Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан он жеті адам қаза тапты. Оқыс оқиғаға байланысты түрлі болжам да, байлам да жасалды. Алайда өрттің неден туындағаны және мұнда адами фактор болды ма, жоқ па, оған қатысты құзырлы органдар жақ ашпай отыр. Тек Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков оқ пен оттың ортасында қалған өрт сөндірушілердің өзегін өртеген мәселені көтергендей болды. Халық қалаулысы төтенше жағдайлар қызметінің осал тұстарын тізбектеп, саланың материалдық базасы мен штаттық құрылымын сынға алды.
Өрт сөндіру қызметінің жабдықталуы 32 пайыз ғана
Депутаттың сөзіне сүйенсек, Тараз қаласы мен облыстағы өрт сөндіру стансаларының саны, сондай-ақ кезекші қарауылдың жауынгерлік есебі мен жеке құрамының штат саны нормаға сай келмейді екен. Сондай-ақ сенатор өрт-құтқару техникасы мен жабдықтарды сатып алуға ақшаның бөлінбеуінен құтқарушылар ескі жабдықтармен жұмыс істеуге мәжбүр болғанын айтады.«Жамбыл облысында өрт сөндіру қызметінің автотехника паркі 136 дананы құрайды. Баланста бар автокөліктің 26-сы ескірген техника, оның пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Бұдан басқа Байзақ ауданында төтенше жағдайды жою кезінде 18 дана өрт сөндіру техникасы жарамсыз болып қалғанын атап өту қажет», – деді Бекболат Орынбеков.Осы тұста облыстың өрт сөндіру қызметі Байзақтағы әскери қойманы өшіруге дайын болмады ма, әлде бұл жараның орнын жазуға бағытталған әрекет пе деген орынды сұрақ туады. Санаға салмақ салған сауалға жауап таппақ мақсатта облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне ат ізін салған едік. «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің бастығы Жомарт Бекболаттың айтуынша, биыл өрт сөндірушілер 433 өрт оқиғасы мен 238 апаттық-құтқару жұмысына шықса, бұдан бөлек тағы 1 230 оқиғаға дабыл бойынша барған. Соған қарамастан өңірде 14 адам өрттен ажал құшып, 6 азамат жарақат алған. Қаза тапқандардың бесеуі – бала. 247 адам тілсіз жаудан құтқарылса, 316 тұрғын басқа орындарға көшірілген. Бөлімнің штат бірлігіне келсек, мекемеде жалпы 753 азамат жұмыс істесе, оның ішінде 652 адам аттестатталған құрамда (127 офицер, 525 сержат). Үш жыл сайын сала мамандарының біліктілігі тексеріліп, жан-жақты дайындығы пысықталады екен. Сынақтан сүрінбей өту үшін әрбір өрт сөндіруші бабында болуы қажет. Ал жас өрт сөндірушілер барлық нормативтерді тапсырған соң алғашқы дайындыққа жіберіліп, жұмыстың қыр-сырымен танысады. Олардың қатарына 35 жасқа дейінгі азаматтар қабылданады. Техникалық базаға тоқталсақ, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне қарасты аймақ бойынша 130 техникасы бар. Бөлім басшысы Жомарт Серікұлының айтуынша, аталған көлік бірлігі мекеменің қазіргі базасына жеткілікті көрінеді.
– Жыл сайын мерзімі өткен техникалар өзге өрт сөндіру бекеттеріне бөлініп беріледі. Яғни, дәл қазір жаңа көліктер алып, барлық базаны жаңартуға мүмкіндік жоқ. Оған қоса бөлімдерде техникаларды сақтайтын орын тапшы. Мәселен, аймақтағы өрт сөндіру бөлімдеріне бар болғаны 3-4 техника сыяды. Нәтижесінде, өңірдегі өрт сөндіру қызметінің нормаға сәйкес жабдықталуы 32 пайыз ғана. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа өрт сөндіру бөлімдерін ашу керек, – дейді Ж.Бекболат.
Техникасы ескі бекеттер төтенше жағдаймен қалай күреседі?
Маманның сөзіне сүйенсек, өрт сөндіру қызметі саласына жыл сайын арнайы бағдарлама бойынша Үкіметтен, жергілікті басқару органдарынан қаражат бөлінеді екен. Бұған жаңа көліктер кезең-кезеңімен алынып жатқанымен, ескілерін есептен шығарып жатқан ешкім жоқ. Ал өрт сөндіру бөлімін ашу қиынның қиыны. Оған республикалық бюджеттен қаржы қаралмаса, облыстың әлеуеті жетпейді. Рас, алдыңғы жылдардан бастап Жуалы ауданындағы Көлтоған, Талас ауданындағы Ақкөл, Сарысу ауданындағы Саудакент және Қордай ауданындағы Отар ауылынан өрт сөндіру бекеттері ашылды. Онда бүгінде он адамнан жұмыс істеп жатыр. Осы бекеттер әуелден бөлім болып құрылғанда көп мәселе шешімін табады екен. Алайда белгіленген талап бойынша өрт сөндіру бөлімі халық саны 5 000-нан асатын елді мекендерде ашылуы қажет. Көп жағдайда ауылдардың халық саны бес мыңға жетпегендіктен өрт сөндіру бөлімін ашу мүмкін болмай жатыр. Бүгінде Қордай ауданында өртке қарсы қызмет бөлімінен басқа жергілікті әкімдіктің үш өрт сөндіру бекеті бар. Шу ауданындағы Шоқпар ауылында, Жамбыл және Байзақ аудандарында жергілікті әкімдік өрт сөндіру бекеттерін ашқан. Олардың негізгі міндеті – өртке қарсы ерікті құрылымдарды жасақтау. Яғни, бекеттегі мамандар өрт шыққан аумақты негізгі күш келгенше ауыздықтауға атсалысады. Бұл бірінші кезекте шалғай ауылдар үшін тиімді. Себебі орталықтан алыс орналасқан аумақтарға өрт сөндіру қызметі жеткенше, тілсіз жаудың таралуын жол бермеуге күш салады. Алайда бір алаңдайтын жері – облыстық Төтенше жағдайлар департаменті осы бекеттерді өздерінен қалған тозығы жеткен техникамен қамтып отыр.– Биыл жергілікті билік тарапынан үш өрт сөндіру автокөлігі алынса, өткен жылы бес техника бір автосаты бөлінді. Неге аз десеңіз, мұның себебі өрт сөндіру техникасының құны жай көліктерден он есе қымбат. Арнайы техниканың ішіндегі жабдықтар да қолжетімді емес. Жыл сайын мекемеге 4-5 техника алынғанымен, ол облысқа жеткіліксіз болып отыр. Байзақтағы оқиғадан кейін бір күнде 18 бірлік техникамыз жарамсыз болып қалды. Оның ішінде жедел қызмет көрсетуге арналған және штабдық автокөліктер, үш автосаты және өрт сөндіруге арналған тоғыз негізгі техникамыз бар. Өзіміз өрт сөндіру көліктерінің басын қосып, жағдайды енді реттеп жатқанда бұл оқиға жығылғанға жұдырық болды. Осы тұста сенатор Бекболат Орынбековтің көтерген мәселесі орынды деп есептеймін. Ол облыста жүргенде бізге барынша қарайласып, соңғы жылдары төтенше жағдай саласына кураторлық етті. Төтенше жағдайлар болған аймаққа өзі де бірнеше рет барып, өрт сөндірушілермен құтқару операцияларына да қатысты. Сондықтан Бекболат Серікбекұлы біздің жағдайымызды толықтай біліп отыр. Қызметкерлеріміз су тасқыны, қар көшкіні, өрт пен дауылға қарамай күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Осыдан кейін техникалар қалай ескірмейді? Байзақтағы оқиғадан кейін білікті мамандарымыздан айырылып қалдық. Сонымен қатар 49 қызметкеріміз түрлі дене жарақатын алды. Енді сол азаматтардың қайта қатарымызға қосылуын тілеп отырмыз, – дейді бөлім басшысы.Байзақтағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін өңірлік өрт сөндіру қызметіне әр облыстан бір-бір көлік берілген екен. Сондай-ақ аудандардан да өрт сөндіру көліктері жеткізілген. Олар 12 техникасы шығындалған өрт сөндіру бөлімдеріне беріліп отыр. Онсыз да ескі техникамен отырған аудандар осылайша тағы мүшкіл күйге түскен. Беті аулақ әрине, алайда енді осы елді мекендерде төтенше жағдай болса, олар апатпен қалай күресер екен?
P.S. Бүгінде облыс орталығында төрт өрт сөндіру бөлімі болса, оның екеуі мамандандырылған мекеме. Енді қараша айында барлық стандартқа сай тағы бір бөлім ашылады деп жоспарланған. Бұл да болса өрт сөндіру қызметіне көмек екені анық. Алайда тек төтенше жағдай болғанда ғана өрт сөндіру қызметінің жағдайын ойламай, осы бағытқа қаржыны көбірек бөліп, Үкімет саланың техникасын толықтай жаңартып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ аудандардан ашылған бекеттерді тек тозған техникамен жабдықтамай, оларға да көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар. Осыны билік басында отырғандар ескеріп, көмек қолын созады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы