«Жұмысын адал атқарып жүрген қатардағы полицейлер еді» – министр
«Жұмысын адал атқарып жүрген қатардағы полицейлер еді» – министр
Фото: Ерлан Тұрғымбаевтың Facebook-тағы парақшасынан алынды
404
оқылды

Министр Ерлан Тұрғымбаев бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Біз үшін кешегі күн – өте ауыр, орны толмас қайғылы күн болды. Алматы қаласындағы оқыс оқиғада 5 азаматымыз оққа ұшты. Оның ішінде ішкі істер органдарының екі қызметкері бар. Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмысын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді. Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар. Олар адамгершілігімен айналасына абыройлы болып, отансүйгіштігімен талайға үлгі бола білді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады.

Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Оларды әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде мәңгі есте сақтайды.

Осы марқұмдардың әке-шешесі, отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасқым келеді. Марқұмдардың жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін Алматыдағы атыс кезінде қаза болған бесінші адам туралы жазған болатынбыз.