Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары — кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топтың мүшесі Қанат Қабдиевтің айтуынша, өңірде кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз кедергі келтіретін шенеуніктер баршылық. Облыста кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін осындай 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Жыл басынан бері «Атамекен» және прокуратура органдары өкілдерінен жасақталған бизнестің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа кәсіп иелерінен 65 өтініш түскен. Оларда көрсетілген деректер бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 26 ұсыныс жасалып, алты наразылық келтірілген. Сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шаралары жүзеге асырылған. Биыл 4 қыркүйектен бастап «Прокуратура туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, прокурорларға кәсіпкерлердің ісіне мемлекеттік органдар тарапынан араласуға қатысты деректер бойынша өтініштерін қарау құзыреті берілді. Бұрындары мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін. Ендігі жерде прокурорлар бизнес субъектілерінің шағымдарына қатысты жедел әрекет етіп, тексерулер жүргізеді. Қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұратады және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады. Бұларға қоса прокурорлар шоттарға, мүлікті пайдалануға негізсіз тыйым салу, қызметін тоқтата тұру, жұмысқа қатысты уақытша және өзге де заңсыз салынған шектеу және тыйым салу сипатындағы шаралардың күшін дереу жоя алады. Мұндай деректер анықталған кезде прокурор олардың күшін жою туралы қаулы шығарады және қаулыны орындауға міндетті болады. Қаулыны орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылған (ӘҚБтК-нің 664-1-бабы – 30 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соғады). «Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратурасының бірлескен жұмысы барысында 10 заңсыз актінің күші жойылды, 155 заңсыз тексеру және бақылау анықталды, сондай-ақ 24 заңсыз тексеру жойылды. Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу бойынша 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 20 бизнес субъектісін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға жол берілмеді және жалпы сомасы 125 000 теңге болатын 125 әкімшілік қаулы жойылды. Жалпы, өңірдің 8 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды», – деп атап өтті «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Қанат Қабдиев. Облыс прокуратурасы жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде 90 кәсіпкерден 17 млн теңге көлемінде пара алған тексеру комиссиясының қызметкерлері кезінде ұсталды. Сот үкімімен лауазымды тұлғалар кінәлі деп танылды. Сондай-ақ 717 жекеменшік балабақшаның жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері сәйкестендірілді. Мобильдік топтың күшімен мемлекеттік сатып алудың 23 қатысушысына тапсырыс берушілер тарапынан заңсыз қайтарылмаған кепілдік жарналар өндірілді. Санитарлық дәрігерлердің заңсыз қаулылары жойылып, қайта қаралды. «Кәсіпкерлер жүгінген соң, аудандар мен қалалардағы санитарлық дәрігерлердің қаулылары талқыланған-ды. Соның нәтижесінде мобильді топ санитарлық дәрігерлердің бизнес құқығын бұзатын төрт карантин бұйрығын жойып, өзгертті. Тағы 20 шағын кәсіпкерлік субъектінің құқығын қорғап, полиция қызметкерлері тарапынан карантин шектеулерінің сақталуын заңсыз тексеру деректерін анықтадық», – дейді Алматы облысы прокурорының орынбасары Марат Әбдірахманов. Алакөл ауданының білім беру ұйымдарында асханалар мен буфеттерді жалға алатын кәсіпкерлердің ұжымдық өтініші де бизнес пайдасына шешілді. Белгілі болғандай, Ұлттық экономика министрінің пандемия кезінде мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектісінің жалдау ақысын есептемеу туралы бұйрығына қарамастан, жергілікті атқарушы органдар 21 кәсіпкерден төлем алыпты. Аудан прокуратурасының ұсынысы бойынша артық төленген қаражат сомасы қосымша келісіммен 2021 жылға есептелді. Бизнестің жүйелі проблемалық мәселелері кәсіпкерлік өкілдері мен уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен «Атамекен» ӨКП жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес алаңында белсенді қаралып, шешіліп жатыр. Прокуратураның «Атамекенмен» бірлескен жұмысының нәтижесінде бизнестің үш проблемасы жүйелі мәселелер тізілімінен алыныпты. Қазір екі өңірлік және бір республикалық проблемалық мәселе қалған. Инфекциялық және провизорлық стационарлардың жұмысына тартылған медицина қызметкерлерін тасымалдау және орналастыру бойынша көрсетілген қызметтер үшін кәсіпкерлік субъектілеріне төлем жасауға қатысты мәселе кеңес отырысында қарастырылып, денсаулық сақтау мекемелерінің бизнес субъектілері алдындағы берешегін өтеу пысықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бизнес субъектілеріне тиісті қаражат толық көлемде төленді, кінәлі адамдарға қатысты жауапкершілік туралы мәселені тәртіптік комиссия қарайды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы