Жол-көлік апатына түссеңіз не істеу керек?
Жол-көлік апатына түссеңіз не істеу керек?
©inbusiness.kz
879
оқылды

Жалпы, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында 3677 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5431 адам зардап шеккен. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда апат 10,3%-ға кеміген. Бұл Статистика комитетінің көрсеткен мәліметі. Алайда көп адам жол апатына түскенде не істеу керегін білмей жатады. Білсе де, сасқанынан ұмытып жатады. Сондай жағдайда не істеу керегін «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясының басқарушы директоры Санжар Үсенов жауап берді.

Егер жол-көлік апатында зардап шеккендер болмаса, сізге мынаны істеу қажет:

Біріншіден, болған жағдайды байыппен бағалап, апатқа нақты кімнің кінәлі екенін анықтау қажет. Егер жол-көлік оқиғасына қатысушылардың арасындағы кінәлісі анықталмаса немесе өзара келісімге келмесе, бірден 102 телефонына хабарласып, жол полициясына болған жағдайды тіркету керек.

Екіншіден, көлікті жөндеуге кететін шығынын есептеп алған дұрыс. Егер көліктің шетін сырып өткен секілді ұсақ-түйек жөндеулер болса, кінәлі жақ оның бәрін жөндетуге немесе ақысын өтеуге келіссе, онда көліктердің тұрған жерін видеоға, фотосуретке түсіріп, тиісті құжатты толтырып, қолхат жаздыртып алған дұрыс. Алайда Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде жол-патрульдік полициясын шақырып,  болған жол-көлік оқиғасы тіркеу керек. Бірақ біздің тәжірибеде көбіне бұл мәселені айқай-шусыз, екіжақ өзара шешуге тырысады. Өйткені  жол полициясы қызметкерлерінің өздері де "ұсақ-түйек мәселені ың-шыңсыз орнында шешуге" кеңес береді.

Үшіншіден, егер жол-көлік апатына сіз кінәлі болсаңыз, онда жазатайым оқиға үшін айыппұл мөлшерін (ҚР ӘҚБК 610-бабы 1-бөлігі) 20 АЕК (2021 ж. 58 340 теңге) төлеуге міндеттісіз. Оған қоса, сол жерде міндетті автокөлікті сақтандыру шартын рәсімдесеңіз, айыппұл көбірек төлеуге тура келеді. Сондықтан алдымен шыққан шығынды есептеп алыңыз.

Төртіншіден, егер келтірген шығыныңыз айыппұл мөлшерінен жоғары болмаса,  қарсы жақпен келісімге келіп, шығынын ақшалай өтей салғаныңыз тиімді. Айыппұлдан бөлек, сақтандыру полисі бойынша қосымша төлем төлейтініңізді есепке алуды ұмытпаңыз. Ондайда мәселені сол жерде шешіп, азын-аулақ ақшамен құтылған жақсы емес пе?! Ал егер қарсы жақтың көлігі қатты зақымданған болса ғана 102 жол полициясы мен сақтандыру компаниясын шақыру қажет.

Бесіншіден, жол полициясын шақырсаңыз, олардың оқиға орнына келгенін күткеніңіз абзал. Әкімшілік полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасын тіркеп алған соң, олардан істі кім қарайтыны, қай жерде, қай кезде қаралатынын біле аласыз.  

Сондай-ақ жол апаты болған жағдайда көліктің қауіпті ескерту шамын қосып, жол-көлік апаты болған белгіні шығарып қоюды ұмытпаңыз. Елді мекенді жерде болса белгі көліктен кемінде 15 метр қашықтықта қойылады. Оқиға жол жиегінде болса, көліктен 30 метр жерде қойылады.