Мал азығын дайындауда жанталас
Мал азығын дайындауда жанталас
539
оқылды

Атырау климаты соңғы жылдары адам мен малға жайсыз болып тұр. Адам экологиядан, төрт түлік мал жауын-шашынсыз ауа райы, жердің эрозия болуынан зардап көріп келеді. Өзен суының тартылуы, көлдердегі заңсыз бөгеттерден жайылымдық жерге су жетпей құрғақшылық болуы шаруа қожалықтарына қиындық туғызып отыр.

Атырау өңірінде биыл қуан­шылықтың салдарынан туындап отырған қиындық көп. Шалғыға ілігетін шөп тапшы. Бұл мәселені шешу мақсатында жергілікті ат­қарушы билік Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы әкімдіктерімен меморандумға отырды. Нәти­же­сінде, атыраулық шаруа қожа­лық­тарына екі облыста белгіленген аумақтардан қыстық қорды да­йындап алуға рұқсат етіліп, қазір жұмыстар басталып кеткен. Аймақта қысқы жемшөп да­йындауда мәселе барын Ауыл ша­руашылығы басқармасы басшы­лығы ашық айтып отыр. Ресми дерек бойынша, 2021-2022 жылы мал қыстағына 183 981 бас мүйізді ірі қара , 591 291 бас қой-ешкі, 95 394 бас жылқы және 33 265 бас түйе малы түседі деп жоспарланған. Облыс бойынша қажетті ірі сабақты мал азығы – 573 700 тон­на. Былтырдан қалған ірі сабақты мал азығы 22 100 тоннаны құрап тұр. Биыл 551 600 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалу қажет. Осы дайындалатын ірі сабақты мал азығының 358 мың тоннасын шаруа қожалықтары өз аумақ­та­рынан дайындап жатыр. Ал 193 600 тонна мал азығын басқа облыс­тардан келісімшарт арқылы жер алып және дайын ірі сабақты мал азығын сатып алады. Қыс мез­гілінде тарықпай шығуға қажетті 551 600 тонна мал азығының облыс бойынша қазіргі дайындығы 80 пайызды құрап отыр.

ШАРУАЛАР ҚЫСТЫҢ ҚАМЫНА КІРІСТІ

Мал азығы Батыс Қазақстан облысының көрші аудандарының жерлерінен және Ақтөбе облысы көршілес ауданы жерлерінен да­йындалады. Осы облыстардан әке­­­лінетін мал азығы, яғни 1 рулон шөптің құны 10-12 мың теңге ара­лығында, ал тюк (пресс) 800-1000 теңге аралығында саты­лып жатыр.
Атырау облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Амангелді Сағидоллаұлының ай­туынша, өткен жылы ірі сабақты мал азығын дайындаған шаруа қо­жалықтарына Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің 17 шілдедегі №229 бұйрығына сәйкес ірі са­бақты мал азығын дайындауға кет­кен шығындардың бір бөлігін өтеу үшін облыс әкімінің қол­дауымен 298 шаруашылық пен ша­руа қожалығына 698 млн теңге субсидия берілген. «Биыл да осын­дай мал азығын дайындаушыларға 400 млн теңге субсидия бөлініп отыр. Дегенмен бұл қаражат мы­надай құрғақшылық мезгілде ірі сабақты мал азығын дайындауға кеткен шаруашылықтардың шы­ғындарын өтеуге жетпейтіндіктен, қосымша 400 млн теңге қаражат жергілікті бюджеттен бөлуге қыр­күйек айындағы мәслихат сессия­сына ұсыныс беріліп отыр», – дейді басқарма басшысы.
Атырау өңірін түгелдей тақыр дала деп айтуға болмайды. Ай­талық, Қызылқоға, Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандарының сайын даласында көктем-жаз ай­ларында көз қуантар көк шалғын болады. Алайда жаздың аптап ыс­тығы өз үстемдігін жүргізіп, шөп­тер қурап, тіпті өрт шалу оқиғалары болып тұрады. Жергілікті тұрғындар «Қураған тақыр далалы» Исатай ауданы басқа өңірлермен салыстырғанда өндірістік аймақ болғандықтан, жайылымдық жерлері шөлейтті болып келеді. Соған қарамастан биыл Нарын құмы өңірінде жаң­быр түсіміне қарай шөп жылдағыға қарағанда жақсы шыққан. Сон­дықтан ол жердегі шаруа қожа­лықтарының несібесі артып, қыс­қы мал азығын өздері дайындап алудың қамына кіріскен. Исатай ауданында 293 шаруа қожалығы тіркелген. Ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің кө­лемі 4,5 млрд теңгені құрап отыр. Жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары бойынша мал қыс­тағына қажетті 78,1 мың тонна пі­шеннің 74,5 мың тоннасы қазір дайындалып жатыр. Өткен жылдан қалған 3,6 мың тонна мал азығы бар. Мал азығының 60 пайызы көр­шілес Батыс Қазақстан облы­сы­нан 1 рулоны – 9-12 мың теңге­ден және Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан 1 рулон шөп бағасы 8-9 мың мал азығы тасымалданып, 40 пайызы ауданның аумағында құм өңірі мен теңіз жағасында дайындалады. Теңіз жағалауынан дайындалған пішен бағасы 3 500- 4 500 теңге аралығында шабындық басынан сатылады, ал елді ме­кендерге қашықтығына байла­ныс­ты 5 және 7 мың теңге ара­лы­ғында жеткізіп беріледі. Ауданның 35 пайыз төрт түлік малы Нарын құмы өңірінде орна­ласқан. Биылғы көктемгі мезгілде жауын-шашынның жерге мол тү­суінен құм өңірінде мал азығы жыл­дағыдан жақсы деңгейде. Қыс­­қы мал азығына да сол өңірден қыркүйек айының басынан бері шабу жұмыстары басталды. Қалған 65 пайыз төрт түлік мал қатқылда тіркелген. Бұл өңірдегі малдың бір бөлігі Каспий теңізі жағалауында, енді бір бөлігі аудан аумағында, канал жағасында жа­йылады. Сайып келгенде, ауыл ша­руашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ирзағалиевтың «Нарын құмы аумағы малдың жайылымдық жеріне құтты мекен» деуінде негіз бар. Сол құтты баға­лауды біле алғандар ғана нәсібін мал бағудан көріп отыр. Айтарлығы есептік мерзімде 734,6 гектар лимандық алқаптарға (көлтабандар) 15 шаруа қожалығы суару-суландыру жүйелерінен су шығару арқылы табиғи шабын­дықтарды пайдаланып, мал азық­тарын дайындау жұмыстарын да бастап кетті. Үкімет тарапынан ка­­нал­дардан су алғаны үшін кеткен шығынның 85 пайызына дейін тө­леу қарастырылған. Қазір ша­руа­­лар жеңілдікті пайдаланып отыр. Биылғы аптап жаздың мінезін көрген шаруалар мал азығын жет­кілікті дайындап алуға асығады. Тіпті, аудан аумағында жепшөппен қамту мәселесін ұйымдастыру үшін арнайы штаб та құрылған. Жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» тасымалы арқылы ауданға 300 тоннадан астам жем түрі жеткізілген. Қалған бөлігі авто­көлік арқылы тасымалданған. Аудандағы 10 аралас дүкендерде 80 тонна, қоймалары бар шаруа қо­жалықтарында 110 тонна жем тү­рі­нің қоры бар. Сұранысқа ие ке­бек жемінің орташа бағасы 1 келісі 95-105 теңге аралығында сатылады.

Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыстату, қо­­ныстану шаруашылықтар мен жеке малшы­лар арасында талас-тартыс туғы­затын. Қазір осы жерлердің көп­шілігі бос жатыр, пайдаланыл­майды. Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайы­лымдық алқаптарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және эко­логиялық, антропогендік фактор­лар әсерінен болып отыр.

  Сондай-ақ жергілікті кәсіпкер Жанбай ауылының дүкендеріне ке­бек жемін көтерме бағамен 1 ке­лісі 90 теңгеден жеткізіп, дүкен­дер­ден 100 теңгеге дейінгі бағамен са­ты­лады. Оған қосымша Исатай, Зи­не­ден ауылдық округтерінде ке­бек же­мінің 1 келісін 90 теңгеден сатқан. Атырау облыстық Ауыл ша­руашылығы басқармасының бас­шысы Амангелді Сағидолла­ұлы­ның айтуынша, шабындық тап­шылығы Жылыой ауданында да байқалып отыр. Бүгінде аудан бойынша 39 862 тонна ірі сабақты мал азығы да­йындалды. Бұл мал қыстатуға қа­жетті шөптің әзірге 76,5 пайызын құрайды.

МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ҚЫМБАТҚА ТҮСПЕК

2021 жылы аудан арқылы аға­тын Жем өзені суының мөлшері жылдағы көлемінен өте аз болып, ауданға қарасты мал азығын да­йындайтын көлдерге су жайылмай, жаз айларының ыстық болуына байланысты ірі сабақты мал азы­ғын дайындау шаруа қожалық­тарына қосымша қиындықтар туғызып отыр. Осыған байланысты кейбір шаруашылықтар көршілес Қызылқоға, Байғанин, Қобда ау­дан­дарынан мал азығын дайындап жатыр. Қызылқоға ауданынан 20 мың гектар шабындыққа жер бөлініп, 8 шаруа қожалығы шөп шауып, та­сымалдап жатыр. Сонымен қатар Қобды ауда­нынан 1,8 мың гектар жер бөлініп, 2 шаруа қожалығы шөп шабу жұ­мыстарын жүргізеді. Жеке кә­сіпкерлер Байғанин, Ойыл, Темір, Қобды аудандарынан сатып алып, аудан тұрғындарына 1 руллонды 11-13 мың теңгеден, 1 түкті 1 000-1 200 теңгеден сатады. Төрт-түлік малға қажетті ірі сабақты мал азығын дайындау қа­зан айына дейін жалғаса беретіні сөзсіз. Зерделеп көрсек, мал азы­ғының қымбаттауы ет бағасының шарықтап кетуіне себеп болып тұр. Атыраудың көтерме базарында жылқы етінің 1 келісі – 2 500, сиыр еті – 1 950 теңге, қой еті 2 100-2 300 теңгеден. Еттен өзгені тағам көр­мейтін тұрғындар амалы жоқ­тан етті сатып алуға мәжбүр. Ал жемшөп бағасын тұрақтандырмай, ет бағасы да тұрақталмайтыны сөзсіз.
Үйінде сиыры мен қойы бар отбасылар үшін қысқа мал азығы қорын дайындау өте қымбатқа түс­келі тұр. Айталық, исатайлық тұр­ғын Жантемір Ізбасардың жем-шөп дайындап алатын дәрмені де, ақшасы да жоқ. Сондықтан ірі қара малды сойып, ақша етіп, ұсақ мал­ды қыстан аман алып шығуға белді бекем буып отыр. «Ірі қара малды ұстау қиын. Жылқыларымыз жоға­лып, түйеміз өрістен келмей қи­налып кетеміз. Биыл мал азығы қым­баттады. Ірі қара малды со­йып, қой-ешкілерге жем алып, жан сақтамасақ болмайды. Аудан көлемінде жайылымдық жер жоқ. Биыл, тіпті жауын болмады. Отба­сын асырау үшін, құнарлы тағам же­йік деп баққан малдарымыз арық­тамай тұрғанда пұл болғаны жөн», – дейді шарасыздықтан Ж.Ізбасар.
Қуаншылықты өңір тұрғын­дарының басты проблемасы – шалғыға ілігетін шөптің болмауы. Дегенмен бұл мәселені жергі­лікті жұртшылық қолдан жасап отырғандай. Айталық, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ирзағалиевтың айтуын­ша, облыс аумағының 80 пайызы жайылымдылық және шабындық жерлер. Бұл ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті.
«Кейінгі жылдардағы дерек бойынша, облыстағы барлық са­наттағы құрылым мен қосалқы ша­руашылықтар аталған алқап­тардың 35-40 пайызын пайдала­нуда. Олардың көп бөлігі құмды және сазды жерлерге, шөл және шөлейт аймақта орналасқан. Әсі­ресе, Нарын бойындағы жерлердегі мал жайылымдары ежелден бері мал жаюға құтты мекен болып келген. Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыстату, қоныстану шаруашылықтар мен жеке малшы­лар арасында талас-тартыс туғы­затын. Қазір осы жерлердің көп­шілігі бос жатыр, пайдаланыл­майды. Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайы­лымдық алқаптарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және эко­логиялық, антропогендік фактор­лар әсерінен болып отыр. Кейбір шаруа қожалықтары мал­дарын шалғай, құнарлы жа­йы­лымдарға шығаруға көңіл бөл­мейді. Бүгінде заманауи мал ша­руа­шылығын қарқынды дамыту үрдісінде ежелгі бабалар әдісінің ескерілмеуі өкінішті. Ал қысы-жазы бір орында отырғандықтан, жер тозып, мал азықтық өсімдіктің түрі азайып, жайылымдар шаруа­шылық айналымынан шығып, жап­пай эрозияға ұшырап жатыр», – дейді ғалым.
«Дина» базарында ет қымбат­шылығына байланысты пікірта­лас­қа қатысқан Нұрмұхан Қис­метовтің де пікірі ғалымның пайы­мымен үндесіп тұр.
«Біз 80-жылдары ірі қара мал ұстадық. Әкеміз малды жауын мо­лырақ жауған Нарын құмы аума­ғына өріске жайғызатын. Сол кез­дегі малдың етінің дәмі бөлек. Сол малдың сүті мен ірімшігіндей тағамды азық етпегелі көп болды. Қазіргі шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар малын көз ұшынан ұзатпай отыр. Соның кесірінен то­пырақ тозады. Менің жеке пі­кірім, малдың арықтығы, еттің қым­баттауы секілді проблеманың бастауы, кейінгі мал ұстаған жан­дардың ата-бабалардың жерді пай­далану тәсілін меңгерме­гені­нен», – дейді Н.Қисметов.
Бұған ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен шаруа қожалықтары иелері де еш уәж айта алмасы анық. Күні ертең қазан айы туады. Бүгінде жауын-шашыны мен құ­йынды топырағы аспанға көте­рі­ліп, есті алып тұрған Атырау өңірі­нің төрт түлік малының азығы арты­ғымен дайын болмаса, келер жылдың көктеміне дейін мал кө­терем болары сөзсіз. Сондықтан қазір өңірде мал азығын дайын­дауда жанталас болуы заңдылық. Жанталастың алдын алудың бір жолын мал ұстаған малшы мен ғалым айтып тұрғанда, соны іске асыру қиын болмас...

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы