Жаһандағы жағдай күн сайын құбылып тұрған, оның үстіне Қазақстанға жақын жатқан Ауғанстандағы ахуал күрт өзгерген қазіргі кезде шекараны қорғау жоғары деңгейде болуы тиіс. Әрине, бұқара шекара күзетінде тұрған жауынгерлердің қырағылығына сенеді, дегенмен жалпы шекарамыз қалай қорғалған дейтін сауал да бар.
Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығымен көзге түсетін елдердің қатарына кіреді. Еліміздің төңіректегі мемлекеттермен құрлықтағы шекарасы 13 400 шақырым шамасында. Ал Каспий теңізіндегі шекараның ұзындығы 600 шақырымнан асады. Бүгінде осынау шекараны ҰҚК Шекара қызметінің жауынгерлері күзетіп тұр. Ал еліміздің әуешекарасын Қорғаныс министрлігінің Әуе қорғанысы күштері қорғайды. Әрине, халықаралық рейстерді қабылдайтын барлық әуежайда шекара қызметінің мамандары жұмыс істейтіні рас. Алайда мәселе еліміздің жалпы сыртқы шекарасының қалай қорғалғанында. Бұған назар аударуымызға жуырда Өзбекстан шекарасында Ауғанстан жақтан жеткен қарулы топпен қақтығыста өзбек шекарашысының мерт болуы себеп болды. Рас, Өзбекстан билігі шекарашылармен қақтығысқандар есірткі тасымалдаушылар екенін мәлімдеді. Бірақ сарапшылардың көбі шекара бұзуға талпынғандар ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) содырлары болуы мүмкін екенін алға тартады. Егер соңғы нұсқа расталса, Орталық Азиядағы жағдай күрделене түсті деген сөз. Өйткені тамызда Ауғанстан билігін басып алған «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысы әлемдегі қуатты мемлекеттердің көңілінен шығу үшін елдегі түрлі радикалды топтарға қысым жасай бастағаны байқалады. Ауғанстанның Жалалабад қаласы маңында «Талибан» жасақтары мен ДАИШ содырлары арасында бірнеше мәрте қақтығыс болғаны айтылып жүр. Демек, «тәліптермен» тіресуге күші жетпейтін террористік топтар Орталық Азияға қарай ұмтылуы мүмкін. Мәселенің өзекті болатыны да содан.Шекараны қанша сарбаз күзетіп тұр?
Негізі, Қазақстанның шекарасын нақты қанша жауынгердің күзетіп жүргені жайлы мәліметтер ашық емес. ҰҚК Шекара қызметі де мұны әскери құпия санайды. Дегенмен 2012 жылы кейбір ақпарат көздері қазақстандық шекарашылар саны 12-15 мың аралығында деп көрсеткен. Ал Wikileaks 2007 жылы Шекара қызметінде 4 700 офицер бар екенін алға тартқан. Сөйте тұра, сарбаздар саны 9 мың деп көрсетті. 2020 жылы The Military Balance атты зерттеуде де 9 мың сарбаз жайлы айтылған. Әрі олар ШҚ-да 7 дана ұшақ, 1 дана Ми-171, 14 дана Ми-171Ш тікұшағы, 1 дана «Айбар», 8 дана FC-19, 2 дана «Сайгак» жүйрік катері бар екенін жазған. Алайда ашық дерек көздерінде FC-19 типіндегі 5, «Сұңқар» типіндегі 4 катер бар екені жазылған. Одан бөлек, «Алматы» типіндегі 4 дана, «Сардар» типіндегі 5 дана кеме бар екенін де айтқан. Бірақ «Айбар» жобасымен жасалған құрал катер емес. Сипаты бөлек кеме. Оның бір данасы бар екені, екіншісі жасалып жатканы да рас. Ал «Бүркіт» жобасымен жасалған 7 кеме бар. Әрине, Шекара қызметіндегі кемелер мен катерлер жайлы деректер көпшілікке таныс. Бірақ шетелдіктердің нақты әскер саны мен ұшақтар, тікұшақтар жайлы бұл жазғандары рас болса, Шекара қызметінің тым көп құпиясы қалмады деген сөз. Жалпы, шекара әскерлерінің саны Қарулы Күштердің негізгі бөлімдерінен, дәлірек айтқанда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери топтардан аз болатыны бұрыннан белгілі. Өйткені шекарашылардың бірінші міндеті елдің шетін күзету. Сонымен қатар бақылау-өткізу бекеттерін қадағалау қызметі тағы бар. Сөйте тұра, сырттан қауіп төніп, әскери қақтығыс басталса, алдымен шекарашылар қарсы тұрады. Ал армия дәл сондай жағдайларда көмекке келуі тиіс. Әскери ғылымда «шекаранының жедел-стратегиялық өңірлерін жабу» атты ұғым бар. Яғни, шекара жақын аймақтарда армияның бөлімдері тұруы тиіс. Шекарашыларға алдымен солар көмекке келеді. Мысал ретінде 1969 жылы көктемде КСРО-ның Қиыр Шығысындағы Даманск аралындағы қақтығысты айтуға болады. Шекара бұзған қытай әскерлеріне қарсы соғысқан шекарашыларды қолдау үшін Қиыр Шығыс әскери округінің қолбасшысы Олег Лосик сол маңайға 135 мотоатқыштар дивизиясының реактивті қондырғыларын пайдалануға бұйрық берген. Яғни, шекарашыларды армия бөлімдері қолдаған. Ал мұндай амал көптеген елде бар. Шекарашылардың ту сыртында, алыс емес жерде армия бөлімдері тұрады. Қазақстан да бұл талаптарды ішінара сақтайды. Бірақ Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс аймақтары мен Каспий акваториясында шекараны жабуға пайдалануға болатын күштер болғанымен, солтүстік, солтүстік-бастыс және солтүстік-шығыс бағыттарда ондай бөлімдердің орналаспағаны байқалады. Бәлкім, офицерлер бұл құпияны қайдан білетінімізді сұрар, ендеше айталық. «Тұрғынжайларды күтіп-ұстау және орталықтандырылған жылыту мемлекет есебінен қамтамасыз етілетін әскери қалашықтардың, шекара заставалары мен өзге де жабық объектілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Үкіметінің 2012 жылғы 12 қазандағы № 1293 қаулысы бар. Бұл құжат Үкіметтің 2017 жылдың 30 қазанындағы №685 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған. Одан бұрын да бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Осы құжаттан-ақ шекараға жақын қай аймақта қандай әскери бөлім тұрғанын бағамдай беруге болады. Одан бөлек, 2018 жылдың 2 наурызында Үкіметтің «Қызметтік тұрғынжай жекешелендіруге жатпайтын әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің тізбесін бекіту туралы» қаулысы шыққан. Бұл құжат та жабық қалашықтар мен заставаларда қандай әскери бөлімдердің тұрғанын жалпақ жұртқа жария етеді. Осы құжаттардың бірде-біреуінде Ақтөбе, Атырау Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің тұрғаны жайлы дерек жоқ. Ал ҰҚК бөлімдері мен осы комитетке қарасты Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланның қандай әскери бөлімдері орналасқаны жайлы деректер ашық тұр. Бұл дегеніңіз – теріскей аймақтардағы шекара әскеріне қолдау жасауға тиіс армия бөлімдері жоқ деген сөз. Қазақстан армиясының барлық бригадасы, полктары мен батальондары оңтүстікте және орталықта орналасса керек. Яғни, Ресеймен арадағы 7,4 мың шақырымдық шекараны тек саналуы шекарашылар күзетіп тұр деген сөз. Егер диверсанттар қандай да бір заңсыз қарулы топтар теріскей жақтан бой көтерсе, оларға алдымен тек шекарашылар мен Ұлттық ұлан ғана қарсылық көрсетеді деген сөз. Әрине, армия бөлімдері қажет болған жағдайда аталған өңірлерге жеткізілетіні сөзсіз. Бірақ шекараға қатысты Кеңес Одағы кезінен келе жатқан әскери ұстаным тәуелсіз Қазақстанның солтүстік аймақтарына келгенде жарамсыз болып қалыпты. Сөздің ашығын айтар болсақ, біз де, көптеген сарапшы да теріскей жақтан қауіп төне қоймайтынына сенеміз. Бірақ Ресейдің Омбы, Орынбор, Алтай және басқа да аймақтарында, қысқасы Қазақстанмен шекараласатын өңірлерінің барлығында бір емес, бірнеше ірі әскери бөлімдер тұр. Мәселен, Орынборда 13-ші зымыран дивизиясы, 385-ші гвардиялық артиллериялық бригада қатарлы күштер тұрса, Омбыда 33-ші гавардиялық зымыран армиясы орналасқан. Алтайдағы Барнауылда 35-ші зымыран дивзиясы, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бірнеше ірі бөлімі орналасқан. Қысқасы, ол жақта Ресейдің қуатты әскери топтары бар. Бірақ Ресеймен ҰҚШҰ тәрізді бірнеше ұйымда одақтас болағанымызбен, ірі әскери бөлімдерін шекарадан алыстатпаған. Олар да кеңестік дислокауияны өзгертпеген. Демек, пиғылы бұзылған біреулер теріскей жақтан кіріп, Қазақстанда гибридті тәсілдермен лаң шығарып, ел ішін бүлдіре бастаса, шекара қауіпсіз емес деген сөз. Егер теріскейде Украинаның шығысындағыдай оқиға бола қалса, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Орал қалаларындағы Ұлттық ұлан күштерін артиллериямен, реактивті қондырғылармен, барлау-шабуылдау топтармен дер кезінде қолдау мүмкіндігі төмен болу қаупі бар. Сондықтан бұл мәселе шенділердің назарын аударуы тиіс.Қазақстанның қадамы қандай?
Біз шекараның «жедел-стратегиялық өңірлерін жабу» мәселесінде ала-құлалық жоқ па деген сауалымызды Қорғаныс министрлігіне жолдадық. «Шекараның маңызды өңірлерін жабу» мәселесінде ҰҚК Шекара қызметі емес, Қарулы Күштердің бас штабының ұстанымы маңызды. Өйткені әскери бөлімдердің қайда орналасатынын бас штабтағы мамандар зерделейді. Елдің әскери әлеуетін арттыруға бағытталған шаралардың көбі бас штабта талқыланып, зерттелген соң жоғарыға кетеді. Демек, шекара әскерлері мен армияның үйлесімді жұмысына да бас штаб жауапты деген сөз. Күткеніміздей, Қорғаныс министрлігіне жолдаған хатымызға Қарулы Күштердің бас штабынан жауап келді. Бас штаб бастығы орынбасарының міндетін уақытша артқарушы, авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбенов қол қойған хатта шекараға қатысты бірқатар сауалымызға әскери құпия санатына кіргендіктен, жауап берілмегені айтылыпты. Сонымен бірге шекарашылар мен армияның үйлесімді жұмыс істейтінін де алға тартыпты бас штаб офицері. «Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерімен, Қорғаныс министрлігінің және Шекара қызметінің ведомстволық құжаттарымен мемлекеттік шекараны күзетуді күшейту бойынша Қарулы Күштерді қолдану тәртібі регламенттелгені туралы хабарлаймыз, алайда осы мәселе бойынша толық ақпарат жабық сипатта болады және ашық ақпарат көзінде жариялауға жатпайды. Соңғы уақыт ішінде әскерлердің ұтқырлығын арттыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр, ол кез келген өңірде дағдарыс жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Армияны жаңа үлгідегі қару-жарақпен және әскери техникамен қайта жарақтандыру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі. Техниканы дөңгелек техникасына ауыстыру басымдылық болып табылады, онымен бірге әскери-көлік авиациясы мен теміржол көлігін қолдану әскерлердің ұтқырлығын арттырады. Одан басқа, бірқатар облыста аумақтық әскерлердің бөлімшелері өрістетіледі, ол жергілікті жерлерде дағдарыс жағдайларына ден қою үшін ресурстардың болуына мүмкіндік береді. Осындай бөлімшелердің тиімділігі 2020 жылы пандемия барысында расталды. Қазір Мемлекет басшысы резервте қызмет жүргізу туралы шешім қабылдады. Осы қызмет үлгісінің болуы әскери бөлімдерді қажетті мамандармен сапалы жасақтауға мүмкіндік береді» деп жазылыпты жауапта. Шамасы бас штаб біздің «Қарулы Күштердің негізгі міндеттерінің қатарына мемлекеттік шекараның жедел-стратегиялвқ тұрғыдағы өңірлерін жабу да кіретінін білеміз. Елімізде бұл талап қаншалықты орындалып жатыр?», «Шекараның маңызды өңірлерін жабу міндеті аталған аймақтарға жақын әскери бөлімдерге жүктеледі. Еліміз аумағында мұндай бөлімдер (полктар, бригадалар) қаншалықты жүйелі орналастырылған?» және «Бірқатар ақпарат көздері солтүстік, солтүстік-шығыс және солтүстік-батысбағыттарында тиісті бөлімдердің орналаспағанын алға тартады. Рас па? Егер рас болса себебі неде? Әлде теріскейден мүллем қауіп төнбей ме?» деген сауалдарымызға бірер ауыз сөзбен сырғытпа жауап қата салған сыңайлы. Ал «Гибридті күрес тәсілін қолданушылар, сепаратистер, диверсиялық топтар,террористер солтүстік аймақтарда пайда болу ықтималдығын қалай бағалайсыздар?» дейтін келесі сауалымызға «Әр өңірлік қолбасшылықтарға жауапты аумақтар айқындалған, ол құрамалар мен әскери бөлімдерге қойылған міндеттерді уақытылы орындауға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірлерде қауіп пен мүмкін қатерлерге ден қоюға мүмкіндік беретін әскерлердің толыққанды топтары бар» деген жауап берген қолайлы деп бағалағанға ұқсайды. Шамасы, кейбір мәліметтерді әскери құпия дейтін сыңайлы. Ал біз шекара күзетіндегі топтардың қайсысына қандай армия бөлімі қолдау жасайтынын сұрамадық. Детальдарға бармадық. Қоғам қауіптенетін бағыттағы ахуалды білгіміз келді. Дегенмен ресми жауаптан әскерилердің түрлі қатерді ескеретінін ұқтық.Шынымен әскери құпия болса ше?
Негізі, біз еліміздің әскери құпиясын ашуға ниет етпедік. Ел қауіпсіздігі үшін әскер құпияның өте маңызды екенін білеміз. Бірақ интернетте толып жүрген құқықтық-нормативтік актілер, қалалар мен елді мекендердегі әскери бөлімдерге берілген нөмірлер офицерлер ойлап жүрген құпияның қалмағанын көрсетеді. Өйткені әскери бөлімдерді қандай да бір цифрмен белгілеу КСРО-дан қалған мұра. Тіпті, көптеген бөлім одақ кезінде берілген нөмірлермен сол күйі аталып жүр. Әрі Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және армия бөлімдерінің қанша орынды санмен белгіленетіні де ашық дерек көздерінде баяғыда айтылып, көрсетілген. Тарихи деректерде де жүр. Мұндай жағдайда әскери бөлімдерді құпия ұстаймын деудің өзі қисынсыз шаруаға ұқсайды. Біздің пайымдауымызша, әскери бөлімдердің қорғалған байланыс кодтары, арнайы ақпараттық бағдарламалар, жаңа қару-жарақтар мен штабтық оқу-жаттығу кезінде пысықталатын айла-тәсілдер ғана құпия ретінде маңызын жоя қоймаған сияқты. Өзгесінің құпиялық құны қалмай барады. Сондықтан қандай да бір сылтау тауып, теріскей мен батыстағы 5 облыстың біріне армияның бірер батальонын орналастырудың артықтығы жоқ шығар. Ал біз КСРО-дан қалған жүйемен әлі келе жатырмыз.Ардақ СҰЛТАН