«Біздің мақсат – жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру» – Ерлан Саиров
«Біздің мақсат – жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру» – Ерлан Саиров
366
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жол­дауына орай «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қо­ғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саировтың пікірін білген едік.

– Барша әлем сияқты Қазақстан да пандемияның зардабын тартып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында індетке қатысты түйткілді мәселелерді атап көрсетті. Сіздің өз басыңыз Жолдаудан қандай ой түйдіңіз, ел экономикасының одан ары дамуы қалай болады деп пайымдайсыз? – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жол­дауында Үкіметке пандемиядан кейінгі кезеңдегі ел экономикасын дамытудың алғышарттарын жасауға тапсырма берді. Өйткені одан кейін ел экономикасын дамытудың бағыты, сапасы, бағдары мүлдем өзгеше, мүлдем бөлек болады. Себебі қазір ұзақмерзімді мұнай циклі аяқталып келе жатыр. Қазақстанның экономикасы мұнайды экспорттауға бағытталған. Сондықтан қазірдің өзінде табыстың мұнайдан басқа қайнар көзін табу өте маңызды. Президент сол себептен де экономиканы әртараптандыру қажет­тігіне бас назар аудартты. Алдағы күні бюд­жетті қалыптастырудың жаңа бір жол­дарын табу мәселесі өте өзекті. Өйткені біздің Үкіметіміз кейінгі жыл­дары болашақ ұрпаққа арналған Ұлттық қорға қол сұғуды дәстүрге айналдырып алды. Мысалы, 2020 жылы бюджетке Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге алынған. Бұлай бола берсе, Ұлттық қор таязданып қалуы ықтимал. Сол себепті бюджетті қалыптастыруда Ұлттық қордың рөлін азайтуды, сонымен бірге Қазақстанның сыртқы қарызын бақылап отыруды негізгі міндет етіп қойды. Қазір дүниежүзінде жаңғыртылатын баламалы энергияларды дамыту мәселесі өзекті болып келеді. Мысалы, Еуропа 2045 жылға дейін газдан бас тартатынын, оның орнына «жасыл» энергетика көздерін пайдаланатынын мәлімдеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның да «жасыл» энер­гияны дамыту бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарға шұғыл кірісуі керек. Мысалы, мұнайды тасымалдайтын әртүрлі көлік инфрақұрылымының барлығы 30-40 жылдан кейін керексіз болып қалады. Сонда бұл құбырлар арқылы не тасимыз, Үкімет соны қазірден бастап ойлануы тиіс. Мемлекет басшысы айтып кеткендей, экономиканы дамытудың тағы бір түрі – ол ауыл шаруашылығы. Республиканың ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары. Өйткені бізде қолданылмай жатқан мал өрісі де, игерілмей жатқан жер де көп. Осы бос жатқан жерлердің бәрін космомо­ниторинг арқылы анықтап, мемлекетке қайтарып, оны тиімді пайдалана алатын іскер азаматтардың қолына беру керек. Сол арқылы ел экономикасын дамытудың жаңа бір мүмкіншіліктері ашылады. Сондай-ақ жеке азаматтар аула шаруашы­лықтарын ұтымды пайдаланғаны дұрыс. Неге десеңіз, Қазақстандағы мал басының 60 пайыздан астамы жекенің қолына шоғырланған. Егер халықтың мал өсіруіне, оның басын көбейтуге және сапасын арттыруға көңіл бөліп, жағдай жасайтын болсақ, онда біздің экономикалық дамуымыз нақты жекелеген адамдарға да, мемлекетке де пайдалы болмақ. Прези­дентіміз сол себепті Ауыл шаруашылығы министріне ауыл шаруашылықтарын дамыту үшін қолайлы болатын заң әзірлеуге тапсырма берді. Бұл заң сапалы, заманауи әзірленіп, қолданысқа енгізілген жағдайда ол ауыл халқының әлеуетін арттыруға да, азаматтарымыздың ел экономикасын көтеруге қатысуына да оңтайлы әсер ететіні сөзсіз.  – Жолдауда саяси жаңғыру және адам құқықтарын қорғау мәселесіне де бір тарау арналған. Осыған орай елімізде болып жат­қан саяси процестер туралы не айтар едіңіз? – Президент адам құқықтары жөнін­дегі мәселелерді ұдайы көтеріп жүр. Биылғы Жолдауда да адам құқын қорғау, халықтың әлеуметтік еңсесін көтеру мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл жерде, ең бірінші айта кететін жайт, пан­демия кезінде халықтың әлеуметтік жағ­дайын төмендетіп алмай, тұрақты түрде ұстап тұру маңызды. Мемлекеттің төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көбейтуі әлеуметтік жағдайы нашар адамдарға қолдау көрсету ниетінен туындап отырған қадам. Бұл халықтың әл-ахуалын артты­рып қана қоймай, жалпы ішкі өнімнің өсуіне де жақсы ықпал етеді. Ал әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу – мемлекет ұстанып отырған саяси басым бағыттың бірі. Өйткені әлеуметтік мәселесі шешілген халық қана зайырлы, саяси процесс жасай алады. Осы тұрғыдан алғанда, біздің елімізде саяси жаңғыру процесі ары қарай жалғаса береді деп сеніммен айтуға болады. Өздеріңіз білесіздер, биыл 800-дей ауыл әкімін тікелей дауыс беру арқылы халықтың өзі сайлап алды. Бұл үрдіс мұнымен тоқтамайды, Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің сайлауы 2024 жылы толық аяқталғаннан кейін, қанатқақты жоба ретінде ары қарай ашық дауыспен аудан әкімдерінің сайлауы болатынын мәлімдеді. Саяси жаңғырудың басты мақ­саты – ел халқының саясатқа араласуына бірдей жағдай жасау. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәслихаттарға, Парламентке депутат болып сайлануы үшін квота енгізілуі саяси процестегі тең құқылықты білдіреді. Президент осы мәселеге де басты назар аударды. Бұл ТМД елдеріндегі, Орта Азиядағы үлкен бір жаңашылдық болып табылады. – Мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуы сыбайлас жемқорлықтың өршуіне қолайлы жағдай туғызбай ма? Жалпы, жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелі болуы үшін не қажет? «Тұрмыстық жемқорлыққа» қалай тосқауыл қоюға болады? – Мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуды қойып, экономиканы тек реттеуге көшуі керек. Яғни, халықтың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсетіп жүрген бизнесмендерге экономикалық тұрғыдан қолдау көрсету, жекелеген кәсіпкерлік субъектілеріне артықшылық беру, жеңілдік жасау қажет болады. Сон­дай-ақ мемлекеттік сатып алу кезінде ең бірінші өз еліміздің ішкі нарығын нығай­туға, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуі тиіс. Қазір де бұл ба­ғытта біраз жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ және басқа да ірі мемлекеттік квазисектордың шағын және орта бизнеске бетін бұру үшін мемлекеттік сатып алу жөнінде заң қабылданды. Енді осы заңның ары қарай мүлтіксіз жүзеге асырылуын бақылап отыру қажет. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне келсек, оның ең пәрменді жолы – қоғамдық бақылауды күшейту. Тек қоғамдық бақылау арқылы ғана сыбай­лас жемқорлықты жеңуге болады. Мы­са­лы, облыстық, аудандық және қалалық деңгейдегі бюджеттің жасалуы мен ат­қарылуы қоғамның бақылауында болуы тиіс. Әсіресе, білім, медицина, әлеуметтік сақтау салаларындағы сатып алулардың барлығы ашық әрі түсінікті болуы керек. Сол кезде жемқорлықтың тамырына балта шабылады. Ол үшін елімізде қоғамдық ба­қылау институтын ары қарай дамыту қажет. Қазір азаматтар әртүрлі саяси ше­шімдерге қатысқысы келеді, осы шешім­дердің құрамдас бір бөлігі болғысы келеді, бұл процестерге қолдау көрсету керек. Сондықтан қоғамдық бақылау жө­ніндегі Парламентке енетін заң жобасын назарда мықтап ұстап, Қазақстанның өміріне ен­гізудің жағдайын қалыптастыру қажет. Жемқорлықпен күрестің тағы бір ма­ңызды тәсілі – оның алдын алу шарасы. Сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениеті деген бар, бұл мәдениетті кіш­кентай балаларымызды балабақшадан, мектептен бастап дағдыландырғанымыз жөн. Оларға жемқорлықтың біздің еліміз үшін ең негізгі жау екенін, мемлекеттің болашағына балта шабатынын балалардың миына балғын кезінен бастап құя беруіміз керек. Сонда ғана Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты толыққанды қабылдамау мәдениеті қалыптасады. Бүгінде біздің ең басты мақсатымыз – Қазақстанда жем­қорлықты 100 пайыз қабылдамау мәде­ниетін қалыптастыру. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ