Мемлекеттің ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күресі бір сәтке де тоқтаған емес. Әйтсе де, ол 30 жыл бұрынғыдай криминалмен ғана шектеліп қалып отырған жоқ. Қазіргі сипаты өте алуан. Уақыт дамыған сайын жаңаша тәсілдері пайда болып жатыр. Мәселен, киберқылмыстар, трансплантациялық хирургия, діни экстремизм, қаржы пирамидасы, мұнай ұрлау, нарколаборатория сияқты қылмыстар белең алып тұр. Соңғы уақыттары ақпарат құралдарынан оларды құрықтау операциялары туралы жиі естіп жүрміз. Содан да болар, ҰҚТ-лар еркінсіп кеткендей әсер қалады. Тіпті, қатары да көбейіп кеткен сияқты. Расында да солай ма?
5 аймақта бір мезгілде
Қазақстанның бес өңірінде бір мезгілде жүргізілген арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 28 қатысушысы ұсталды. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz сайты 1 қыркүйек күні хабарлады. Басылым мәліметінше, арнайы операцияны Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында Ішкі істер министрінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерін тарта отырып жүргізген. Қауіпті ұйымдасқан топ қызметінің жолын кесу жөніндегі арнайы операцияның барысын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы үйлестірді. Тәртіп сақшыларының ұйымдасқан қылмыстық топтың 28 қатысушысын ұстағаны белгілі болды. Олардың 16-сы қамауға алынған. 53 нысанды тінту кезінде атыс қаруының арсеналы мен оның оқ-дәрілері тәркіленді, сонымен қатар бақылауға арналған арнайы техника табылды. Бұл топ көбінесе елдің оңтүстік аймағында жұмыс істеп, бұл қылмыстық жағдайға теріс әсер еткен. «Сотқа дейінгі тергеу барысында ҰҚТ көшбасшылары Б. және Ж. атты азаматтар тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны анықталды. Бұл қылмыстық топта иерархия, көшбасшыларға сөзсіз бағыну және қастандық шараларын сақтау қатаң сақталған. Сонымен қатар олар жасаған қылмыстар ерекше қатыгездікпен ерекшеленді. Қазір айыпталушыларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді», – деп хабарлады полиция ведомствосы. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар елдің оңтүстігінде 15 ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Оған үш қарақшылық шабуыл, кәсіпкерлерге қатысты қару қолдану арқылы бес бопсалау, сондай-ақ бұзақылық және қаруды заңсыз сақтау дерегі кіреді.ҰҚТ ұғымын нақты анықтау қажет
Белгілі заңгер Джохар Өтебеков «ұйымдасқан қылмыстық топ» ұғымының өзінде нақты тұжырым жоқ деп санайды. Ал негізінде оның белгілі бір анықтамалық ерекшеліктері болуы тиіс. Бірақ осы уақытқа дейін ондай талаптар сақталған жоқ та, екі адам бірге ұсталса да, оларға ҰҚТ деген ярлык тағылды. Бұл дұрыс емес. Шындығына келгенде, ҰҚТ-да міндетті түрде жетекшісі болуы тиіс. Сондай-ақ олар кем дегенде үш адамнан тұруы қажет. «Белгілі бір уақыттарда мемлекет ұйымдасқан қылмыстық топтарға соғыс жариялады да, бұл біртіндеп осы ұғымның стандартын өзгертіп жіберді. Яғни, оның ҰҚТ екенін немесе ҰҚТ емес екенін дәлелдеу қажетсіз болып қалған дәрежеге дейін жетті. Тергеу мен прокуратура адамдарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және қатысты деген айыпты жиі тағатын болды. Бір өкініштісі, олардың бұл ұстанымы сотта да қолдау таба бастады. Осы бап бойынша жұмыста экономикалық немесе коррупциялық қылмыстарды бірге жасаған әріптестер жауапқа тартыла бастады. Жоғарғы сотта да ұзақ уақытқа дейін ҰҚТ-лардың жетекшісі болуы шарт емес деген ұстанымда болды. Бұл нонсенс еді. Осылайша, жасалған қылмыстың бабы дұрыс квалификацияланған жоқ», – дейді адвокат. Джохар Өтебековтың айтуынша, осы жылдың басында Жоғарғы сот осы кемшіліктерді түзеп, ҰҚТ-ға нақты анықтама беретін нормативтік қаулы шығарған. Бірақ іс жүзінде бұл мәселе әлі де болса қойыртпақ күйінде қалып отыр. Өйткені құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмыспен күресуге құлшынысы қатты. Ал нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ адамдар да ауыр баппен сотталып, зардап шегіп жатыр. ҰҚТ-лардың көбейіп кеткен сияқты болып көрінуінің бір себебі де осы болуы мүмкін. Ал іс жүзінде ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейіп кеткен жоқ.Қылмыстық ахуал қадағалауда
Келесі бір адвокат Асқар Қаймақов та соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы ақпараттардың көбейіп кеткені шындығында да ҰҚТ-лардың көбейіп кеткенінің белгісі деп ойламайтынын айтады. Өйткені кез келген жерден ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарып кету мүмкін емес. «ҰҚТ дегеніміз ауыр және аса ауыр қылмыстар жасау мақсатымен құрылатын ниеттес адамдардың тобы. Ол бір күнде пайда болмайды. Егер бұған дейін мұндайды көп естімеген болсақ, ал кейінгі кезде көбейіп кеткен сияқты болып көрінетін болса, оның да өзіндік себебі бар. Мәселен, бұрындары үш-төрт адам бірігіп қылмыс істесе де, статистиканы бүлдірмеу үшін бұл бапты қолданбаған болуы мүмкін. Қолданған жағдайда да бұқара халыққа қазіргідей жиі хабарланбай қалған. Ал қазір керісінше түрлі себептермен бұл бапты жиі қолданады. Сондықтан да еліміздегі қылмыстық ахуал, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтар соншалықты белең алып кетті деп санамаймын», – дейді ол. Бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен адвокат ұйымдасқан қылмыстық топтардың санаттарын жақсы білетінін айтады. Сондықтан да ондай криминалдық элементтердің бірігуіне мемлекеттік күштік құрылымдар мүмкіндік беріп отырған жоқ. Олар ахуалды толық қадағалап отыр. Егер ақпарат құралдарында бәленше ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды деген ақпарат шығатын болса, бұл олардың қарап отырмағанын, кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанын білдіреді. Сондықтан да ҰҚТ-лар белең алып кетті деп уайымдамауға болады екен. Ал есірткі зертханаларына келер болсақ, олар да жекелеген адамдар. Қазір есірткіні жасау оңай болып кеткені сондай, жалғыз өзің үйде отырып алып, шағын ғана аспаптардың көмегімен, зертхана ашуға болады. Соның өзін де арнайы органдар мұндай әрекеттердің тамырына балта шауып үлгеріп отыр.69 қылмыстық іс тергеліп жатыр
Биылдыққа Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп ел аумағында құқыққа қайшы әрекеттер жасап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы 3 арнайы операция өткізген екен. Соның барысында топтардың жетекшілері мен белсенді мүшелері қолға түскен. Бірнеше адамға халықаралық іздеу жарияланған. Топтардан қару-жарақ, оқ-дәрілер, ақша қаражаты және мүліктері тәркіленген. Барлығы 32 адам ұсталған болса, соның ішінде 9 адамға «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылыпты. «Ішкі істер министрлігі мүдделес құқық қорғау және арнайы органдармен тұрақты негізде өзара әрекет ете отырып ұйымдасқан қылмысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асырады. Осындай шаралардың арқасында 2020-2021 жылдарда 35 қылмыстық топқа қатысты ҰҚТ ұйымдастырғаны және басқарғаны үшін 69 сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәселен, 2020 жылы мұндай 36 іс тіркелген болса, биылғы 8 айда – 33 іс. ҰҚТ ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1,2 бөлімдері (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 188-бабы 4-бөлімі (Ұрлық) және 196-бабы 4-бөлімі Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Самал Мақыбаева. Осы сұрақты төтесінен қойып, тілдескен қай маманның да айтары осы боп тұр. Әйтсе де, қылмыстық ахуал қанша жерден қадағалауда десек те, түрі көбейген түрлі қылмысты ауыздықтауда бір манипуляция бар-ау деген күдік көкейімізде қалып қойды.Н.ҚОСАЙ