Бүгінде тұтынушыны ерінбегеннің бәрі алдайды. Таразыдан жейді, сапасыз тауарын тықпалайды, улайды, қорлайды, күш қолданады. Байғұс тұтынушыны құзырлы органдар да қорғамайды: полицейлер ұсақ-түйек санап, шағымын қабылдамайды, қабылдаса, тергеу жүргізбей, материалдарды архивке өткізе салады. Тұтынушы құқығын қорғауға жауапты комитет те көмекке келмейді, өйткені оның құзыры жоқ. Тұйықтан қалай шықпақ керек?
Тұтынушыны алдау сәнге айналды
Өмірден алынған қарапайым ғана мысал. Павлодар тұрғыны Руслан Д. қалада танымал Fast-food желісінің көшедегі павильонынан 2 шауырма сатып алады. Бұрыш-қуыста құжатсыз, заңсыз ашыла салған беймәлім дүңгіршек емес, заманауи безендірілген, өркениетті қалыптағы сауда орны. Сөйтсе, сыртқы кейпі алдамшы болып шыққан.«Банктің ұялы қосымшасы арқылы ақысын төледім. Үйге келіп, үлкен тәбетпен шауырмаға ауыз салғаным сол, лоқсып құса жаздадым. Өнім бұзылып кетіпті. Дереу оларды кері қайтарып, ақшамды беруді талап еттім. Олар сол жерде қайтарудан бас тартты: «картамен есептестіңіз, сондықтан қаржыңыз картаңызға тек үш күн ішінде қайтады» деп шығарып салды», – дейді Руслан. Алайда қаржы сол бойы түспеген.Саналы тұтынушы ретінде ол тұтынушы құқығын қорғауға жауапты орган – Сауда және интеграция министрлігіне (СИМ) өтініш жазып, жеуге жарамсыз, денсаулыққа зиян өнім сататын аталған жылдам тамақтандыру желісін тексеруді және қаржысын қайтаруға көмектесуді сұрайды. Сонда СИМ не деген? Бұл мәселе құзырына кірмейтінін, оған СЭС органдары жауап беретінін алға тартып, ДСМ-нің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жүгінуге жол сілтей салған. СЭС тексерушілері бұрындары ондай фактіге дереу ден қойып, бизнес нысанының шаңдағын қағуға шұғыл аттанатын. Қазір олай емес көрінеді. ДСМ комитеті 2020 жылы енгізілген 3 жылдық мораторийге сәйкес, бүгінде шағын кәсіпкерлік нысанын барып тексеруге және профилактикалық бақылау жасауға тыйым салынғанын мәлімдеген.
Елорда тұрғыны Қанат Ысқақов аса ірі бөлшек сауда желісінің тірлігінен түңіліпті: «Торт сатып алу үшін Magnum дүкеніне кірдім. Таңдағанымды алып, ақысын төлеп, кетіп бара жатқанда чекке көзім түсті. Сонда ғана алдап соққанын түсіндім: сөреде торттың ақырғы құны 1 787 теңге деп көрсетілген, ал кассада 2 037 теңгеге сатыпты. Кассирге қайта оралып, қателікті шұқып көрсеттім. Ол әлдеқайда қоңырау шалды, алайда ар жақтан ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Кассир қайта-қайта теріп, ұзақ тұрды. Алдап алған сомасы соншама күтуге тұрмайтындықтан, амалсыз кетіп қалдым», – дейді ол. Алайда артынша өз ісіне өкініпті: дүкен бір өнім арқылы өзін екі рет алдап соққанын білген. Тәтті өнімді өндіруші өз жапсырмасында оның салмағы 0,55 келі тартатынын көрсетіпті, ал оның үстінен дүкен жапсырған бағада 0,610 келі деп жазылған екен. Қ.Ысқақов дүкендерде сөредегі баға мен кассадағы баға өзара үйлеспейтініне шағымданады: «Тауар сөреден кассаға жеткенше тағы қымбаттайды. Бұл деген алаяқтық қой! Осы сала бақылаусыз, бетімен жіберілді», – дейді ол.Заңға сәйкес, сатушы тауарды сөредегі бағамен сатуға міндетті. Бірақ тұтынушылардың көбі осы құқығын пайдалануда табандылық таныта бермейді. Ал танытқандарын әкімшілер көбіне күзетшіні шақырып, күштеп қуып тастауға бейім тұрады. Тұтынушылар құқығы өзге салаларда да аяққа тапталады. Нұр-Сұлтан тұрғыны Гауһар А. «Қазақтелекомның» тірлігіне наразы. Ол телекоммуникациялық алпауытқа біраздан әлденеше рет хабарласып, қызметтен ағытуды сұрапты. «Қазақтелеком» күні ертеңмен уақыт созған. Клиент амалсыз жабдықтарды өзі жұлып алып, компанияның Әуезов көшесіндегі кеңсесіне алып барады.
«Биылғы 28 шілдеде қызмет көрсетуді тоқтатуды сұрап, өтініш бердім. Содан бері ешкім қоңырау да шалған жоқ, мәселені де шешпеді. Оның орнына қызметіне ақы төлеуді талап етіп, ай сайын төлем түбіртегін жіберіп тұрды. Кеңсесіне барсам, ұзын-сонар кезек, мен сияқтылар көп екен. Бұл ұйыммен жолымыз енді түйіспейді деген үміттемін», – деп ашынады Гауһар А.Тере берсе, тұтынушылық құқығы бұзылған жандар көп.
Тұтынушыға арналған тетіктер тиімсіз
2020 жылы өзге барлық меморган тұтынушылардан түскен 48 876 шағымды қараған. Оның ішінде орталық меморгандарға – 45 430, жергілікті атқарушы органдарға 3 446 өтініш жолданыпты. Бұдан бөлек, СИМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне былтыр 20 919 тұтынушы арызбен жүгінді. Бұл лектің тыйылар түрі байқалмайды: 2021 жылдың 6 айында комитетке 8 мыңға жуық өтініш түсті, оның 2 836-сы қанағаттандырылған. 4 592 өтініш бойынша жай түсініктеме берумен шектелген. Қалғанынан бас тартқан. Яғни, алданған тұтынушылар басым көпшілігінде тілек-мақсатына жетпейтіні аңғарылады. Комитет былтыр елдің бүкіл өңірін қамтыған ауқымды әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оның барысында әр салада көрсетілетін қызметтерге тұтынушылардың қаншалықты көңілі толатыны бағамдалған, проблемалы секторлар анықталған. Сонымен, біріншіден, сұралғандардың көпшілігі – 45,9%-ы елдегі медициналық қызметтерге қатысты сын айтты. Ковид-сырқаттардың өзі үйінде емделуге, дәріні өзі сатып алуға мәжбүр. Емханаларда сала дәрігерлері жаппай тапшы болғандықтан, тіпті медсақтандырылғандарға ақылы клиникаларда емделуге тура келіп отыр. Ал біржолғы зейнетақы төлемі есебінен кейбір жеке стоматолог салатын пломба ертесіне түсіп қалады екен. Екіншіден, Қазақстан халқының үлкен бөлігіне – 43,2%-ына көлік қызметтерінің сапасы ұнамайды. Үшіншіден, респонденттердің 41,6%-ы білім беру қызметтеріне, төртіншіден, 36%-ы байланыс қызметтеріне қанағаттанбайды. Қазір Қылмыстық кодексте тұтынушы құқығын қорғайтын бірде-бір бап жоқ. Барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі 190-баппен ғана шектелген. Бұл тетіктің пәрменді жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Мысалы, тұтынушылардың ондаған мың арыз-шағымы негізінде 2020 жылы Әкімшілік кодекс бойынша бар-жоғы 18, ал 2021 жылдың 5 айында – небәрі 18 әкімшілік іс тіркеліпті. Өйткені заңнамадағы тұтынушы құқығын қорғайтын баптар негізінен декларативті сипатта, жазалаушы құралдары жоқ.«Тұтынушы туралы заңда көрсетілген сатушыға, өндірушіге және орындаушыға қойылатын міндеттер мен талаптар негізінде Әкімшілік кодексте қорғаушы және алдын алушы нормалар көзделмеген. Сондай-ақ кодекстің 190-бабының бесінші бөлігінде қарастырылған санкция да өте тиімсіз. Салдарынан тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнамалық актіде көзделген міндеттер үнемі сақталмайды, талаптар тұрақты түрде бұзылады», – деп мәлім етті СИМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті.Әлеуметтік зерттеу барысында қазақстандықтың көбі – 36% елдегі тұтынушы құқығын қорғаудың қазіргі жағдайына «3» деген баға қойыпты. «5» деген бағаны 28%-ы таңдаған. 20%-ы «2»-ге бағалады. 16%-ы баға беруден бас тартқан. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, азаматтардың басым көпшілігі – 71%-ы бір жыл ішінде тұтынушылық құқығының бұзылғанын айтқан. 29%-ы ғана мұндайға жолықпапты.
Клиентті ардақтағаннан айыппұл төлеуге бейім
Бұлай бара берсе, халықтың денсаулығынан дым қалмауы, сапасыз өнімдер мен қызметтер бұқара тұрмысының одан ары құлдырауына соқтыруы мүмкін. Ал компаниялар мен өндірушілердің арсыздығынан ашынған халық бұған әрекетсіз отырған билікті айыптауы ықтимал. Сондықтан әлеуметттік кернеудің өршуіне жол бермеу үшін Бақыт Сұлтановтың ұжымы Әкімшілік кодекстің 190, 685 және 715-баптарына өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Заң қабылданса, ІІМ-нің құзырының бір бөлігі СИМ-ге берілмек.«Қоғамдық бірлестіктер тұтынушы құқығын қорғаудың тиімділігін арттыру үшін осы саладағы уәкілетті органға көбірек тетіктер бере отырып, Әкімшілік кодекстің кейбір бабын қараудың ведомстволық бағыныштылығын өзгертуді ұсынады. Өйткені қылмыстық істермен шектен тыс жүктелген ішкі істер органдары Әкімшілік кодекстің 190-бабының бірінші бөлігі бойынша мәселелерді «қалдық қағидаты» бойынша, яғни қолы тисе қарайды. Бұған тұтынушылар да, салалық қоғамдық ұйымдар да шағымдануда», – деп түсініктеме берді Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті.Осыған байланысты жаңа заң жобасында таразыдан жегені, ұзындығын кем өлшегені, артық төленген ақшаны қайтармағаны, тауар мен қызметтің сапасы, қасиеті туралы жалған мәлімет беріп, жаңылыстырғаны немесе басқа да жолмен тұтынушыны алдағаны үшін кәсіпкерлік нысандары мен ұйымдарды әкімшілік жазаға тарту тетігін Ішкі істер министрлігінен алып, аталған комитетке тапсыру ұсынылады. Бұл – бірқатар дамыған елдің, АҚШ-тың, Мексиканың тәжірибесі. Посткеңестік кеңістікте Молдовада бар. Бұған қоса, Әкімшілік кодекстің 190-бабындағы жаза түрлері тым жеңіл деп танылды, олар жаңа жобада күшейтілуі тиіс. Атап айтқанда, 190-бапқа сәйкес, егер бизнес нысандары не ұйымдар қандай да бір тәсілмен клиентін алдаса жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерге – 20, орта кәсіпкерге – 30, ірі кәсіпкерлік нысанына 50 АЕК (145 850 теңге) көлемінде ғана мардымсыз айыппұл салынады. Нәтижесінде, оларға алаяқтық жасап, қосымша миллиондаған, миллиардтаған табыс тауып, одан 145 мың теңге айыппұл төлей салған әлдеқайда тиімді болып тұр. Әрине, заң бойынша егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде осы әрекетін қайталап жасаса, лицензиясынан айырылуы не қызметі 3 жылға дейін тоқтатылуы мүмкін. Бірақ бұл тетік негізінен қолданылмайды. Соттар көбіне қайталай айыппұл салумен (ірі кәсіпкерлікке – 100 АЕК немесе 291 мың теңгедей) шектеледі. Сауда және интеграция министрлігінің болжамынша, жаңа заң ондағы барлық тетігімен бірге өмірге жолдама алса, онда тұтынушы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігі заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткенде – 74,7%-ға, 2 жылда – 77,3%-ға, 3 жылда – 80%-ға, 4 жылда – 82%-ға, ал 5 жылда 84%-ға дейін жоғарыламақ. Әзірге 2020 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 67,5%-дан аспайтын көрінеді.
Айхан ШӘРІП