Балалар спорты басым бағыт па?
Балалар спорты басым бағыт па?
1,041
оқылды

Еліміздің ертеңі бүгінгі жас жеткіншектер десек, сол өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне баса назар аударғанымыз жөн. Ол үшін ең алдымен елі­мізде бұқаралық спортты дамытып, спорттық инфра­құрылымдардың балалар үшін барынша қолжетімділігін арттыру қажет.

Несін жасырайық, Токио Олимпиадасынан кейін отандық спорттағы хал-ахуалымыздың төмен екені анық білінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен Олимпиада қорытындысы бойынша отан­дық спортқа шұғыл әрі тиімді ре­формалар жүргізу қажетін айта келе, бұқаралық және балалар спор­тын дамытудың маңызды­лығына ерекше назар аударды. Ел Президенті 1 қыркүйектегі Қа­зақстан халқына Жолдауында да денешынықтыру мен спорттың ма­ңыз­дылығын ерекше атап өтті. «Бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау керек. Облыс әкімдері спорт ин­фрақұрылымының кезең-ке­зеңімен құрылуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді Президент. Ел тұр­ғындары да Мемлекет басшы­сының тапсырмасын жылы қа­былдап, бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселелері Үкі­меттің ерекше бақылауына алынды. Олай дейтін себебіміз, енді бұқаралық және балалар спортымен айналысудың қолжетімділігін арттыру үшін халықтың спортпен шұғылдануын кемінде 35% нәти­жеге жеткізу міндеті жүктелді. Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұл­ғайту, қосымша балалар мен жас­өспірімдер клубын, балалар-жеткіншектер спорт клубын ашу, мек­теп және студенттер спорт ли­гасының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту жө­нінде арнайы тапсырма берілді. Шетелдерде де балалар спортына ерекше көңіл бөлініп отыр­ғанын әлемдік спорт додасы Токиодағы Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған шетелдік жас спортшылардың көрсет­кіштерінен байқадық. Олимпиадада бірқатар мемлекеттің жас жеткіншектері жеңіс тұғырынан көрініп, өз елдерінің мерейін ас­қақтатты. Атап айтар болсақ, Өзбекстан елінің 19 жастағы өрені Улугбек Рашидов таэквондодан Олимпиада чемпионы атанды. 22 жастағы түрік Мете Газоз садақ атудан ерлер арасында жекелей сында Токио Олимпиадасында топ жарды. Ұлыбританиялық 12 жасар Скай Браун Токиода скейтбординг спортынан бақ сынады. Ол жазғы Олимпиада ойындарына барған Ұлыбританиядан шық­қан ең жас қатысушы атанды. Ал жапониялық скейтбордист Момидзи Нисия Олимпиаданың ал­тын медалін мойнына тақты. 13 жастағы спортшы стрит бағдар­ламасының финалында 15,25 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді. Екінші орын алған 13 жас­тағы бразилиялық Раисса Леал да жанкүйерлерді өнерімен тәнті етті. Бұдан өзге көп елдің жас өрендері де Токиода көптің көзіне түсті. Ал Қазақстан Олимпиада­лық құрамасы сапындағы ең жас спортшы 19 жастағы көркем гимнаст Алина Әділханова болды. Өкі­нішке қарай, спортшы қы­зы­мыз Жапония жерінде жүлде­герлер қатарынан көріне алмады. Бірақ Алинаның әлемдік жарысқа жолдама алуының, қатысуының өзі үлкен жетістікке баланды. Өйт­кені Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының саны жеткіліксіз. Жергілікті әкімдіктер балалар мен жасөспірімдерді спорттық және шығармашылық үйірмемен қам­­тамасыз ету ісіне салғырт қа­рап отырғанын да көпшілігі жақ­сы біледі. Көптеген ауылда спорт­тық кешендер жоқтың қасы. Көңілге медеу болары, балаларды күреске, дзюдоға, боксқа дайындайтын спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр. Әрі бұл спорт түрлеріне жеткіншектер көптеп барады. Сондық­тан да шығар, бұл спорт түрлерінен өзге спорт түрлеріне қарағанда спорт­шылар арасында бәсеке­лестік жоғары. Бірақ күрес, дзюдо, бокстан басқа спорт түрлерін дамытуға ауылдық жерлерде ла­йық­ты деңгейде жағ­дай жасал­ма­ған. Бұл мәселені спорт маманда­рының өздері де бірнеше рет көтеріп, талқыға сал­ды. – Көптеген ауылдық жерде спорттық кешендер жетіспейді. Спортпен айналысатын жеткіншектер бір залда жаттығады. Жағдайдың жоқтығынан волейбол, баскетбол, күрес, өзге де спорт түрлерін бір жерде өткізуге мәжбүр. Жер-жерде спорттық кешендер көптеп бой көтерсе, спорт­тық үйірмелердің саны артып, қымбат спорт түрлері де қол­же­тім­ді бола түссе, балалар спор­тындағы көп мәселе шешімін табар еді, – дейді еркін күрестен ба­лаларды жаттықтырып жүрген жаттық­тырушы Төребек Хайдаров.

Спорттың қай түрі қымбат?

Ауылдық жер дейміз, қалалық жерлерде де кейбір спорт үйір­месіне баруға балалардың ата-анасының қалтасы көтермейді. Сондықтан жеткіншектер өздері қалаған спорт түрімен айналыса алмайды. Бағасы қымбат спорт үйірмелеріне спорттық гимнастика, суға секіру, көркем гимнастика, үлкен теннис жатады. Бағасы өте қымбат спорт үйірмелерінің қата­рына шайбалы хоккей, суда жүзу, синхронды жүзу, волейбол, мә­нерлеп сырғанау бар. Ал ескекпен жүзу, нысана ату, допты хоккей, су добы сияқты спортқа баратындар ілуде біреу. Осыдан кейін бұл спорт түрлерінен ел на­мысын қорғауды сырттан келгендерге сеніп тапсыр­масқа амал жоқ. Егер бұл қолжетімді болмай тұрған спорт түрлеріне ерекше көңіл бө­ліп, дамытар болсақ, жет­кіншек­терді осы спорт түрлеріне баули алсақ, өзімізден де шын мықты спортшылардың көп­теп шығуына жағдай жасаймыз әрі келешекте легионерлерге сенім артуды доғарамыз. Ол үшін бірінші кезекте балаларға арналған барлық спорттық үйірмелердің қолжетімді болуы маңызды. Жат­т­ықтыру­шы­лардың қызметін жоғары бағалап, балаларды еркін жаттықтыруына жол ашқан дұ­рыс. Ендігі кезекте сол жұмыстар жер-жерде мықтап қолға алынбақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұған дейін кәсіби спорт клубтарын ұстауға бағытталған қаржы халықты, ең алдымен балаларды денешынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға ба­ғыт­талады. Балалар мен жасөс­пірімдер және балалар мен жастар клубының саны еліміздің барлық тірек ауылдарын қамти отырып, мыңға дейін ұлғайтылады. Жат­тық­тырушы-ұстаздардың жала­қысы биылдың өзінде 1,5 есеге, ал 2023 жылға қарай 2 есеге өседі. Денешынықтыру мұғалімдеріне мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және жүргізгені үшін негізгі базалық лауазымдық жалақысынан 100% мөлшерінде қосымша ақы қосылады. Осы жылдың өзінде барлық ірі аудан орталығында 127 мың спорт секцияларын ашу жоспарланған. 22 мыңнан астам балалар үйірмесінің жұмысы қайта жанданады. Әрбір ауылдық округте биылдың өзінде 3 мың спорт нұсқаушысы лауазымын енгізу көзделіп отыр. Өңір­лерде спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамытуға да жаңа серпін беріледі. Еліміздегі жетекші партия саналатын «Nur Otan» партиясы ат спорты түрлерін (бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату), қазақша күрес, құсбегілік, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және басқа да спорт­тық бағыттарды қолдауды жал­ғастырады. Биылдың өзінде олар денешынықтыру пәніндегі са­бақтың міндетті компоненті ретінде енгізілмек. Бұл да болса ел спортының көш ілгері дамуына септігін тигізері анық. Бұқаралық спортты өркендету ісі елімізде жаңа чемпиондардың өсіп шығуына жол ашады. Әрі бұл салауатты, белсенді жастардың негізін қалыптастырады. Бай­рақты бәсекелерде Қазақстанның көк туын биікте желбірететін саңлақтарымыздың көп болғанын қаласақ, жоғарыда аталған мәсе­лелер шешімін табуы тиіс.

Абылайхан ЖҰМАШ