Елордалық «Астана» футбол клубының басына қара бұлт үйірілді. Қазақстанның алты дүркін чемпионы соңғы екі жылда 4,2 млрд теңге қарызға батқан. Клуб басшылығы 2016 және 2020 жылдар аралығындағы қарыздарын 8 қазанға дейін төлемеген жағдайда келесі жылы еурокубоктік ойындарға қатысу құқығынан айырылуы мүмкін. Жанкүйерлердің дені «Астананың» осы миллиардтаған қарызды уақытылы төлемегеніне алаңдаулы.
Жақында Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың «Астана» футбол клубындағы бірқатар мәселе жөнінде сұхбат берген болатын. Сол сұхбатта вице-министр «Астана» футбол клубында аудиттік тексерістің жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол клубта кредиторлық берешектің жинақталып қалу себептерін де атап өтті.
Ал 3 қыркүйекте «Астана» футбол клубының қаржылық жағдайы жайлы мәлімдемесі елордалық клубтың ресми сайтында жарияланды. Онда: «Астана» футбол клубының басшылығы «Туризм және спорт индустриясын қолдау қорымен» бірлесіп қазір қаржылық берешектерді жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Клуб осы мәселені шешуге ниетті, оның мәртебесі бүгінде ең басым мәселелердің бірі саналады. «Астана» ФК қажетті қаражат клубқа уақытылы түсетінін және басшылық жағдайдың қаржылық мониторингін жүргізетінін мәлімдейді. Команда ішкі чемпионатта және халықаралық аренада өз өнерлерін жалғастырады. Баспасөз қызметі клубтың ресми сайтындағы ары қарайғы ақпаратты қадағалауды сұрайды, – деп жазылған.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының директоры Асхат Сейсембектің айтуынша, «Астана» кәсіпқой спорт клубының алдағы тағдыры бойынша түпкілікті шешім 2021 жылдың соңына қарай қабылданбақ екен.
– Бұл қарыздар бойынша жақын уақытта толыққанды ақпарат беріледі. Квазимемлекеттік қаражат болғандықтан, халық мұндай қарыздың қалай және неліктен пайда болғанын білуі керек деп ойлаймын. Ал «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» баскетбол клубына келетін болсақ, оларда жұмыс механизмі ретке келтірілген. Бұл клубтардың ұлтаралық лигаларда өнер көрсететінін білесіздер. Сондықтан аталмыш командалар Қазақстанның ішкі стандарттарына ғана емес, ұлтаралық лигалардың да стандарттарына толық сәйкес келеді, – дейді ол.
Осы орайда естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби клубтарды қаржыландыруды қысқартуды және бюджетті бұқаралық спортты дамытуға бағыттауды ұсынған болатын. Кейіннен денешынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлудің бірыңғай операторы ретінде Қазақстан Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры (Sport Qory) бекітілді. Ал 2021 жылдың жазында қордың қарамағына құрамына «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велокомандасы және «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» кәсіпқой спорт клубы берілді. Бұл көпдеңгейлі қаржыландыру режимінен арылу үшін жасалған шешім болды. Ал «Астана» КСК-ның тағдыры ғаламторда ғана емес, әлі күнге дейін ресми кабинеттер мен ведомстволарда да қызу талқыланып жатыр.
Жалпы, елордалық клубтың 2021 жылға арналған бюджеті 5 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға аз. Мұны «Астана» командасының жаңа маусым алдында бірқатар қалталы легионерімен қоштасып, жылдық бюджетті үнемдеп, қарыздарын жабуға кіріскенінен байқауға болады. Осындай қадамға бару арқылы клуб бірқатар қарызынан құтылғанымен, қалған 4,2 млрд теңгені төлеп үлгермеген. Біз оны жоғарыда да атап өттік. Бірер күнде сол қарыз мәселесі шешімін тапса, клуб жанкүйерлерінің де үрей мен күдігі сейілер. Көңілге медеу болары, келесі жылы клуб шығындарының қысқаратыны жер-жерде айтылып жүр. Бұдан былай «Астана» сияқты команданың қаржыландырылуы мен болашағы клубтың менеджерлік қабілеттілігіне тікелей байланысты болмақ. Бастысы еурокубоктік ойындардан шет қалмаса болғаны. Біз де Қазақстан Премьер лигасында жыл сайын жүлделі орындарға таласып жүрген, талай рет еурододаларға қатысып ел мерейін асқақтатқан еліміздегі үздік командалардың бірі «Астана» бұл кедергілерді де артқа тастап, жанкүйерлерін қуанышты жаңалықтарымен қуантады деген ойдамыз.
Абылайхан ЖҰМАШ