Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палата бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы қаралды. Келесі аптадағы жиында депутаттар қарауына бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда енгізу ұсынылды.
Заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Құжат балалар мүддесі үшін заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенцияның ережелерін Қазақстанның орындауы туралы төртінші кезеңдік баяндаманы қорғау қорытындылары бойынша Б¥¥ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын іске асыру мақсатында және «Балаға мейірімді Қазақстан» атты екі халықаралық конференцияның қорытындылары бойынша дайындалған ұсынымдар аясында әзірленді. Заң жобасы Қылмыстық, Әкімшілік құқықбұзушылық және Еңбек кодекстеріне, сондай-ақ тағы басқа бірқатар заңға түзетулерді қарастырады. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ІІ оқылымда қарайды деп жоспарланып отыр.Елдос СЕНБАЙ