"Бла, бла, бла": экобелсенді әлем көшбасшыларын айыптады
"Бла, бла, бла": экобелсенді әлем көшбасшыларын айыптады
Грета Тунберг, Youth4Climate саммитінде. Видео скриншоты
273
оқылды

18 жастағы швециялық белсенді Грета Тунберг АҚШ президенті Джо Байден мен Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсонның және барлық әлемдік көшбасшының климат туралы сөзін "бос сөз" деп айыптады. Оған шенеуніктердің климат мәселелерін шешуге қатысты берген уәдесі себеп.

Бұл туралы Грета Тунберг Миланда өткен Youth4Climate саммитінде айтты. Желіде Грета Тунберг спичінің тек көшбасшыларды мазақ қылған үзіндісі тарады. Алайда толық видеода белсенді көшбасшыларды айыптап қоймай, бос уәденің, уақытында әрекетке көшпегеннің кесірінен экологияның күннен-күнге нашарлап жатқанын айтты. Белсендінің пікірінше, биліктегі азаматтар экология мәселесін шешуде бос сөзден басқа ештеңе істеп жатқан жоқ. Белсенді экологияны сақтау үшін инновацияны пайдалану, ынтымақтастық және климаттың өзгеруіне қарсы күресте мықты ерік-жігер керек екенін айтты.

"Бла бла бла, мұндай сөздерді біз көшбасшылардан жиі естиміз. Керемет естіледі, бірақ әлі іске аспады. Біздің (экологияны қорғаймыз деген) үмітіміз бен амбициямыз олардың бос уәдесіне батып кетіп жатыр", – деп ашуланды Грета Тунберг.

Белсендінің айтуынша, әлем көшбасшылары 30 жыл бойы бос сөйлегендіктен бүгінге дейін климат мәселесі шешілген жоқ. Экология нашарлады. Енді мәселені ушықтырмау үшін бүкіл әлем бойынша қалдық көлемін азайту керек.

"БҰҰ-ның мәліметінше, көміртегі қалдығының көлемі 2030 жылға қарай 16%-ға артады. Сондықтан жаһандық жылынуды ұстап тұру үшін шығын көлемін екі есе азайту керек", – деді 18 жастағы швециялық белсенді.

Айта кетейік, Қазақстанда да экология жағдайы мәз емес. Сенат депутаты Андрей Лукиннің айтуынша, кейінгі екі жылда ел аумағында атмосфераның аса қатты ластанғаны туралы 1296 факт және су айдындарының ластанғаны туралы 934 факт тіркелді.

"Жыл сайын елімізде 150 млн тоннаға дейін қалдық шығарылады. Бірақ оның тек 25%-ы (37,5 млн тонна) қайта өңделеді және залалсызданады. Қалған өңделмеген, залалсызданбаған қалдық қоршаған ортаға тасталады. Мұндай қалдықтарды заңсыз көміп тастау фактілері Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Шымкентте тіркелді", – деді депутат.

Оның пікірінше, Қазақстанның экологиясы қиын кезеңде тұр. Егер жағдай өзгермесе, елдегі флора мен фауна қайғылы жағдайға ұшырайды. Еске сала кетейік, қыркүйекте энергетик Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылып, оның орнына мұнай-газ саласында тәжірибесі мол тағы бір энергетик Серікқали Брекешев тағайындалды.