Қызылжар үйлері қысқа дайын емес
Қызылжар үйлері қысқа дайын емес
190
оқылды

Теріскейде күн суытып, қыр­күйектің 20-сынан жылыту маусымы басталды. Қылышын сүйреткен қыстың ауылы алыс емес. Алайда Петропавлдағы көпқабатты үйлердің барлығы бірдей жылыту маусымына дайын деу қиын. Бүгінде 1 106 үйдің 1 065-і жылыту маусымына дайын екені туралы төл­құжатқа ие болды. Ал қалған үйлерде әлі жылыту құбырлары тазартылып, нығыздалған жоқ. Пәтер иелері кооператив­тері­нің төрағалары тұрғындар ай сайын төлемақы төлемеген­діктен, бұл мақсатқа қаржы жоқ екенін алға тартады. Ал   тұр­ғындар кооперативтер тө­лен­ген ақшаны қайда жібере­тінін біле алмай дал. Бұл жыл­дан-жылға қайталанып келе жат­қан жағдай.

Көпқабатты үйлерді басқару ең даулы салалардың бірі болғандық­тан, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «ПИК қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Петро­павлдағы пәтер иелері кооперативтеріне мониторинг жүргізді. Он­дағы мақсат – көпқабатты тұрғын үйлерді басқаруда жиі кездесетін кемшіліктерді анықтап қана қой­май, кооперативтердің нәтижелі жұмысын ұйымдастыруға атсалысу. «ПИК қауымдастығы» заңды тұл­ғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, бір айға созылған бақылауды жүргізу үшін іріктеліп алынған 10 ерікті арнайы дайындықтан өтті. «Олар көп­қабатты үйлердің тұрғындары­ның арасында сауалнама жүргізді. Оларға негізінен кооператив жұ­мысына көңілдері толатын-толмайтыны, шешімін күткен мәселе­лер туралы сұрақтар қойылды. Сон­дай-ақ кооператив құжат­тарын, қара­жат­тың жұмсалуын да тексерді. Нә­ти­жесінде, 300-ден астам әртүрлі пікір жиналды», – дейді Сергей Герольдович. Сараптама көрсеткеніндей, пә­тер иелері кооперативтерінің жұ­мысында бірқатар кемшілік анық­талды. Атап айтқанда, атқарылып жатқан жұмыстардың біразынан тұрғындар хабарсыз, яғни төраға­лар оларды құлағдар етуді жөн санамайтын көрінеді. Көбіне-көп шешімдерді төрағалар өз бетінше қабылдай береді екен. Белгілі болғанындай, пәтер ие­лері кооперативтерінің жұмысы үшін уақытында төлемақы төле­мей­тін борышкерлермен тиісті дең­гейде жұмыс жүргізілмейді. Ерік­ті ретінде мониторинг жүргіз­ген кооператив кассирі Светлана Рассахадскаяның айтуынша, бұл – оңай шаруа емес. «Тұрғындардың қарызын өндіріп алу үшін олармен соттасқаннан басқа амал жоқ. Бұл – қиынның қиыны. Ешкім де оттасып-соттасып, уақыт кетіріп жүр­гісі келмейді. Сот шешімі шық­қаннан кейін онымен келіспеген тұрғындар оны даулауға хақылы. Ол қаралып болғанша тағы біраз уақыт шығындау керек. Біздің үйде ПИК төлемақысын төлемейтін 5-6 борышкер бар. Олардың қарызы 50 мыңнан 110 мың теңгеге дейін же­те­ді», – дейді Светлана Петровна. Мониторинг жүргізген ерікті­лер­дің пікірінше, қаржының жұм­салуын тексеретін ревизиялық ко­мис­сия әрекетсіз. Оның құра­мын­дағы мүшелердің көпшілігі сол үйде тұрады, яғни кооператив төра­ғасы­ның не есепшісінің көрші-көлемі. Сондықтан басқа тұрғын­дар оларды кооператив төрағасы­ның өз адамдары деп санайтын көрінеді. Тәуелсіз ревизиялық комиссияның қызметі 50 000 теңге ша­ма­сында. ПИК-те мұндай мақ­сат­қа жұмсай­тын қаржы жоқ. Сон­дықтан ерікті­лер ревизиялық комиссия мүшелері үшін арнайы оқы­ту курстарын ұйымдастыруды әрі жылына бір рет ревизия ұйымдастыруды ұсынды. Былтырдан бері пандемия салдарынан көп­теген үйде ревизия жүргізіл­мепті.

ТҰРҒЫНДАР БАЗЫНАСЫ

Сауалнамаға қатысқан тұрғын­дар да өз өтініш-тілектерін білдірді. Көптеген үйдің кіреберістері мен баспалдақтарын жуу ортақ сме­таға енгізілмеген. Бұл – тұрғын­дар үшін қосымша шығын. Сауалнама нәти­жесінде белгілі бол­ғанын­дай, тұр­ғын­дардың көбі бұл шығынның  ортақ сметаға енгізіл­генін қалайды. Сонымен қатар бірқатар үйдің аулаларында балалар алаңы тиісінше жарақтандырылмаған. Балалар алаңдарын абаттандыру – тұрғын­дардың тілегі. Олардың аулаға волейбол торы, футбол алаңы, спорт тренажерлары, орындықтар, әт­кен­шектер, шлагбаум, қоқыс жә­шігі, бейнебақылау камералары, хабарландыру тақтасы орнатылса деген өтініші бар. Тұрғындар өз өтініштері арнайы журналға тіркеліп, орындау мерзімі белгіленгенін және уақы­тын­да жүзеге асырыл­ғанын қалай­ды. Аулаға гүл егіліп, ағаш отыр­ғызыл­ғаны, терезеге тиіп тұрған ағаш бұтақтары уақытылы кесілуі тиіс екенін айт­қан қызылжарлықтар да болды. Қаң­ғыбас мысықтарды асырап, ау­лаға үйір еткен адамдармен әңгіме жүргізу туралы да өтініш айтылды. Сондай-ақ жертөледе тиісінше жұ­мыс жүргізу, құбырларды, бұ­ран­даларды ауыстыру, ауланы таза ұстау әрі жарықтандыру, төбелерді, лифтілерді, баспалдақтарды жөн­деу, инженерлік желілердің жағ­дайын комиссияның қатысуымен тексеру қажеттігі туралы өтініш-тілектер тіркелді.

ТӨРАҒА БОЛУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС

Пәтер иелері кооперативтері төраға­ларының да «бас ауруы» же­тер­лік. Ең алдымен олар жосықсыз мер­дігерлерге жиі тап болады. Мә­се­лен, Жуков көшесіндегі үйлердің бірінің төбесін жөндеп бермекші болған мердігер алдын ала төлем қалтасына түскен соң ұшты-күйлі жоқ болған. Мұндай жағдайлар жетерлік. Сондықтан мониторинг тобы төрағаларға сенім­ді жұмыс­шылармен ғана келісімшарт жасау­ға кеңес берді. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы болуға екінің бірі келісе бермейді. Өйткені аз ғана тиын-тебен үшін күні-түні жұмыс істеу ке­рек, жертөледен шықпай жүре­тіндері қаншама? Әр тұрғынмен тіл табысу да оңай емес. Шаршы метр үшін төленетін төлемақыны қым­баттату туралы шешімге қарсы шы­ғатындар, жиналыс сайын шу шығаратындар көп. «Соңғы кезде барлығы қымбаттап жатыр. Нан қымбаттағанда ешкім де көте­ріліс­ке шықпайды ғой, бәрі де жаңадан белгіленген бағаға сатып алады. Ен­деше ПИК төлемақысы қымбат­тағанға неге наразылық білдіреді?» – дейді кассир Светлана Петровна. Қазір Петропавлда пәтер иелері кооперативтерінің қызметі үшін 15-тен 80 теңгеге дейін төлемақы төленеді. Бірнеше үйге қызмет көрсететін кооперативтер де бар. Олардың қаржысы барлық үйге ортақ. Осындайды болдырмау үшін қазір мүлік иелерінің бірлестіктері құ­ры­лып жатыр. «ПИК қауым­дас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, қазірдің өзінде 65 осындай бірлестік тіркелді. «Мұндағы мақсат – әр үйдің қаржысын жеке бөліп, сол үйдің шығынына ғана жұмсау. Бірақ адамдар өз көз­қарасын өзгертпейінше, бұдан бәлендей өзгеріс күту орынсыз. Тұрғындар ауланың таза болғанын қалайды. Бірақ аула сыпырушыға, тіпті сыпырғыш сатып алуға ақша төлегісі келмейтіндер бар. Мониторингке 20 үй ғана қатысқанымен, жалпы жағдай белгілі болды», – дейді Сергей Герольдович. Енді осы мониторингтің нәти­жесі басшылыққа алынып, көп­қабатты тұрғын үйлердің мәселесі оң шешімін тапса игі.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы