Алматыда 5 адамды атып өлтірген Игорь Дужновқа тоғыз рет Қазақстаннан шығуға тыйым салынған. Бұл ақпарат "Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде" көрсетілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ашық ақпарат көздерінде Игорь Дужновқа шетелге шығуға 2014 жылдың сәуірінде бірінші рет тыйым салынғанын көруге болады. Оған "Нано-Плюс" компаниясының "Қостанай-Кама" компаниясына 2,6 миллион теңге көлемінде төленбеген қарызы себеп болған. Екінші рет оған 2014 жылдың шілдесінде елден шығуға шектеу қойылған. Мұндай шешімге Дужновтың Рафаил Хайбуллинге 1,7 миллион теңгені қайтармауы себеп болған.
Әрі қарай оған 2014 жылдың тамызында "Банк Центр Кредитке" 121 миллион теңге қарызын төлемегендіктен тыйым салынған. Дужновтан басқа оның әйелі Анаид Демирчян, сондай-ақ екі компания "Нано-Плюс" және "Идеал Сервис" борышкер болды. Төртінші рет оған 2014 жылдың қазанында "Нано-Плюс" компаниясының "Костанай-Кама" компаниясына жоғарыда аталған қарызы бойынша шектеу қойылған.
Одан әрі 2015 жылдың наурызында сот Var TechAuto-ға 5,7 миллион теңге қарызды ұзақ уақыт бойы қайтармағаны үшін Игорь Дужновқа шектеу қойды. Ал 2016 жылдың наурызында оған "Банк ЦентрКредитке" қарыз болғандықтан, елден шығуға тағы да тыйым салынды.
Осыдан кейін Дужновқа 2017 жылы маусымда тағы шектеу қойылған. Бұл жолы ол Ольга Винокуроваға 5,1 миллион теңге қарызын ұзақ уақыт бойы төлемей келген. Кейін 2018 жылдың шілдесінде "Банк ЦентрКредит" 121 миллион теңге қарызы бойынша оған Қазақстаннан сегізінші рет шығуға тыйым салған. Ал соңғы рет 2019 жылдың наурызында БЦК несиесі бойынша шектеу қойылды.
Бұған дейін Алматыда 5 адамды атып тастаған ер адамның отбасы банкке ғана қарыз емес, мемлекетке де салық төлемегенін жазған болатынбыз.