуланшақтыққа әкеліп соқты­рады. Адамның бойында түсінік­сіз үрей мен қорқыныш пайда бо­луы мүмкін. Нашақор қоғам үшін де қауіпті екені сөз­сіз. Бү­гін­де пси­хикалық ден­саулық ор­талығында 573 наша­қор есепте тұр.

ДҮЙІМ ЖҰРТ ДЕН ҚОЮЫ КЕРЕК

Бұл тажалдың тырнағына ең алдымен жастар ілігіп жатқаны өкінішті-ақ. Олар тамыр арқылы қабылдамай, темекі ретінде бір түтіндеткеннен не демалған­нан келіп-кетер түк те жоқ деп қатты қателеседі. Кейін бұл дерттің шең­­гелінен құтыла ал­маған кезде, өкінішке қарай кеш болуы мүмкін. Сорақысы сол, полиция қыз­меткерлері синтетикалық есірткі саудасымен күресу қиындап бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұл сауда негізінен онлайн жол арқылы жасалады. Жаңалыққа жаны құмар жастар интернеттің иірімінде балықша сүңгиді. Ин­тернет дүкеннен тауар таңдап, қолма-қол ақшасыз есеп айы­ры­сып, сатушымен көзбе-көз кез­дес­пейді. Сондықтан тәртіп сақ­шылары мұндай интернет парақ­шаларын үнемі бақылауда ұстап, бұғаттайды. Солтүстік Қазақстан облыс­тық Полиция департа­мен­тінің мәліметінше, биылғы жыл­дың басынан бері синтетикалық есірт­кіні жарнамалайтын және сата­тын 71 интернет-ресурс анық­талып, оның 10-ы бұғаттал­ды. 117 есірткі граффити боялды. Жыл басынан бастап осы күнге дейін синтетикалық есірткі айна­лымы­ның 68 дерегі тіркеліп, 4 келіден астам тұз, спайс, мефе­дрон алын­ды. Екі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Дегенмен полицейлер есірт­кімен күреске тәртіп сақшылары ғана емес, дүйім жұрт болып ден қою керек деп санайды. «Синтетика» сатушылар ин­тер­нет амал-тәсілдерді жетік меңгеріп, әбден әккі болып алған. Әлем-жәлем жарнамаға баса мән береді. Олардың құрығына негі­зінен жеткіншектер түсетіндіктен, ең алдымен солардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Қылмысты әшкере­легеннен гөрі, оның алдын алған маңызды. Өйткені қазір есірткі қылмысының алдын алуға жұм­салған қаржы ертең сол қылмыс­тың бетін ашу, нашақорды емдеу және басқа да әлеуметтік шы­ғындарға жұмсалатын шығын­дарды үнемдеуге септігін тигізе­ді», – дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығы­ның орынбасары Иван Трезини. Синтетикалық есірткіге негіз болатын қоспалардың көбін кез келген дәріханадан еркін сатып алуға болатыны жағдайды қиын­дата түсуде. Осының нәтижесінде есірткі саудасының көрігін қыз­дырып отырған жасырын цехтар қаншама?! Оларды өнім жасауға үйрететін бейнероликтер интер­нетті еркін «шарлап жүр».

ТҮЙІН: Бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруына айналған синте­ти­калық есірткіден төніп тұрған қауіп көп, ал онымен күрестің, алдын алудың нақты тетігі жоқ. Әрі заң жүзінде жауапкершілікті қатаңдату керек деген пікір айтылуда. Бұл ретте біздің полицейлер шетелдік әріптестерімен күш біріктіруде. Қоғамды жайлаған кеселмен кү­реске тек мемлекеттік мекемелер емес, барша халық бел шеше кіріссе, бәлкім бір нәтиже шығар? Әзірге есірткімен күресте жеңіске жете алмағанымызды мойында­ғаннан басқа амал жоқ.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысыысы