Қалыптасқан дәстүр бойынша форумның бірінші күні шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер онлайн форматта өтті.
Әсіресе, «Жаңа бетбұрыс: Ауғанстандағы оқиғалар Орталық Азия аймағына қалай әсер етуі мүмкін?» тақырыбындағы жаһандық пікірталас сарапшылар мен көрерменнің назарына ерекше ілікті. Ауғанстан Үкіметінің айналдырған бірнеше күннің ішінде ыдырауы бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, ел тұрғындары үшін күтпеген тосын жағдай болды. Қазір көпшіліктің көкейін, оның ішінде, Орталық Азия елдерін мазалаған басты мәселе – «Бұл жағдай өзге елдерге қалай әсер етеді?» .
Дөңгелек үстел сарапшылары «Талибанмен» дипломатиялық байланыс орнату әзірге мүмкін емес деген пікірде. Егер елдердің бірі Ауғанстанның жаңа режимімен диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдесе, мұны саяси емес, гуманитарлық тарап деп түсінген жөн.
Өзбекстандағы «Ma’no» зерттеу бастамалары Орталығының негізін қалаушы және директоры Бахтиер Эргашев: «Геоэкономика тұрғысынан енді Ауғанстан үшін кім төлейді, оған Америка қауқарлы ма, Америка бұл елден қашан кетті? - деген сияқты көптеген сұрақтар туындайды. Қауіпсіздік мәселелері шешілмеген, ал егер олар шешілмеген болса, онда экономика және даму мәселелері де шешілмеген жаңа Ауғанстанмен не істеуге болады? Біз амалсыз, босқындар ағынына тап болуымыз мүмкін, сонда біз оларды ешқандай шаралармен және шекараларды қатаң қорғаумен де тоқтата алмаймыз. Бұл мәселені шешпей, Ауған ішіндегі жанжалды шешу мүмкін емес, және біз, өкінішке қарай, нақты шешімді көріп отырған жоқпыз», – деді.
Дөңгелек үстелге қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтында Таяу Шығыс зерттеулері орталығының басшысы Ирина Звягельская болса, ондаған жылдарға созылған қақтығыстардың салдарынан Ауғанстанды 10 миллионнан аса азамат тастап кеткенін алға тартты. Оның айтуынша, егер қазір Ауғанстаннан қарапайым адамдар қашатын болса, миграцияда мәселе туындайды.
«Өкінішке қарай, біз қазір белгісіздік жағдайының жоғары деңгейіне, нақтырақ айтсақ, кері әсердегі белгісіздікке тап болып отырмыз. Бұл елдегі оқиғалардың оң бағытта дамуын күтуге болмайды. Бұл жерде мемлекеттік қалыптастырумен айналысып, осы елдегі гуманитарлық апаттың алдын алу керек. 40 миллион халықты қалай азықпен қамтамасыз ету керек, бұл мәселемен не істеуге болады және бұл адамдардың елден жаппай қашуына әкелмейді ме? Ең алдымен, мәдени жағдаймен жұмыс істеу керек, өйткені егер елдегі мәдени жағдай қазіргідей болып қала беретін болса, онда Ауғанстанның дамуына ықпал етуге екінің бірі келісе бермейді, мамандар да ол жаққа жұмыс істеуге бара қоймас», – деді.
Тәжікстан елінен қатысқан саяси ғылымдар кандидаты Саймидин Мирзоев қазіргі жағдайда радикалдарға сену қиын. Өйткені Талибан ешқашан өз міндеттерін орындамаған.
«Ауғанстанда қандай үкімет болады? Бұл топ периферияда не істеп жатыр? Талибан неге қазір үнсіз, неге олар өздерін болмағандай көрсеткісі келеді? Талибанның қайта бас көтеруіне не түрткі болды? Неліктен оларға Катарда кеңсе ашу қажеттігі туындады? Неліктен олар түрмелерден шығарылды? Бұл қазір көпшіліктің көкейіндегі сан сауалдың бір парасы ғана. Ең бірінші кезекте Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керектігін түсіну үшін ауқымды зерттеу жүргізу қажет. Басқа елдер де жиналып, қалыптасқан сын-қатерге жауап қатуы тиіс», – деді Мирзоев.
Тағы Ауғанстан тақырыбына арналған дөңгелек үстелдің спикерлері ретінде Азиялық зерттеулер Институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Пәкістанның АҚШ-тағы экс-елшісі, Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша директоры Хусейн Хаккани, ҚР Ауғанстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов сөз сөйледі. Дөңгелек үстел отырысына қазақстандық дипломат, тарих ғылымдарының кандидаты және Нұрсұлтан Назарбаев қоры халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қайрат Әбусейітов модераторлық жасады.
Сондай-ақ, бұл күні «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы», «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?!», «Шындығы аз көп ақпарат» және «Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік» тақырыптарында сессия өткізу жоспарлануда.
ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі бесінші өкілі Тереза Рибейро, тележүргізуші және журналист Ксения Собчак, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, эпидемиолог, инфекциялық аурулардың таралуын бақылау және алдын алу саласындағы сарапшы Михаил Фаворов, көптеген марапаттарды иеленген Netflix-тегі APlasticOcean деректі фильмінің авторы Джо Ракстон және тағы басқа белгілі мамандар қатысады.