Біраз емхана мен жеке клиника пандемияны пайда табуға пайдаланып жатқан көрінеді. Олар бюджеттен және Әлеуметтік медсақтандыру қорынан көбірек қаржы алу үшін қосып жазады: өзіне тіркелген тұрғындарды ауырмаса да, ауру етеді, қағаз жүзінде әртүрлі ем-дом шарасын жасап, «құлан-таза айықтырады». Биылғы жартыжылдықта қор медұйымдарда жарты миллионға жуық қосып жазуды анықтаған. ӘМСҚ бұл құбылыспен екі жылдан бері күресіп келеді. Жеңе алар емес.
Қосып жазудан қай өңірлер көш бастады?
Медсақтандыру қорының сарапшылары мемлекет кепілдік берген тегін медкөмектің көлемі (ТМККК) мен МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен ауқымына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, 2021 жылдың 6 айында медициналық ұйымдар түзген 486 мыңнан астам жөнсіздікті анықтады. Яғни, емхана, аурухана және жеке клиникалар көрсеткішті қолдан жасаудан аяқ тартудың орнына, қайта үдете түскен. Салыстыра кетсек, 2020 жылдың І жартысында бұл көрсеткіш 461 мыңды құрады. Яғни, медұйымдар қордың айыппұлмен жазалауынан қорықпайды. ӘМСҚ-тың бұл тетігі жұмыс істемейді деген сөз. Бұзушылықтардың басым бөлігі, 74,4%-ы мамандардың халыққа кеңес-консультациялық, диагностикалық қызметтер көрсетуіне тиесілі. Атап айтқанда, 67%-ында медұйымдар көрсеткен көмегі мен қызметтерінің көлемін негізсіз асыра жазады. 16,4%-ында емдеу-диагностикалық іс-шараларды көрсету кезінде стандарттардан, денсаулық сақтау саласындағы ережелерден, клиникалық хаттамалардан ауытқыған. 11,3%-ында медициналық құжаттаманы дұрыс рәсімдемеген. Ұйымдар көрсеткен қызметін асыра жазумен шектелмейді. Осы жарты жыл ішінде тіпті көрсетпеген қызметін «көрсеттік» деп жазған 11,3 мыңнан астам расталмаған жағдай анықталды. Өңірлер арасында қосып жазу Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Жамбыл облысында белең алған. Ең азы БҚО, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстарында тіркелді. Қор кезекті рет заң бұзушы барлық денсаулық сақтау субъектісіне айыппұл салды. Дегенмен дәл осы жөнсіздіктердің келесі жылы қайталанбасына еш кепіл жоқ. Себебі медициналық ұйымдар қордан тек нақты көрсеткен медқызметіне ғана мардымсыз ақы алғаннан гөрі көрсеткішті қолдан «қомпайтып», мол төлемге қол жеткізген-ді, егер қулығы ашылса, айыппұл төлеп құтылғанды жөн көреді. Негізі, емхана дәрігеріне ай бойы жазыла алмай, дер кезінде не медсақтандыру, не ТМККК аясында шұғыл көмек ала алмай, ақыры ақылы емделуге мәжбүр болған қазақстандықтардың қаптаған шағымы медұйымдардың көркем көрсеткіштерін растамайды. Қор дерегінше, биылғы жартыжылдықта медкөмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты халық шағымының легі артты: І тоқсанда ӘМСҚ-ға 2 599 шағым түссе, ІІ тоқсанда ол 4 мыңға жетті. Осылайша, 2021 жылдың бірінші жартысында барлығы 6,5 мыңдай арыз-шағым айтылған. Көбі медкөмек көрсетуден бас тартумен (28%), медқызметтер сапасының нашарлығымен (26,3%), ақпараттық жүйеден көрсетілмеген қызметтердің әшкереленуімен (10,5%), көмекті ұзақ күтумен (7%), дәрімен қамтудан бас тартумен (6,6%) байланысты.«Дамумедтен» талай «қызыққа» қанықты
Азаматтар күн сайын Damumed қосымшасында небір «сиқыр мен ғажайыпқа» куә болып жүр. Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара И. өз емханасының түсініксіз тірліктеріне таң. «Біздің «Медикус Центр» емханасы қосып жазуға кіріскенге ұқсайды. Қайда шағымданатынымды білмеймін. Бас дәрігерге әлденеше рет арыздандым. Отбасымдағылардың бәріне қатысты бұзушылық болды. Әсіресе, төрт жасар қызыма қойған «диагнозы» жанға батты. «Дамумедке» сенсек, оның көзіне әлдебір ота жасапты. Карантин шектеулері күшейтіліп, емханалар жабылғанда балам скринингтен өтіпті. Адам сенбес ауру түрлерін ойлап тауып, ақылы клиникаларда біз бұған дейін білмеген сала мамандарына қаралуға жолдапты. Бұлардың бәрі жалған. Мұндай былық қашан тыйылады?!» – дейді ол. Ақмолалық Гүлжанар Тасмағамбетова жаз бойы ауырғанын «Дамумед» қосымшасынан бір-ақ біледі. «Кеше «Дамумедке» мәртебемді тексеру үшін кіргенмін. Сонда Целиноград аудандық емханасының дәрігері мені тексеріп, қызуымның жоғары екенін, тамағымның ауыратынын, жөтел қысатынын «анықтағанын» білдім. Бұл деген КВИ белгілері емес пе? Шынында, ондай болған емес. Дереу емханаға қоңырау шалып, қарсылығымды білдірдім. Олар түзетуге уәде етті. Қосымшаға қайта кіріп қарасам, «жөтелді» алып тастапты. Дәрігерге барып «Мұныңыз не?» деп сұрасам, дұрыс жауап бере алмады. Қызымның жазбасын тексердім, оған да «тұмауратты, жөтеледі» деп жазыпты. Балам ауырған емес», – дейді ол. Жалпы, медицина саласына бюджеттен аста-төк қаражат бағытталған. Мұның сыртында қазақстандықтардың жалақысынан мол жарна қырқатын қор да салаға қаржы тасқынын тоқтаусыз арындатып жатыр. Нәтижесінде, медициналық ұйымдар осы теңге теңізінен түрлі тәсілмен мейлінше көбірек қаражатты қарпып алуға құлшынады. 2021 жылы халыққа медкөмек көрсетуге 1,8 триллион теңге жұмсалмақ. Соның ішінде ТМККК аясында – 1,1 триллион теңге, МӘМС аясында 700 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде 1 363 медициналық ұйым соның 1,46 триллион теңгесін игеріп үлгеріпті. Сонша сомаға халыққа медициналық қызмет көрсеткен. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежановтың айтуынша, биыл МӘМС аясында қазақстандықтар мен шетелдіктерге көрсетілетін медқызмет түрлері кеңейтілді. Осы жылдан амбулаторлық-емханалық және стационарды алмастыратын көмек қолжетімді. Ауылдық денсаулық сақтауды, скринингтік бағдарламаларды, мейірбикелік көмекті, патронаждық қызметті қолдау көзделген. Үлкен қаржы балалар денсаулығын сақтауға бағытталады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту, ЭКҰ және «Қамқорлық» квоталарын ұлғайтуды қарастыратын «Аңсаған сәби» бағдарламаларын іске асыру қолға алынды. Қосымша 29,7 млрд теңге қаражат антенаталды бақылауды жүргізуге, 12 млрд теңге туғаннан 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеру жүргізуге, ал 22,5 млрд теңге мектеп медицинасын дамытуға бөлінді. Ендеше медұйымдардағы ниеті жаман, мақсаты қарау жандардың қиял-фантазиясы үшін де кең өріс ашылған.Қор қосып жазумен қалай күреспек?
ӘМСҚ қосып жазулармен күрес жалғасатынына сендіреді. «Медұйымдар қызметінің қолжетімділігі мен сапасы – шарттық қатынастарымыздың маңызды бөлігі. Қор оның орындалуын талап етеді. Биылдан бастап проактивті мониторинг тәжірибесі енгізілді. Оған сәйкес, жыл қорытындысын күтпей-ақ шарттық міндеттемелерді орындамау фактілері анықтала сала медұйымға міндетін тиісінше орындауға 45 күн беріледі. Егер бұзушылық мерзімінде жойылмаса, ұйымға айыппұл салынады», – дейді қордың Медициналық көмек сапасын мониторингілеу департаментінің директоры Ләззат Шоманова. Тағы бір жаңашылдық: ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша медұйымдарға халыққа көрсеткен қызметтері үшін ақы осы қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана төленеді. Бұл ретте емхана, клиника, ауруханалар сырқатты емдеу кезінде медкөмек көрсету стандарттары мен ережелерін, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтағанын құжатпен растауы тиіс, сол факті бойынша қызметтерге ақы аударылады. Әйтпесе, кейбір сырқатқа «қолы сынды, рентгеннен өтті, лангет салынды» немесе «КТ-дан өтті» деген сияқты жазбалар жазылады. Шынында, не рентген, не КТ түсірілімі «Дамумедке» жүктелмейді. Әрине, алаяқтар мұның бәрін де қолдан жасай салмасына кепіл жоқ.Жұмыла қимылдаса, жеңіске жетеді
Сондықтан қор халықты бірлесе күресуге шақырды: егер азамат өзі алмаған қызметтің жазылғанын анықтаса, 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы хабарласқаны жөн. Бұған қоса, ӘМСҚ «жасырын пациент» акциясын жалғастырады. Оның аясында қор қызметкерлері медұйымдарға сырқат ретінде қоңырау шалып, емханалардың тіркеу мамандары мен медқызметкерлерінің сақтандыру жүйесі, МӘМС пен ТМККК-ге кіретін медқызметтер, көмек көрсету стандарттары туралы біліміне тексеріс жүргізеді. Осындай жария етілмеген зерттеу қорытындысында Батыс Қазақстан (86%), Жамбыл (83%) және Шығыс Қазақстан (83%) облыстарының медицина қызметкерлері біршама жоғары білім деңгейін паш еткені белгілі болды. Ал Маңғыстау және Атырау облыстарындағы сырқаттар аяуға тұрарлық: бұл өңірлерде емханалардағы жағдай нашар екені анықталды (нәтижесі 68%). Аутсайдерлер үштігіне 69% көрсеткішімен Ақтөбе облысы да кірді. Рас, мұндай мониторинг жазалау шараларын көздемейді, оны қор тек «қай өңірдің медқызметкерлерін оқыту керек?» деген сауалға жауап іздегенде ескеретін көрінеді. Әділін айту керек, бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде бар көрініс. Медсақтандыруды бізбен қатар дамытып жатқан Ресей осы кесірлі құбылыспен күресіп келеді. Бізден айырмашылығы – солтүстік көршіде қосып жазуды тексерумен сақтандыру қоры емес, тергеу комитеті айналысады және қатаң жазалайды. Бізде тек айыппұл салынады. «Медұйымдар ақша әкелетін жазбаларды жасанды түрде генерациялауға көшті. Бұл ақша басатын станокты іске қосқанмен бірдей. Қызмет көрсетпей-ақ жазба толтыру арқылы ақша ала алса, одан кім қашады?! Әсіресе, жоғары технологиялы медициналық көмек саласында шығын қомақты. Онда 1,5-3 миллион рубльге дейін баратын қызмет түрлері бар. Бір ұйымда адамдарға медсақтандыру, жоғары технологиялы көмек және ақылы негізде қызмет көрсетілуі мүмкін. Ұйым бір қызметін осы үш жүйеге қатар сата салады. Тек Мәскеудің өзінде қосып жазу үлесі 28%-ға дейін жеткен», – дейді РФ пациенттерді қорғау лигасының президенті Александр Саверский. Ол медұйымдардың тағы бір қулығын айтты: мысалы, аппендицитті перитонит деп жазады, сырқаттар операция жасалса болды, диагнозын тексере бермейді. Билік әрбір дәрігердің жанына тексеруші қоя алмайды. А.Саверскийдің айтуынша, қосып жазумен тек халық болып күрессе, жеңуге болады. Өз атына басы артық диагноз не медқызмет жазылғанын аңғарған барлық азамат қорға шағымданса, медұйымдар аяғын аңдап басатын болады. Батыс елдердің озық тәжірибесі осыны айғақтайды.Айхан ШӘРІП