Қызылорда облысында канал шлюзінен табылған қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітовтің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
– Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды, – деді ол.
Еске салайық, 3 маусым күні Шиелі ауданының тұрғыны полицияға канал шлюзінен қыздың денесі табылғаны туралы хабарлаған. Осы дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, бойжеткен 2 маусым күні кешкі уақытта үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған.
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған іс бойынша тергеу жұмыстары облыстық полиция басшылығының қатаң бақылауында екенін мәлімдеді.
