Еліміздің ертеңі бүгінгі жас жеткіншектер десек, сол өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне баса назар аударғанымыз жөн. Ол үшін ең алдымен елімізде бұқаралық спортты дамытып, спорттық инфрақұрылымдардың балалар үшін барынша қолжетімділігін арттыру қажет.
Несін жасырайық, Токио Олимпиадасынан кейін отандық спорттағы хал-ахуалымыздың төмен екені анық білінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен Олимпиада қорытындысы бойынша отандық спортқа шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажетін айта келе, бұқаралық және балалар спортын дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Ел Президенті 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да денешынықтыру мен спорттың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау керек. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді Президент. Ел тұрғындары да Мемлекет басшысының тапсырмасын жылы қабылдап, бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауына алынды. Олай дейтін себебіміз, енді бұқаралық және балалар спортымен айналысудың қолжетімділігін арттыру үшін халықтың спортпен шұғылдануын кемінде 35% нәтижеге жеткізу міндеті жүктелді. Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар мен жасөспірімдер клубын, балалар-жеткіншектер спорт клубын ашу, мектеп және студенттер спорт лигасының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту жөнінде арнайы тапсырма берілді. Шетелдерде де балалар спортына ерекше көңіл бөлініп отырғанын әлемдік спорт додасы Токиодағы Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған шетелдік жас спортшылардың көрсеткіштерінен байқадық. Олимпиадада бірқатар мемлекеттің жас жеткіншектері жеңіс тұғырынан көрініп, өз елдерінің мерейін асқақтатты. Атап айтар болсақ, Өзбекстан елінің 19 жастағы өрені Улугбек Рашидов таэквондодан Олимпиада чемпионы атанды. 22 жастағы түрік Мете Газоз садақ атудан ерлер арасында жекелей сында Токио Олимпиадасында топ жарды. Ұлыбританиялық 12 жасар Скай Браун Токиода скейтбординг спортынан бақ сынады. Ол жазғы Олимпиада ойындарына барған Ұлыбританиядан шыққан ең жас қатысушы атанды. Ал жапониялық скейтбордист Момидзи Нисия Олимпиаданың алтын медалін мойнына тақты. 13 жастағы спортшы стрит бағдарламасының финалында 15,25 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді. Екінші орын алған 13 жастағы бразилиялық Раисса Леал да жанкүйерлерді өнерімен тәнті етті. Бұдан өзге көп елдің жас өрендері де Токиода көптің көзіне түсті. Ал Қазақстан Олимпиадалық құрамасы сапындағы ең жас спортшы 19 жастағы көркем гимнаст Алина Әділханова болды. Өкінішке қарай, спортшы қызымыз Жапония жерінде жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Бірақ Алинаның әлемдік жарысқа жолдама алуының, қатысуының өзі үлкен жетістікке баланды. Өйткені Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының саны жеткіліксіз. Жергілікті әкімдіктер балалар мен жасөспірімдерді спорттық және шығармашылық үйірмемен қамтамасыз ету ісіне салғырт қарап отырғанын да көпшілігі жақсы біледі. Көптеген ауылда спорттық кешендер жоқтың қасы. Көңілге медеу болары, балаларды күреске, дзюдоға, боксқа дайындайтын спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр. Әрі бұл спорт түрлеріне жеткіншектер көптеп барады. Сондықтан да шығар, бұл спорт түрлерінен өзге спорт түрлеріне қарағанда спортшылар арасында бәсекелестік жоғары. Бірақ күрес, дзюдо, бокстан басқа спорт түрлерін дамытуға ауылдық жерлерде лайықты деңгейде жағдай жасалмаған. Бұл мәселені спорт мамандарының өздері де бірнеше рет көтеріп, талқыға салды. – Көптеген ауылдық жерде спорттық кешендер жетіспейді. Спортпен айналысатын жеткіншектер бір залда жаттығады. Жағдайдың жоқтығынан волейбол, баскетбол, күрес, өзге де спорт түрлерін бір жерде өткізуге мәжбүр. Жер-жерде спорттық кешендер көптеп бой көтерсе, спорттық үйірмелердің саны артып, қымбат спорт түрлері де қолжетімді бола түссе, балалар спортындағы көп мәселе шешімін табар еді, – дейді еркін күрестен балаларды жаттықтырып жүрген жаттықтырушы Төребек Хайдаров.Спорттың қай түрі қымбат?
Ауылдық жер дейміз, қалалық жерлерде де кейбір спорт үйірмесіне баруға балалардың ата-анасының қалтасы көтермейді. Сондықтан жеткіншектер өздері қалаған спорт түрімен айналыса алмайды. Бағасы қымбат спорт үйірмелеріне спорттық гимнастика, суға секіру, көркем гимнастика, үлкен теннис жатады. Бағасы өте қымбат спорт үйірмелерінің қатарына шайбалы хоккей, суда жүзу, синхронды жүзу, волейбол, мәнерлеп сырғанау бар. Ал ескекпен жүзу, нысана ату, допты хоккей, су добы сияқты спортқа баратындар ілуде біреу. Осыдан кейін бұл спорт түрлерінен ел намысын қорғауды сырттан келгендерге сеніп тапсырмасқа амал жоқ. Егер бұл қолжетімді болмай тұрған спорт түрлеріне ерекше көңіл бөліп, дамытар болсақ, жеткіншектерді осы спорт түрлеріне баули алсақ, өзімізден де шын мықты спортшылардың көптеп шығуына жағдай жасаймыз әрі келешекте легионерлерге сенім артуды доғарамыз. Ол үшін бірінші кезекте балаларға арналған барлық спорттық үйірмелердің қолжетімді болуы маңызды. Жаттықтырушылардың қызметін жоғары бағалап, балаларды еркін жаттықтыруына жол ашқан дұрыс. Ендігі кезекте сол жұмыстар жер-жерде мықтап қолға алынбақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұған дейін кәсіби спорт клубтарын ұстауға бағытталған қаржы халықты, ең алдымен балаларды денешынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға бағытталады. Балалар мен жасөспірімдер және балалар мен жастар клубының саны еліміздің барлық тірек ауылдарын қамти отырып, мыңға дейін ұлғайтылады. Жаттықтырушы-ұстаздардың жалақысы биылдың өзінде 1,5 есеге, ал 2023 жылға қарай 2 есеге өседі. Денешынықтыру мұғалімдеріне мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және жүргізгені үшін негізгі базалық лауазымдық жалақысынан 100% мөлшерінде қосымша ақы қосылады. Осы жылдың өзінде барлық ірі аудан орталығында 127 мың спорт секцияларын ашу жоспарланған. 22 мыңнан астам балалар үйірмесінің жұмысы қайта жанданады. Әрбір ауылдық округте биылдың өзінде 3 мың спорт нұсқаушысы лауазымын енгізу көзделіп отыр. Өңірлерде спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамытуға да жаңа серпін беріледі. Еліміздегі жетекші партия саналатын «Nur Otan» партиясы ат спорты түрлерін (бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату), қазақша күрес, құсбегілік, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және басқа да спорттық бағыттарды қолдауды жалғастырады. Биылдың өзінде олар денешынықтыру пәніндегі сабақтың міндетті компоненті ретінде енгізілмек. Бұл да болса ел спортының көш ілгері дамуына септігін тигізері анық. Бұқаралық спортты өркендету ісі елімізде жаңа чемпиондардың өсіп шығуына жол ашады. Әрі бұл салауатты, белсенді жастардың негізін қалыптастырады. Байрақты бәсекелерде Қазақстанның көк туын биікте желбірететін саңлақтарымыздың көп болғанын қаласақ, жоғарыда аталған мәселелер шешімін табуы тиіс.Абылайхан ЖҰМАШ