Қазақстанда айына (!) 24 миллион теңге еңбекақы алатын мамандық иелері бар. Отандық банктер өз басшыларына қанша жалақы мен сыйақы төлегенін көрсетіп, жылдық есептерін жариялады. Әрине, мұндай адам сенбес жомарттық бизнес пен бұқараның – банк клиенттерінің есебінен жасалатыны жасырын емес. Сонымен бірге сарапшыларды төмен лауазымдардағы банк қызметкерлерінің ауыр жағдайы алаңдатады. Тіпті, жетекші банктердің өзінде кадр тұрақсыздығы ауқым мен қарқын алды.
Банкирдің сыйақысы – бұқараның бірер жылдық табысы
Financekaz сарапшылары есептердегі ашық ақпаратты талдай келе, банк тізгінін ұстаған тұлғалар қанша айлық алатынын анықтады. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің және мемлекеттік банктің басқарма мүшелерінің жиынтық сыйақысы назарға алынды. Ал оған жалақы, сыйақы, бонус және басқа ақшалай ынталандырушы төлемдер кіреді. Мұның сыртында, әрине банк басшылары борышкерлердің кепілге қойылған кәсіпорнын, компаниясын, акцияларын, вилла-коттеджін, аса қымбат автокөліктерін және өзге заттай бағалы активтерін өз меншігіне қарата алады. Бірақ ондай деректер жылдық есептерге кірмейді, әдетте банктік құпия деген ұғыммен бүркемеленеді. Сонымен, 2020 жыл қорытындысында жоғарғы басшылық құрамға төленген жиынтықты сыйақы жөнінен ForteBank көш бастады: басқармасының 8 мүшесіне 2,3 миллиард теңге ұстатылды. Яғни, орта есеппен әрқайсысына ай сайын 24 млн теңгеден берілген. Ресейлік банктің еншілес ұйымы – Сбербанк Қазақстан 8 басқарма мүшесіне 2,3 млрд теңге үлестіріпті: ай сайын 24 миллионнан келеді. Солтүстік көршінің тағы бір еншілес банкі – Альфа банк Қазақстан небәрі 5 басқарма мүшесіне 1,2 миллиард теңге бөлді: ай сайын орта есеппен әрқайсысына 20 миллион теңгеден тиесілі. RBK банкі 4 басқарма мүшесіне 854,4 миллион теңге немесе ай сайын орташа 17,8 миллион теңгеден беріп, қошеметтеген. Halyk Bank басқармасына кіретін 11 тұлғаға 2,3 миллиард теңге жұмсады: бәріне тең бөлінгенде, ай сайын 17,4 миллионнан тиеді. Home Credit Bank 4 басқарма мүшесін 618,5 миллион теңгемен ынталандырған. Осының өзі оларға ай сайын 12,8 миллион теңгеден сыйлықақы алып отыруына жетіп жатыр. Қытай банкінің еліміздегі еншілес ұйымы – Altyn Bank 5 басқарма мүшесіне 758 миллион теңге төлеп, құрмет білдірген. Ай сайын орта есеппен 12,6 миллион теңгеден.Жүз шақты адам 14 миллиардты бөлісті
First Heartland Jusan Bank басқармасы құрамындағы 6 тұлғаға 652,4 миллион теңге шығындады: ай сайын – 9 миллион теңгеден. Еуразиялық банк 9 басқарма мүшесіне 722,2 миллион теңге немесе ай сайын орта есеппен 6,6 миллион теңге берумен шектелген. Ресейлік тағы бір қаржылық ұйым ВТБ Қазақстан банкінің 4 басқарма мүшесіне 293 миллион теңгені немесе ай сайын 6,1 млн теңгені місе тұтуға тура келіпті. Kaspi Bank те шектен тыс «малшашпаққа» салынбағанымен, қайран қалдырды: 4 басқарма мүшесіне жыл бойы 261,3 миллион теңге немесе айына 5,4 миллион теңгеден таратты. Freedom Finance банкі (бұрынғы Kassa Nova) бұдан екі еседей көп қаражатты – 477,5 миллион теңгені басқарма мүшелерінің шотына аударған. Бірақ олардың саны да екі есе көп: 8. Тиісінше, әрқайсысына әлдеқайда аздау – 4,9 млн теңгеден тиді. Рейтингтің соңғы жағына қарай Центр Кредит банкі орналасты: ол 7 басқарма мүшесіне 273 млн теңге (ай сайын 3,25 млн теңге) ғана бөлген. Отбасы банк 9 басқарма мүшесіне 272,1 миллион теңге сыйлықақы төлегені туралы хабар әлеуметтік желіні біраз дүрліктірді. Себебі бұл – мемлекеттік банк. Ол ел қазынасынан өте арзан бюджеттік кредитті алып, халыққа ипотека түрінде үлестірумен айналысады. Сонымен бірге, тұрғындардың жинақтарын айналдырып, өзгенің қаржысы үстінен пайда табады. Соған қарамастан Отбасы банк басқармасының әрбір мүшесі ай сайын орта есеппен 2,5 миллион теңгеден алған. First Heartland Jysan Bank-ке қосылып, биыл нарықтан кетіп бара жатқан АТФ банкі өткен жылы 14 басқарма мүшесі арасында 285,3 миллион теңгені бөліске салған. Әрқайсысы орта есеппен ай сайын 1,7 миллион теңгеден еншілеген. Сарапшылар зерттеуіне Нұрбанк кірмепті. Өзіміз анықтағанымыздай, Нұрбанк Директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне сыйлықақыға жалпы сомасы 240,5 миллион теңге жұмсады. Бұл алдыңғы жылғыдан көп: 2019 жылы 193 млн теңге бағыттаған. Бұдан бөлек, 5,5 млн теңге көлемінде оларға әлеуметтік қолдау көрсеткен. Оның басқармасына – 4, директорлар кеңесіне 4 адам кіреді. Тұтастай алғанда, осы 16 банктің 118 басшысына тек бір жыл ішінде жалпы сомасы 14 миллиард теңгедей төленген. Салыстыра кетсек, қазір мемлекеттің саудаға шығарылып жатқан стратегиялық активі – Ақтөбенің халықаралық әуежайы бұдан екі есе арзанға ұсынылып отыр. Яғни, банкирлер бір жылдық табысын ортаға тастаса, осындай екі әуежайды сатып ала салар еді.Банк қызметкерлері неге бойдақ?
Басшылықтағылардың табысы банктің ағымдағы жағдайын да, табысы мен жетістіктерін де, тіпті банк ұжымындағы ахуалды да білдірмейді. Тіпті, банк көрсеткіштері құлдырап, ісі ілгері баспай жатса да, оның билік тізгінін ұстағандар миллиондап сыйақы ала беруі мүмкін. Мысалы, еліміздегі жетекші банктердің бірінің жеке тұлғаларды несиелеу бөлімінің басшысы Наталья банк қызметкерлерінің қиын жағдайын айтты. «Осы банкте 2018 жылдан бері бөлім басшысы болып қызмет атқарып келемін. Қазір қолыма 240 мың теңге ғана аламын. Басшы болсам да! Төменгі қызметкерлер әлдеқайда аз алады. Жалақыны 20-30 пайызға көтереміз деп көптен уәде етіп келеді, сөздерінде тұрмайды. Біресе әлемдік қаржылық дағдарысты, біресе пандемияны сылтауратады. Бізден жоғары тұрған басшылыққа тамыр-таныс, туған-туысты алған. Олар өз ісін білмейді, біліктілігі жетпейді. Содан олардың жүктемесін бізге артады. Салдарынан солар үшін де жұмыс істеуге мәжбүр боламыз», – дейді банктің бөлім басшысы. Жалпы, отандық банктерде қазір үздіксіз қайта құрулар, штат қысқарту, филиалдарды бір-біріне қосу, өңірлердегі бөлімшелерді жабу процестері жүріп жатыр. Мамандардың мойындауынша, жұмыс іздеген банк қызметкерлері көп. Сонымен қатар біразы бір орында көп тұрақтамайды. Өйткені шектен тыс ауыртпалық пен тым төмен жалақыға шыдамайды. Жетекші банктердің өзі, тіпті кассир немесе менеджер ретінде жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттерін алып жатқан көрінеді. Олар тәжірибе жинау үшін ұзақ әрі тынымсыз жұмыс істеуге көнеді. Мысалы, банктер клиенттер үшін кешкі 18.00-19.00-де есіктерін жапқанымен, іштегі жұмыс пен күнделікті есептер кешкі 9-ға дейін жалғасады екен. Банктегі қыздар мен жігіттер жеке өмірді жолға қоюға уақыт қалмайтынын, шаршап жығылатынын жасырмайды. Сондықтан банктердегі мансап сатысында өсуді ойлаған жастардың көбі сүрбойдақ не айырылысқандар көрінеді. Сондай-ақ жалақының аздығы оларға, тіпті ипотекамен баспана алуға мүмкіндік қалдыра бермейтін көрінеді. Яғни, банк секторы басшыларға жомарт, басқасына сараң.Банктің араны ашылса қиын
Банкирлердің осы шалқыған шаттығы, сый-сияпаты мен сән-салтанаты клиенттердің есебінен жасалатыны жасырын емес. Осы орайда бас прокуратура жағымсыз әрі көңілсіз жаңалығын жария етті: «банктер қазақстандықтардың ақшасын негізсіз есептен шығарып отырған». Түсіндіре кетсек, Еңбек кодексінің 115-бабына және «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы 23-бабына сәйкес, банктерге клиенттің берешегі үшін оның жалақысы не зейнетақысының 50%-ынан астамын алып қоюға тыйым салынған. Алайда банктер бұл талапты сақтамайды, салдарынан онсыз да борыш батпағына батқан адамды тіршілігін жалғастыруға қажетті тиын-тебенсіз қалдырады. «Банктер қарыз алушылардың ақшасын заңнамада белгілеген лимиттен жоғары көлемде алып қойып отырған. Kaspi Bank, Еуразиялық банк, Халық банкі, Хоум Кредит энд Финанс банк азаматтардың шоттарындағы қаражатын бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған. Мысалы, Kaspi Bank Өскемен тұрғынының еңбекақы аударуға арналған банктік шоты бойынша Халық банкіне төлем талабын қойған. Осы талап түскенге дейін жұмыс беруші алимент үшін оның еңбекақысының жартысын ұстаған. Нәтижесінде, азаматтың шотында небәрі 16 мың теңге (25%) қалған», – дейді бас прокуратура. Осындай фактілер Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды. Үнсіз көніп жүргендері қаншама? Бас прокуратураның байламынша, банкирлердің осындай заңсыз әрекеттері кесірінен «қарыз алған халық жалғыз табыс көзінен заңсыз айырылып жатыр» және «бұл халықтың наразылығын тудырды». Құзырлы органның ұсынысымен, Қаржы нарығын реттеу агенттігі проблеманы шешетін шара қабылдап жатыр. Яғни, артық алынған қаражат 5 күн ішінде клиентке кері қайтарылуы тиіс. Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев мемлекеттік банкке қатысты бір деректі әңгімеледі: «Отбасы банк» таяуда сотта жеңіліп қалған. Ол клиентінен 1 млн теңге айыппұлды негізсіз өндірмек болыпты. – Осыдан 2 жыл бұрын «Отбасы банкі» филиалының қызметкері кредиттік комитеттің тиісті шешімінсіз және өз әрекетін заңды түрде негіздемей-ақ, қарыз алушыны «алаяқсың» деп айыптап, 1 миллион теңге айыппұл салған. Мен мембанк басшысы Ләззат Ибрагимоваға хат жаздым. Сонда да «Отбасы банк» басшылары биігінен жерге түспей, филиалдың әлгі қызметкеріне қарыз алушыны қыса беруді, ал омбудсменді сотқа беруді тапсырады. Бұл дауға Наурызбай аудандық сот өз шешімімен нүкте қойды, – дейді Е.Сиырбаев. Оның айтуынша, Алматы қаласының Азаматтық істер жөніндегі Алмалы аудандық N2 сотында «Отбасы банк»-тың тағы бір талап арызы қаралып жатыр. Ол «несиені мақсатсыз пайдаланды-мыс» деп, басқа клиентке айыппұл салған. Оған да банк омбудсмені араласты. Соған қарағанда, мұндай оқиға жалғыз емес сияқты.Елдос СЕНБАЙ